Жаңалықтар жаңғырығыОқиға

Теңдессіз жағдай: Чехияда президентке қолдау көрсеткен шерулер өтті

ПРАГА. 16 ақпан. Бүкіл Чехия елінде іс басындағы президент Петр Павелді қолдаған шаралар жүріп жатыр. Бұл туралы Dialog.ua ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

Чехияда демократия мен президент Петр Павелге қолдау көрсетудің кең ауқымды акциялары өтті, сондай-ақ қоғамда Украина үшін оқ-дәрі сатып алу бастамасына дем берушілер қатары артты.

«Винегрет» ресурсының хабарлауынша, 15 ақпан, жексенбі күні Чехияның жүздеген қалалары мен кенттері президент Петр Павел мен елдің демократиялық бағытын қолдаушылардың ауқымды алаңына айналған. Акцияны бұдан екі апта алдын Прагада мыңдаған адам қатысқан шеруге бастамашы болған «Демократия үшін миллион мезет» бірлестігі ұйымдастырған.

Бұл жолы демонстрация дүркірі Брнода, Пльзенде, Либерецте, Ческе-Будевицеде, Остравада және басқа да көптеген шаһарларда қанат жайды. Ұйымдастырушылардың мәліметі бойынша, акция 400-ге жуық елді мекенді қамтыған. Мыңдаған адам сыртқы істер министрі Петр Мацинкамен кикілжіңге келіп қалған президентке өздерінің ынтымақтас екендерін білдіру үшін жиналған.

Ұйымдастырушылар: «Біз словак пен венгердің сценарийлерін керек етпейміз, біз өзімізден толыққанды демократияны да, қоғамдық баспасөзді де алып қоюға көнбейміз, Мацинка мырза да, одан өзге ешкім де біздің елді өздеріне кепіл етіп алып қоя алмайды, біз Чехияның қауіпсіздігін, түйінді құндылықтар мен демократиялық институттарды президент Павелмен бірге қорғаймыз» деді.

«Рахмет, біз мұны істей аламыз» ұйымының белсендісі Гана Страшакова шерулердің бірінде тәуелсіз мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарын жойып жіберудің зардабы ауыр болатынын айтты.

Брнода «Брно – Украина үшін» бастамасының өкілі Давид Конечный: «Біз мұнда «орыс әлемінің» болғанын қаламаймыз» деді.

«Чехияда осы оқиғалардың қалқасында елдің сыртқы бастамаларын қолдау қарқын алып келеді», – деп жазды České noviny таблоиды.

Қаңтарда жүргізілген сауалдама ел азаматтарының 62 пайызы дерлік Украина үшін снарядтар сатып алу бағдарламасын жалғастыру керек екенін қолдаған.

Kantar CZ талдаушысы Павел Раноха оппозиционерлер арасында бұл бастаманы қолдаушылардың 100 пайызға жуықтайтынын айтты.

Тіпті биліктегі партиялар мен ANO қозғалысының кейбір жақтаушылары да бағдарламаны сақтап қалуды үндеді. Премьер-министр Андрей Бабиш бұған дейін оны тоқтатуға уәде еткен еді, бірақ Париждегі «Шешімділер коалициясы» кездесуінен кейін ол басқа елдерден қаржыландыру алған жағдайда оны жалғастыру мүмкіндігін беретінін айтты.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button