Ким Чен Ын Ресейдің Украинаға қарсы «әділетті соғысына» қолдау білдірді
ПХЕНЬЯН. 19 шілде. КХДР лидері Ким Чен Ын Ресейді мемлекеттердің егемендік құқығы мен қауіпсіздігін қорғау үшін Украинамен «әділ соғыс» жүргізіп жатыр деп мәлімдеді. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Солтүстік Корея елінің басшысы «әлемді қорғау үшін» Пхеньянның Мәскеумен тығыз топтаса түсетінін айтып сендірді.
Корея Орталық телеграф агенттігінің (КОТА) хабарлауынша, ол осыған байланысты енді Мәскеуге «үздіксіз қатты қолдау» көрсетіп, «КХДР үкіметі мен халқының берік ынтымақтастық танытатынын» баяндаған. Корей диктаторы мұны РФ қорғаныс министрінің орынбасары Алексей Криворучко бастап келген Ресей делегациясы алдында сөйлеген сөзінде айтты.
Солтүстік Корея компартиясы орталық комитетінің ғимаратында өткен келіссөз барысында КХДР лидері екі ел армиясының «берік топтасып, корей-орыс қарым-қатынасын жігерлене ынтыландыруы» және «өңірлік және ғаламдық бейбітшілікті, халықаралық әділдікті қорғауда маңызды рөл атқаруы тиіс» екенін атап өтті.
КОТА-ның мәліметінше, кездесуде Мәскеу мен Пхеньянның «өзара мүдделер қауіпсіздігін қорғауға қатысты» әскери саладағы бірлесе әрекет етуі жайы талқыланған. Бірақ оның бүге-шігесі толық айтылмайды.