Жамбыл облысының әкімі Қордай өңіріне сапармен барды
ҚОРДАЙ. 16 мамыр. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев кеше Қордай ауданына жұмыс сапарымен барып, онда жүзеге асырылып жатқан жобалардың жайымен танысты. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлады.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, Қордай ауданында қазіргі таңда жергілікті тұрғындардың тұрмысын жақсартуға бағытталған, жалпы сомасы 20 млрд теңгеден асатын 387 жоба жүзеге асырылып жатыр.
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев аудандағы екі күнге жоспарланған жұмыс сапары барысында аталған жобалардың орындалу жайымен танысып, олардың сапасына назар аударды.
Белгілі халық ақыны, әнші-композитор Кенен Әзірбаевтың туған жері – «Кенен» ауылына келгенде аймақ басшысы мұндағы өзекті мәселелерге көбірек ден қойды. Соның бірі – таза ауыз судың тапшылығы. Бүгінде бұл проблеманы шешу мақсатында 132 миллион теңгенің 16 шақырымдық су құбыры тартылуда. Оның ішінде 3 шақырым сыртқы су өткізгіш және 13 шақырым ішкі желілер бар. Осы күндері 9 шақырымдық құбыр тарту жұмысы аяқталған.
Ауылдағы отбасылық-дәрігерлік амбулаторияда 20 келушіге 1 дәрігер мен 8 медбике қызмет көрсетеді. Жастардың Алматы қаласына көптеп кетуіне байланысты «Кененде» туу көрсеткіші төмендеген. Сол сияқты 600 орындық Е.Қашағанов атындағы №42 мектепте бүгінде тек 509 оқушы білім алуда. Оқу ордасы жаңа, 2014 жылы пайдалануға берілген. Өткен жылдың қорытындысы бойынша мектепің 2 түлегі «Алтын белгіге» ие болса, биыл 4 біруші үміткер атануда. Аймақ басшысы кабинеттерді аралап, 100 орындық асхана, 28 ноутбук және жоғары интернетпен қамтылған кітапханамен танысты.
«Балалардың бойына ұлттық салт-дәстүр мен құндылықтарды сіңіріп, рухани және адамгершілік тұрғысында тәрбиелеуге ерекше назар аудару қажет. Әсіресе, Кенен секілді ұлы тұлға туған ауыл бұған айрықша ден қоя білгені дұрыс», – деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.
Жергілікті тұрғындармен кездесу барысында облыс әкімі ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі шешіліп жатқанын, көшелерді жөндеу, жарықтандыру жұмыстары жалғастырылатынын атап өтті. Бес ауыл газдандырылып, шағын су қоймалары салынбақ. Аймақ басшысы көпшіліктің әйгілі Аңырақай шайқасының орнына мемориалдық кешен салу туралы ұсынысын қолдайтынын айтты. Ол сондай-ақ кенендіктерді мемлекеттік бағдарламаларға белсенді қатысуға, бастамашылық пен іскерлік танытуға шақырды.
Облыс әкімі биологиялық қауіпсіздік мәселелерін ғылыми-зерттеу институтына да арнайы ат басын бұрды. Коронавирус пандемиясымен күрестің қазіргі жағдайында стратегиялық режімдік объектінің жұмысы ерекше маңызға ие. Ғалымдар денсаулық сақтау және ветеринария саласындағы түрлі инфекциялармен күреске зор үлес қосып келеді, жыл сайын қауіпті және аса қауіпті инфекцияларға қарсы 27 миллионнан астам екпе жеткізеді. Олар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен, АҚШ аурулардың алдын алу және бақылау орталығымен, Халықаралық Вена университетімен және басқа да беделді ұйымдармен тығыз байланыста жұмыс істейді. Зерттеу институты шетелдік аналогтармен салыстырғанда 3есе арзан болатын нодулярлық дерматитке қарсы вакцинаны әзірледі. Оны енгізу нәтижесінде республикалық бюджеттің үнемделуі 2 миллиард теңгені құрады. Институт өз өнімдерін өнеркәсіптік ауқымда өндірсе, көп пайда әкелетін еді, сондықтан жылына вакциналардың 60 миллион дозасына дейін қуаттылығымен иммунобиологиялық препараттар шығаратын биофармацевтикалық зауыт салу қажеттілігі туындауда. Аталған жоба құны – 3,5 миллиард теңге. Жаңа өндірісті іске қосу үшін қажетті жоғары білікті кадрлар, микроорганизмдердің қауіпті және аса қауіпті штаммдарының бірегей коллекциясы, ғылыми инфрақұрылым, зияткерлік меншік секілді жағдайлар жеткілікті. Сонымен қатар, ғалымдар бүгінде коронавирусқа қарсы вакцина дайындаумен айналысуда.
