Қызылордада үйсіз отбасы баспаналы болды
ҚЫЗЫЛОРДА. 16 мамыр. Халықаралық отбасы күні қарсаңында көп балалы үйсіз отбасыға пәтер берілді. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлады.
Облыс басшысы Гүлшара Әбдіқалықова бұған дейін бір көшпелі вагонды баспана ретінде паналап келген 4 балалы ана Гүлнар Қалибаеваға пәтер кілтін табыс етіп, отбасын көл-көсір қуанышқа бөледі.
Гүлнар бұдан біраз жылдар бұрын отағасынан айрылып, 4 баламен жесір қалған екен. Олардың сол кезде де тұрақты баспанасы болмапты. Содан бері асыраушысынан айырылған отбасы пәтер жалдап тұрып келген. Кейінгі кездері оған мүмкіндіктері болмаған соң шарасыздықтан вагонды паналаған. Олардың жайы туралы жергілікті журналистер бірнеше рет мәселе көтеріпті. Қайырымды жандар әлеуметтік желіде де бұл жайында баяндаған.
«Осы жағдайдан кейін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың тапсырмасымен бұл отбасы әлеуметтік қолдау орталығына уақытша орналастырылған болатын. Ал кеше тұрақты да жайлы баспананың кілтіне ие болды», – деді әкімдіктің баспасөз қызметі
Отбасы мерекесі қарсаңында баспана алу бақытына қол жеткізген Гүлнар мен балалары облыс әкіміне шексіз алғыстарын білдірді.