Бүгін футбол қайта оралды: бундеслига бастады. Ура! (видео)
ДОРТМУНД. 16 мамыр. Бүгін Германияның бундеслигасы үзіліп қалған чемпионатты қайта жалғастырып, 26-турдың ойындарын өткізді. Бұл туралы Eurosport хабарлады.
Дортмундтың «Боруссиясы» өз алаңында «Шальке-04» командасын қабылдап, қарсыластар қақпасына жауапсыз 4 гол соқты.
Матчтың есебін 29-минутта норвегтің жас шабуылшысы Эрлинг Холанн ашты. Ол Торган Азардың берген добын торға дәл бағыттай білді.
Бұдан кейін 45-минутта меймандар дарбазашысы Маркус Шуберттің қателігін Рафаэл Геррейру жақсы пайдаланып кетті.
Екінші таймда Торган Азардың өзі мергендігімен көзге түсті. Эденнің інісі 48-минутта таблодағы есепті 3:0-ге жеткізді. Ал соңғы нүктені 63-минутта қорғаушы Геррейру қойып, кездесуде дубль жасады.
Тур сенсация да әкелмей тұрмады. Мысалы «Лейпциг» өз алаңында «Фрайбургті» ұта алмады. Ал «Хоффенхайм» өз алаңында «Гертадан» ірі есеппен ұтылып қалды.
Бұл күні өткен ойындарда мынадай есептер тіркелді: «Хоффенхайм» – «Герта» 0:3, «Аугсбург» – «Вольфсбург» 1:2, «Лейпциг» – «Фрайбург» 1:1, «Фортуна» – «Падерборн» 0:0.
Кездесулердің бәрі жанкүйерсіз, бос стадиондарда өтті.
Енді түнде «Айнтрахт» – «Боруссия» (Мюнхен) арасында кездесу болады.
Осылайша бундеслига Еуропаның топ-5-тігі арасында коронавирус пандемиясына байланысты үзіліс алған чемпионатты бірінші болып қалпына келтірді.
Бұдан бұрын Франция чемпионатты мерзімінен ерте аяқтаған болатын. Сол кезге дейін топ басында тұрған «Пари Сен-Жермен» чемпион болып танылды.