Ким Чен Ын 20 күннен соң ел алдына шықты
ПХЕНЬЯН. 2 мамыр. КХДР көшбасшысы Ким Чен Ын 20 күндік үзілістен соң қайтадан ел алдына шықты. Бұл туралы осы елдің ЦТАК агенттігіне сілтеме жасаған Lenta.ru хабарлады.
«Солтүстіккореялық лидер Ким Чен Ын ұзақ уақыттан кейін видеодан көрінді. Сурет кадрлары Кореяның Орталық телеграф агенттігінде (ЦТАК) жарияланды», – делінген хабарламада.
Видеода Ким Чен Ынның жаңа зауыттың ашылуына қатысып, шенеуніктермен сөйлесіп тұрғаны көрінеді. Адамдардың ешқайсысында тұмылдырық жоқ.
Бұл түсінікті де. Аталмыш ел күллі Азиядағы коронавирус дерегі шықпаған жалғыз мемлекет болып отыр.
Деректер лидердің 1 мамыр күні Сунчхон қаласында ашылған тыңайтқыш өндіретін зауыттың ашылуына барғанын білдіреді. Суретте оның көңіл күйі көтеріңкі, сергек екені байқалады.
Айта кетейік, Ким Чен 12 сәуірден кейін жұрт алдына шыққан жоқ. Ол бұдан кейін, 15 сәуірде туған атасы Ким Ир Сеннің туған күнін тойлау рәсіміне қатыспады.
Содан соң әлемге КХДР басшысының ауру екендігі, тіпті қайтыс болғаны туралы қауесет тарап кетті.