Жаңалықтар жаңғырығыЖаһан

Беларусьте 150 мыңнан астам адам ВОЗ-ға шағым жазды

МИНСК. 12 сәуір. Беларусьтің 150 мыңнан аса адамы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына (ВОЗ) елде биліктің коронавирус пандемиясын толығымен жоққа шығарып, онымен күресуге жол бермей отырғанына шағымданып, хат жазды. Бұл туралы Lenta.ru хабарлады.

Хат иелері сондай-ақ өкіметтің инфекция жайындағы шынайы мәліметтерді тұрғындардан жасыратынын, тіпті пациенттер диагноздарының өзін бұрламалап жіберетінін жазған. Ал елдегі эпидемиологиялық ахуал күннен күнге қиындап барады. Мұны дәрігерлердің өздері айтып отыр, осыған қатысты ақпарлар ара-тұра жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында көрініп қалады.

Бірақ Беларусьта ештеңе өзгеріп жатқан жоқ, жұрт баяғы мамырақан тірліктерімен жүріп жатыр, ешқандай бұқаралық шарадан бас тартылған емес. «Сонымен бір мезгілде әлемде тұтас мемлекеттер өзін өзі оқшаулау режиміне көшіп кетті, жетекші мамандар COVID-2019-бен ауырған адамға алкогольдің ететін зиянды әсерін айтуда, ал Александр Лукашенко керісінше жұртты көбірек қыдырып, молырақ арақ ішуге шақырады», – делінген хатта. Авторлар осының ыңғайында елде шұғыл карантин енгізуді халықаралық ұйымнан сұрайды.

Расында белорус елінде бәрі тып-тыныш. Айналада ештеңе болып жатпағандай. «Естеріңізде болса, бізді бұрын егер ОРВИ, тұмау және басқалар тараса, далаға шығып, таза ауаны көбірек жұту, отырған бөлмені желдетіп тұру керектігіне үйрететін. Сондықтан мен қазір бізге оқшаулану, жабылу, жауып тастау деп кеңес беретіндерге түсінбеймін. Жұмыс істеу керек, бұрын біз солай ететінбіз, дәлірегі», – деп мәлімдеді Беларусь президенті.

Еуропаның көптеген елдеріне қарағанда, Беларусьтегі өмір салты пандемия басталғалы бері титтей өзгерген емес. Оқу орындары жұмыс істеп тұр, рас, мектептерде оқушыларға сабаққа қатысу-қатыспау еркіндігі берілген. Әлі күнге дейін көпшілікпен өтетін шаралар, соның ішінде футболдан ұлттық чемпионат тоқтатылған жоқ, шекаралар ашық тұр. Тек сырт жақтан келгендер ғана 14 күндік обсервациядан, яғни тексерілуден өтеді. Билік елге коронавирус келгенін жоққа шығармайды. Тек Лукашенконың айтуына қарағанда, денсаулық сақтау жүйесі бұған дайын болып шықты.

Ал ресми мәлімет қазіргі таңда бұл елде коронавирус инфекциясын жұқтырып алғандардың 2031 болғанын, соның 23-і қайтыс болғанын жеткізіп отыр.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button