Індет кезінде «өлген» әйел бір айдан соң тірілді
КИТО. 27 сәуір. Эквадордың жасы ұлғайған тұрғыны дәрігерлер «өлді» деген вердикт бергесін бір айдан кейін көзін ашып, өмірге қайта келді. Бұл туралы жергілікті «El Comercio» газеті жазды.
Биылғы жылдың 27 наурызы күні Альба Марури Гранда есімді 74 жастағы әйел ауа жетпей ауыра бастайды. Сол кезде дене қызуы 42 градусқа дейін барып, тыныс алуы тіпті қиындай түседі. Туыстары сосын оны Гуаякиль қаласындағы ауруханаға жеткізеді. Әйел мұнда келгесін бірден комаға кетеді. Сол күні кешке дәрігерлер пациентті «өлді» деген қорытындыға келіп, бұл жайында туыстарына хабарлайды.
Шын мәнінде медиктер өз пациенттерінің аттарын шатастырып алып, әйелдің отбасына басқа адамның мәйітін беріп жібереді. Ал Альбаның туған-туыстары елде пандемияға байланысты жарияланған төтенше жағдай аяқталғаннан кейін жер қойнына беретін болып, бір айға жуық уақыт белгісіз біреудің мүрдесін күзетіп отыра береді.
Бұл уақытта ауруханада жатқан Гранда болса, 24 сәуір күні өз-өзіне келіп, ауруханадағы медицина қызметкеріне сіңлісімен хабарласу үшін өзінің аты мен телефон нөмірін айтады.
Осыдан кейін госпитальда шын мәніндегі дүрлігіс басталады. Дәрігерлер алдымен Альбаның өзінен, сосын оның отбасынан кешірім сұрап, өздерінің қателіктерін мойындайды. «Біз олардың бұл күндері қандай жағдайды бастан кешкендерін, қандай жағдайда жұмыс істегендерін, мұнда ауру жұқтырғандар мен өлгендердің көптігінен қандай хаос болып кеткенін жақсы білеміз», – деді пациенттің жиені Лаура Морла.
Қазіргі күндері Альба Марури Гранда ауруханадан шығуға дайындалып жатыр.