Жаңалықтар жаңғырығыҚайнар

Ким Чен Ын Владимир Путинді «ең жақын достым» деп атады

ПХЕНЬЯН. 31 желтоқсан. Солтүстік Кореяның узурпаторы Ким Чен Ын Ресейдің диктаторы Владимир Путинді ең жақын досы санайтынын мәлімдеді. Бұл туралы DW ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

КХДР көсемі Кремль тағының иегерін Жаңа жылмен құттықтап, оған біраз тілектер тіледі, соның ішінде Украинамен соғыста жеңіп шығуына ниеттес екенін білдірді.

«Володя Путин – менің жалғандағы жалғыз жақын достым», – деп отыр ол.

Солтүстік Кореяның KCNA ақпарат агенттігі осы жайында тарқатып жазды. «Жолдас Ким Чен Ын өзінің ең жақын досы әрі серігі Путинді Жаңа жылмен жеке өзінің атынан, корей халқының және республика қарулы күштерінің барлық сарбаздары мен офицерлерінің атынан шын жүректен құттықтап, ыстық лебізін білдіріп, бауырлас орыс халқына, ержүрек орыс армиясының барлық әскери қызметшілеріне сәлем жолдады», – делінген хабарламада.

KCNA-ның хабарлауынша, Ким Чен Ын «2024 жылғы стратегиялық ынтымақтастық қарым-қатынастары,жаңа деңгейдегі достық қарым-қатынастар ретінде дәстүрлі корей-орыс достық қарым-қатынастарын дамытуға әкелетін маңызды жолды» еске алады. Ол Путинге 2025 жылы Ресей армиясы мен халқы «неонацистерді» жеңіп, ұлы жеңіске жететін 21 ғасырдағы соғыстағы жеңіс жылы болуын тілейді.

Кремль сайтында Ким Чен Ын Путин Жаңа жылмен құттықтаған мемлекет және үкімет басшыларының бірі ретінде көрсетілген. Бұл құттықтаудың нақты мәтіні жоқ. Кремльден құттықтау жеделхатын алғандардың қатарында Германияның бұрынғы канцлері Герхард Шрөдер де бар.

Маусым айында Путин Солтүстік Кореяға барып, Ким Чен Ынмен жан-жақты стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойды. Бұл құжат шын мәнінде елдер арасындағы әскери одақты біріктіреді. Келісімшарттың 4-бабына сәйкес, олар тараптардың біріне шабуыл жасалған жағдайда, екіншісі қолда бар барлық құралдармен әскери көмек көрсетуге міндеттенді.

Қазан айында Украина президенті Владимир Зеленский КХДР Ресейге көмектесу үшін өз сарбаздарын жібергенін айтқан. Бұл ақпаратты кейіннен Оңтүстік Кореяның барлау қызметі мен Пентагон растады. Киевтің мәліметінше, Солтүстік Корея Ресейге 12 мыңға дейін әскер жібере алады. Қараша айында АҚШ мемлекеттік департаменті олардың көпшілігі Курск аймағындағы соғыс қимылдарына қатысып жатқанын атап көрсетті. Сеулдің мәліметінше, Мәскеу Пхеньянға әрбір әскери қызметкер үшін 2 мың доллар төлейді, бұл  КХДР қарапайым еңбек адамының 83 жылдық жалақысына тең сома көрінеді.

Тирандар үшін адамның ешқандай құны жоқ екенін осы фактінің өзі анық көрсетеді. Бұған адам алатын жағы да, ақша алатын жағы да титтей бір қымсынып, қысылып, қиналып отырған жоқ. Ар мен ұят жайлы тіпті сөз қозғамай-ақ қояйық.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button