Жаңалықтар жаңғырығыҚұқық

Дариға Назарбаева Лондон сотында жеңіп шықты

ЛОНДОН. 9 сәуір. Лондонның Жоғарғы соты 8 сәуірде «шығу төркіні белгісіз байлыққа алынған үш жылжымайтын мүлікті» бұғаттау ордерінің күшін жойды. Бұл туралы «Азаттық» хабарлады.

Нысанаға алынған үш қымбат үйдің бірінде Дариға Назарбаеваның Рахат Әлиевтен туған ұлы – Нұрәли Әлиев тұрып келген.

Сонымен бірге, Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Нұрәли Әлиевке тиесілі болуы мүмкін деген күдігі болған Ұлыбританияның қылмыспен күрес жөніндегі агенттігі бұл зәулім үйді бұғаттаған болатын. Құны 80 миллион фунт стерлинг (104 млн доллар) болатын жылжымайтын мүлік Нұрәли Әлиев пен оның шешесі Дариға Назарбаеваға қатысы бар оффшор компанияларының иелігінде болып шықты. Сондықтан Ұлыбритания құқық қорғау органдары олардан үйді қандай ақшаға алғанын түсіндіруді талап етті.

Алайда, сотта судья айыптаушы жақтың келтірген дәлелдері көңілінен шықпағасын судья Джастис Ланг үш ордердің де күшін жою жөнінде шешім қабылдады.

Негізінен, Ұлыбританияның қылмыспен күрес жөніндегі агенттігі Лондондағы екі зәулім үй мен пәтер Дариға Назарбаеваның бұрынғы күйеуі, Нұрәлидің әкесі марқұм Рахат Әлиевтің заңсыз ақшасына сатып алынғанын дәлелдеуге тырысқан екен. Бірақ оффшор компаниясын Рахат Әлиев ашты және мүлік сол компанияға тиесілі деген деректің растығына судья Лангтің көзі жетпеген.

Сот шешімінде мүліктің «экономика жағынан тәуелсіз» Дариға Назарбаеваға тиесілі болуы мүмкін екені айтылған.

Reuters агенттігі Дариға Назарбаева мен Нұрәли Әлиев өкілдерінің сөзінен үзінді келтірген. Сотта Назарбаеваның мүддесін қорғаған өкіл «Назарбаева толық ақталды» және «өз атына кір келтірмес үшін оның қатаң процедуралармен күресуіне тура келді» деп айтқан.

Ал Нұрәли Әлиев зерттеу кезінде «заң бұзушылықтар болғанын» айтып, істі «негізсіз» деп атаған. Оның сөзіне қарағанда, Ұлыбританияның қылмыспен күрес жөніндегі агенттігі «негізсіз шағымдар» түсіріп, оған және отбасына «тіл тигізген».

Соңында Ұлыбританияның қылмыспен күрес жөніндегі агенттігі шешімді апелляцияға беретінін айтқан.

Агенттік 2019 жылы мамыр айында ордер шығарып, жылжымайтын мүлікке уақытша тыйым салған.

Ұлыбритания билігі бұрынғы Кеңес Одағы құрамында болған елдерден шыққандардың күмәнді ақшаны заңдастыруына қарсы күресті 2018 жылы бастаған. Британия соты осы кезге дейін құны ондаған миллион фунт стерлинг тұратын мүлікті бұғаттаған. Алғашқы іс әзербайжан банкирі Джахангир Хаджиев пен әйелі Замира Хаджиеваның мүлкімен байланысты.

Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі Рахат Әлиевке Қазақстан соты «мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған», «адам ұрлаған», «қылмыстық топ құрған» деген айыптар бойынша сырттай ұзақ мерзімге түрмеге отыру жазасын кескен болатын. 2015 жылы ақпанда Вена түрмесіндегі бір кісілік камерада қамауда отырған Рахат өлі күйінде табылған еді.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button