АймақЖаңалықтар жаңғырығы

Қазақстан тарапы тасқын шығынын есептеп шығарды

ТАШКЕНТ. 4 мамыр. Қазақстан тарапы Мақтааралдағы тасқынның шығынын алдын ала есептеп шығарды. Бұл туралы өзбектің Podrobno.uz сайты хабарлады.

«Қазақстанда Сардоба су қоймасы тоғанының бұзылып кетуінен келген зардаптардың шығындары алдын ала есептелді. Ол 404 миллион теңгені (955 мың доллар) құрап отыр», – деді Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Тұрғанбек Оспанов.

Оның айтуынша, 3601 гектар егістік алқап судың астында қалған. Аудандағы көбірек зардап шеккен елді мекендер қатарында «Жеңіс», «Жаңа тұрмыс» және «Жантақсай» ауылдары, Жаңа жол және Еңбекші ауылдық округтары бар. Анықталғандай, су астында қалған жерлердің 85 пайызы мақталық болса, қалған аумағына жоңышқа мен жүгері себілген екен.

«Қазіргі таңда су басып қалған жыртылған жер мен миал щығынын түгендеуді 95 маман жүргізіп жатыр. Қазір Мақтаарал ауданындағы айдалған жер мен малдың басын толық есептеп шығудың мүмкіндігі бұрынғысынша аз. Нақпа-нақ шығын мен оның көлемін анықтау жұмыстары бұдан әрі жалғаса береді», – деді Тұрғанбек Оспанов.

2 мамыр күні Мақтаарал ауданының су түскен елді мекендерінен 31 606 адам басқа жаққа көшірілді. 4 мамырдағы мәлімет бойынша, 631 үй судың астында қалған, олардың 250-і – «Фердоусиден», 194-і – «Өргебастан», 130-ы – «Жеңістен», 46-сы «Жаңа тұрмыстан», 11-і – «Достықтан».

Сондай-ақ Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев пен «Казводхоз» ЖШС-ның жауапты мамандарының Мақтаарал ауданындағы тасқын сулы жағдайды реттеу үшін Өзбекстанның Сырдария облысына аттанғаны да белгілі болып отыр.

Соңғы сәттерде 17 мың тұрғынның үйлеріне қайтып оралғандары анықталды. Олар аудан орталығы – Мырзакент кенті мен «Ақжол» ауылының тұрғындары екен. Облыстық төтенше жағдайлар штабы аталған елді мекендерде тасқын судан келетін қауіптің жоқтығын анықтаған. Ал қалған ауылдардың тұрғындары қауіп толық сейілгенше уақытша эвакуациялық бекеттерде болады.

Қазір ауданда су басуы ықтимал ауылдардың жанынан тоғандар тұрғызылуда.

Бүгін Премьер-министр Асқар Маминнің өкімімен Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы елді мекендерді су басу салдарын жою жөніндегі Үкімет комиссиясы құрылды.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button