Қайыршы қыз қалай аяқ астынан миллионер болып кетті?
МАНИЛА. 9 сәуір. Филиппин тұрғыны Рита Гавиола кенет аяқ астынан өзі де, өзге де күтпеген жағдайда байып, миллионер болып шыға келді. Бұл туралы Time газеті хабарлады.
Қайыршы қыздың басынан кешкен оқиғасы Күлқыздың тарихы ойдан шығарылған ертегі емес, ондай жағдайдың өмірде кездесетінін көрсетті. Осы үшін тек адам керекті уақытында керекті жерінде тұруы керек.
Газет жазғандай, 2003 жылы туған Рита 2016 жылы 13 жасында көшеде қайыр сұрап жүрген кезінде филиппиндік фотограф Топхер Куинто Бургостың назарына ілігіп қалады. Жасөспірім қыздың мүсіні мен келбеті ұнағасын фотограф оны бірнеше қырынан суретке түсіріп алады.
Ританың отбасы өте нашар тұратын еді. Оның әкесі күл-қоқыс жинаушы болып ақша тапса, анасы алты баласын бағып үйде отыратын. Балалардың бірде-бірі мектепке барған емес. Бұлардың үйлерінде тіске басар талғажу болмай қалатын кездер де жиі кездесетін. Сондықтан балалар көшеге қайыр сұрап кететін.
Ал табиғи келбеті көркем қызды рәсімге түсіріп алған фотограф көп ұзамай фотоны әлеуметтік желіге жариялайды. Міне, осы бір сурет қыздың, сонымен бірге оның отбасының тұрмыс-тіршілігін артынша күрт өзгертіп жіберді.
Қайыршы қыздың суреті сол бойда кең әлемді еркін шарлап кете барады. Ол заматында соншалықты танымал болып шыға келді. Суретті көрген жұрт қыздың сыртқы келбетіне таң қала қарасты. Суреттің аты «Баджо қызы» деп аталды. Ал «баджо» деген суреттегі қыз кіретін этникалық топтың аты еді. Бұл топты жұрт көшпелі теңізшілерден қалған «теңіз сығандары» деп те атайтын.
Осы суреттің арқасында Филипиннің сән салондары мен модель үйлері бірден қайыршы қызды іздеуге кірісіп кетті.
Қазіргі таңда жасы 17-ге толып отырған Рита Гавиола Филиппиндегі ең бай модельдердің қатарынан кіреді. Ол төрт жылдың ішінде көптеген миллион доллар ақша жинап үлгерген табыскер бойжеткенге айналды. Миллионер модельмен бірге, әлбетте, оның отбасы да қайыршылықтан біржола құтылды.