Зеленський Мәскеу мен Бакы текетіресінде Әлиевке қолдау білдірді

КИЕВ. 2 шілде. Украина президенті Володимир Зеленський Ресей мен Әзербайжан арасында соңғы күндері орын алған жанжал барысында Бакы жағына шықты. Бұл туралы DW ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Украина президенті бұған дейін Екатеринбургте ұсталған Әзербайжан азаматтары, ағайынды Сафаровтардың қазасына байланысты Ильхам Әлиевке көңіл айтып, оқыс оқиғаны «қасақана кісі өлтіру» деп атады.
1 шілде, сейсенбі күні Украина мен Әзербайжан президенттері Володимир Зеленський мен Ильхам Әлиев телефон арқылы сөйлескенде, Мәскеу мен Бакы арасындағы қарым-қатынастың шиеленісуін талқылады. «Ресей Әзербайжан азаматтарын мазақ қылып, Әзербайжан Республикасына қоқан-лоққы көрсетіп жатқанда мен Украина тарапынан нақты қолдау білдірдім», – деп жазды Зеленський Telegram-арнасында.
Украина президенті ағайынды Гусейн және Зияддин Сафаровтардың Екатеринбургте ұсталғаннан кейін қаза табуын «кісі өлтіру» деп атап, Әзербайжан президентіне Украина жұртшылығы атынан көңіл айтты. «Барлық фактілер анықталатынына сенімдімін. Ал әділдік керек», – деді саясаткер. «Әлиев Зеленськийге көңіл айтқаны үшін алғыс білдірді», деп хабарлады Әзербайжан президентінің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, Володимир Зеленський Ильхам Әлиевке Украинаға, оның аумақтық тұтастығына және халқына қолдау көрсеткені үшін, соның ішінде Әзербайжанның Украина азаматтарын Ираннан эвакуациялауға көрсеткен көмегі үшін алғыс білдірді. Президенттер сондай-ақ екіжақты қарым-қатынастарды, энергетика, гуманитарлық саладағы елдер арасындағы ынтымақтастықты талқылап, Бакыде экономикалық ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссияның отырысын өткізуге келісті.