«Қазақстан Президентінің осындай ғылыми орталықтарды қолдау туралы тапсырмасы бар. Соңғы оқиғалар халықтың қауіпсіздігі мен денсаулығы мәселесін ғана емес, олардың қаншалықты маңызды екенін де көрсетті. Сіздердің жұмыстарыңыз ел экономикасының дамуына үлкен үлес қосады, кез келген уақытта туындауы мүмкін әртүрлі пандемия зардаптарын азайтады. Әлем жаһандануда және қысқаруда, адамдар аурудың ешкімді аямайтынын түсінді. Бұл жағдайда Қазақстан жаһандық сын-қатерлерге жедел жауап бере алатын өзіндік ғылыми орталықтардың жүйесін құруға тиіс. Облыстық билік зауыттың құрылысына міндетті түрде қолдау көрсетеді. Мәселе мұқият, жан-жақты пысықтауды талап етеді, бірақ ол міндетті түрде оң шешімін табады», – деді Бердібек Машбекұлы.
«Отар» ауылындағы №41 мектепке барған облыс әкімі 1979 жылдан бері жөндеу көрмеген білім ошағына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге көмектесуге уәде берді. Ол 5 мыңнан астам тұрғыны бар ауылдың өз мәдениет үйінің жоқтығына қынжылыс танытты.
«Біз міндетті түрде мұнда мәдениет үйін салуымыз керек», – деді аймақ басшысы.
Биылғы жылы Қордай ауданындағы жолдарды жөндеуге және салуға жергілікті бюджеттен 1 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп, 352 шақырымнан астам жол қалпына келтіріледі. Кейбір орташа жөндеу жұмыстары аяқталған. Атап айтқанда, «Мұзбел» ауылына кіре берістегі жолдың екі километрлік бөлігі пайдалануға беріліп үлгерілген.
Облыс әкімі тапсырыс берушіден, аудандық әкімдіктің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі тарапынан тиісті зертханаларды тарта отырып, асфальт сапасын мұқият тексеруді талап етті. Тек содан кейін ғана нысанды қабылдау-тапсыру актісіне қол қойылады.
«Ең бастысы – бұл сапа, жол тұрғындарға тек бір жыл ғана қызмет көрсетумен шектелмейді», – деді аймақ басшысы. Ол сонымен қатар бұл туралы жобалық құны 197 миллион теңгені құрайтын «Алға – Көкадыр» автожолының 9 шақырымына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер «АрсикоСтройИнвест» ЖШС-не де ескертті.
Облыс әкімі сонымен қатар тәулігіне 1000 тоннаға дейін құрылыс материалдарын шығаратын жақын маңдағы кәсіпорын бетондыасфальт зауытында да болды. Өндіріс орны тапсырыс болса бұдан да көп өнім мөлшерін беруге қауқарлы. Жылына 1500 тонна гранит шығаруға қуатты «Техногранит-KZ» ЖШС-де де тапсырыс бойынша қиындықтар кездесуде. Сондай-ақ, компанияда заманауи қондырғылармен жұмыс істей алатын білікті мамандар тапшы.
Бердібек Сапарбаев «Қалғұты» ауылында жаңа мектептің құрылыс жұмыстары өте баяу жүргізіліп жатқанын қатты сынға алды. Жұмыстың бар-жоғы 21 пайызы ғана аяқталған. Құрылыс белгіленген мерзімде тапсырылуы керек. Әкім мектеп құрылысының жаңа оқу жылының басында дайын болуын қатаң талап етіп, құрылыс жұмыстарының сапалы жүргізілу керектігін ескертті. Балалар ыңғайлы, заманауи және сапалы білім ошағында оқуы керек.
Облыс әкімі бұдан әрі «Әлжан ана» ауылында «Самұрық-Қазына Траст» қорының қаражаты есебінен жүргізілетін дене шынықтыру-сауықтыру кешені құрылысының жобасымен танысты. Ауылдағы №23 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде, оған 40 адам тартылған.
Бердібек Сапарбаев бүгін өзінің Қордай ауданына жұмыс сапарының екінші күнінде «Масаншы», «Қаракамер» және «Ауқатты» ауылдарын аралап, ондағы әлеуметтік нысандардың құрылысымен, жол инфрақұрылымымен танысып, жергілікті тұрғындармен кездесулер өткізетін болады.