
Нұртас Исабаев… Жап-жас кезінде Мәскеудегі талайдың қолы жетпейтін Әдебиет институтын бітірді. Институт жанындағы Жоғары әдеби курсты емес, әйгілі оқу орнының нақ өзін тәмамдаған санаулы қазақтың бірі. Тағдыр оған көп нәрсе берді. Алдымен талант берді. Оған қоса мәрт мінез берді. Бақ-берекет берді. Содан соң атан түйе қайысардай ауыр сынақ берді. Ақырында темірдей төзім, шарболаттай шыдам берді. Соның бәрінен мұқалмай аман-есен өтті ағамыз. Жас күнімізде, Алматыда тұрған кезімізде Нұрекеңнің үйіне жиі баратынбыз. Алабөтен бір жылылық бар-ды сол шаңырақта. Оған да көп уақыт өтті. Нұрекең әлі сол баяғы сырбаз әрі салиқалы қалпы. Күрсінгенін білдірмейді, көкірегін тілдірмейді, көрінгенге ілдірмейді. Сырын ашпайды, сөзін шашпайды. Сынын бұзбайды. Сондықтан ақынның өзі:
Өміріме шашып тағы нұр күн, ай.
Қуанам ба – білер оны бір құдай.
Ақ жаңбырдай жауған ұзақ тынымсыз,
Сол кез қайта келер ме еді, шіркін-ай! –
деп жырлағандай, Алатау баурайындағы алаңсыз күндерді сағынасың кейде…
* * *
Енді сол өткен дәуірге көз жіберіп көрелікші… Сексенінші жылдардың басында КазГУ-де оқып жүргенімізде әйгілі бесінші жатақхананың тұрғындары белгілі ақындармен кездесу кешін өткізді. Сол кеште түркістандық жас ақын Нұртас Исабаевтың бір өлеңіне жазған пародиясын оқыды. Ол әдепкі бір шумағын қайырып тастап, енді екіленіп екінші шумаққа көстеңдеп көше бергенде төрде отырған Иранбек Оразбаев гүр ете қалды:
– Әй, айналайын, дәл осы жерден қоя ғой. Нұртас жақында ғана жол апатына ұшырап, содан әлі еңсесін көтере алмай жатыр. Мынадай пародия-сародияңды ертең өзі тәуір болған соң жазарсың!
Отыз бес жастағы жігерлі Иранбек ағамнан айқай естіген әлгі жас ақын жым болды.
Бұл кезде Нұртастың өлеңдері баспасөзде біршама жарияланып тұратын. Мәскеуде оқитынын да білетінбіз. Сол дәуірде Невель Әбілев, Бақыт Қайырбеков сынды санаулы ақын ғана оқыған М.Горький атындағы Әдебиет институтына жаңақорғандық жыр жүйрігі Нұртас Исабаевтың да табан іліктіргенін мақтан ететінбіз. Ал бірақ мына жағдайдан хабарсыз екенбіз. Осы бір әсерлі кешке жиылғандар жүрегіне мұң ұялатып тарасты. Ұзамай «Лениншіл жаста» Нұрлытай Үркімбаеваның Нұртас пен Ленаның ғажайып тағдыры туралы ғаламат дүниесі жарқ ете қалмасы бар ма! Қазір қит етсе, хит дейтін болдық қой. Шын мәнінде нағыз хит Нұрлытай әпкемнің осы дүниесі еді. Бұл күн әлі есімізде. Алматының газет сататын киоскілерінде күнге қақталып молынан жататын «Лениншіл жас» бірер сағатта жылан жалағандай жоқ болды. Жастар басылымына хат дегенің қап-қабымен келіп жатты. Осы мақаладан соң комсомолдың басшылығы Нұртасқа Алматының орталық бөлігінен жайлы пәтер берді. Алайда Нұрлытай әпкеміздің баршаға белгілі, жұрт жаппай оқыған сол ойлы очеркінің қайталанбас кейіпкерін тағдыр көп сынады. Бір сынақтың үстіне бір сынақ жамалды. Көрмегені жоқ. Мүжіліп-мұқалмады. Кетіліп-кемірілмеді. Күйзеліп-күйремеді. Именіп-иілмеді. Махамбет ақынның бағаналы терегі секілді биіктеген үстіне биіктей берді. Жаралы жанын жырымен жұбатты. Өзегін өртеген өкінішін өлеңімен өшірді. Денесіндегі дертінен айығу үшін десте-десте дәріні басына жастап жатты. Соның бәрін жан баласына сездірмеді. Тағдырдың сан қырлы сынағын күлімсіреп отырып қарсы алды. Мықтының мықтысының, қайсардың қайсарының ғана қолынан келетін ерлік шығар бұл.
Басылымда бірге қызмет істеген Нұрлытай әпкемнің арқасында кейін Нұрекеңмен жақынырақ араластық. Үйіне жиі барып тұрғанымызды айттым ғой. Сонда аңғаратынымыз, Нұртас ағам әр күні де тойға баратындай бабында отырады. Шаштараздай жаңа ғана шыққандай. Киген киімі мұнтаздай таза. Айналасында артық-ауыс зат жоқ. Шашының бір талы да шашау шықпай орнында тұрады. Жүзінен жабырқаудың белгісі байқалмайды. Миды торлаған мың бір мұңның жұқанасы да көрінбейді. Ақынды алақанға салып аялайтын күміс арбасының өзі зауыттан қазір ғана шыққан су жаңа көліктей жұтынып тұрар еді. Соның бәрі асыл ағамыздың ішкі рухының күштілігінен, әрине. Әйтпесе, жаны жыламады ғой дейсіз бе? Жүрегі жүдемеді ғой дейсіз бе? Дерті дендемеді ғой дейсіз бе? Қабырғасы қайыспады ғой дейсіз бе? Белі бүгілмеді ғой дейсіз бе? Әрине, жылады… жүдеді… дендеді… қайысты… бүгілді… Бірақ соның бәрін де білдірмеді. Қамығып-қиналғанын ешкімге көрсетпеді. Тірі пендеге өкпе артпады. Өзін іздемегендерге де қитығып-қырыстанбады. Жабырқаулы күйін жаһанға жарнамаламады. Тағдырының сегіз батпан салмағына Тұран жолбарысынша қарсы тұрып, қайрат қылды. Осы кезге дейін:
Ғұмыр кеш тағдырыңды мойындамай,
Кезде де бақытты өмір сүре алмаған.
Күлімде, ештеңені уайымдамай,
Қиналсаң жәрдем тіле бір Алладан.
Тағдырмен күресе бер түңілместен,
Үйренген әдетіңнен жаңылмастан.
Жақсы ғой өз бетіңше ғұмыр кешкен,
Барынша өзгелерге жалынбастан.
Алдыңнан жолығады сыйың күткен,
Табылар өткел өзен жағаласаң.
Жалықпай күресе бер қиындықпен.
Өзіңді өзің сыйлап бағаласаң! –
деген өршіл ұстанымынан танған емес. Бірақ қанша қайсарлық танытып, жұртын жырымен жарылқап келе жатса да, болмыс-бітіміне, қабілет-қарымына, өлең-өрісіне сай өз қоғамынан бағасын ала қоймаған қарапайым қазақтың, айтулы ақынның бірі – осы Нұрекең.
Жаһан жұртына жапырағыңызды жайып, жантаймай да жарылмай, жан баласына бақыраш жаматпай, биіктей беріңіз, берік бола түсіңіз, бағаналы терек!
Бауыржан ОМАРҰЛЫ
2023 жыл
«Шағала» кітабынан






