Абаев пен Балаева бір ауылдан болып шықты
АСТАНА. 4 мамыр. Бүгін жаңа қызмет алған Дәурен Абаев пен Аида Балаева бір ауылда туып-өскен туыстар болып шықты. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Бұған дейін Ақпарат және қоғамдық даму министрі қызметін атқарған Дәурен Әскербекұлы Абаев Мемлекет басшысының Жарлығымен Президент әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары болып тағайындалды. Ол бүгін алдымен Сенат депутаты болып тағайындалып, артынша Сенат спикері болып сайланған Мәулен Әшімбаевтың орнына барды.
Дәурен Абаев 1979 жылы 18 сәуірде Алматы облысы Жамбыл ауданының «Жамбыл» ауылында туған. 2001 жылы Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университитетін, 2006 жылы Нидерландтағы Лейден университетін, 2014 жылы Астанадағы Еуразия университетін бітірген. Алған мамандықтары еш жерде нақты атап көрсетілмеген.
2016 жылғы 6 мамырда Ақпарат және коммуникация министрі, 2019 жылғы 25 ақпанда Ақпарат және қоғамдық даму министрі болып тағайындалды.
Бұған дейін Президенттің көмекшісі – Президент әкімшілігінің үндеулерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарған Аида Ғалымқызы Балаева Ақпарат және қоғамдық даму министрі болып тағайындалды.
Аида Балаева 1974 жылы 4 шілдеде Алматы облысы Жамбыл ауданының «Жамбыл» ауылында туған. 2000 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік қазақ университетін, 2007 жыды Қазақ ұлттық аграрлық университетін бітірген. 2010 жылы әлеуметтік ғылымдардың кандидаты атағын алған. Мамандықтары – орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, заңгер.
2008-2010 жылдары Астана қаласы ішкі саясат департаментінің директоры, ішкі саясат басқармасының бастығы, 2010 жылғы ақпаннан 2014 жылғы желтоқсанға дейін Астана қаласы әкімінің орынбасары, 2014 жылғы 30 желтоқсаннан 2019 жылғы шілдеге дейін Президент әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, ал 2019 жылғы 22 шілдеден Президенттің көмекшісі – Президент әкімшілігінің үндеулерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі болды.
Сөйтіп, ауылдастар бірінің орнын бірі басты. Бір ауылдан екі министр шықты. Екеуі де ақпарат саласының егесі болды.