Орталық Азия елдері індетпен қалай күресіп жатыр?
немесе коронавируспен күрес кезіндегі кейбір келеңсіз көріністер
Орталық Азиядағы коронавирус қарсылығының хроникасы. 1 сәуір
«Фергана.Ру»
Бізге ұлы жазушы Николай Гогольдің тура осы 1 сәуір күні дүниеге келгені белгілі. 1809 жылы. Бірақ оның «Ревизор» пьесасында науқас адамдар шыбын сияқты тез сауығып кетеді, ал біздің коронавируспен арадағы қатынасымызда бәрі дәлме-дәл керісінше болып тұр. Инфекция жұқтырғандар көбейіп, өлім қатары өсіп бара жатыр. Соңғы тәулікте Орталық Азиядағы жағдай қандай болды? Қазақстанда – 35, Өзбекстанда – 6. Қырғызстанда 4 адам індет жұқтырып шықты. Тәжікстан мен Түрікменстан бұрынғысынша бірде-бір сырқатқа жол бермей, мызғымай тұр.
Қазақстан
Қазақстанда қазіргі сәтте 375 науқас тіркелді.
Жамбыл облысында 34 жастағы әйел тұтас қаланы жабудың себебі болды. Дәлірегі, ол әлеуметтік желіде Шу қаласының жабылғаны туралы жалған ақпар таратқан. Полиция кінәліні ұстады, ол өзінің қателескенін мойындады.
Қаншалықты қатаң шаралар қабылданып жатқанына қарамастан, қазақстандықтар карантин режимін дамылсыз бұзуды жалғастыра түсуде. Сірә, азаматтар айыппұлдан да, тіпті бас бостандығынан айырылудан да қорықпайтын сияқты. Осылайша, мәселен, оралдық таксистер жабық тұрған Астанадан барлық блокпостыларды айналып өтіп, сыртқа алып шығу үшін жолаушылардан «небәрі» 250 мың теңге ($558) ақы сұрайды.
Дәл осы мезгілде елордада тұрғындары вирус жұқтырған әртүрлі үйлердің 15 кіреберісі карантинге жабылған (олардың өздері стационарда жатыр). Бұл кіреберістердің тұрғындарына көшеге шығуға тыйым салынған. Сондай-ақ бұл кіреберістердегі пәтерлерге басқа адамдардың кірулеріне де рұқсат етілмейді.
Анықталғанындай, Қазақстанның әр аймағынан коронавирус жұқтырып алған медициналық қызметкерлер анықталды. Олар – Астананың, Алматының және Қарағандының медиктері.
Бүгінде коронавирус жұқтырғаннан қайтыс болған азаматтарды жерлеудің тәртібі де анықталып қойылды. Қазақстанның бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетованың қаулысына сәйкес, COVID-19-дан өлген азаматтардың мәйіттері сойылмайды және туған-туыстарына берілмейді. Тек ең жақын туыстары мен бір дін қызметкерені марқұммен қоштасуға 30 минут уақыт беріледі. Олардың бәрі денеден үш метр қашықта тұрады.
Болып жатқан оқиғалар жұртты алуан түрлі кедергілерге тап келтіріп жатыр. Осылайша Солтүстік Қазақстан облысындағы Бешкөл блокпостында сырттан келушілердің барлығын бірден дене қызуларын сынапты градусникпен тексеріп үлгеру қиын болғандықтан, шекарада үлкен кептеліс орын алған. Бұған қоса, бұл шараны санитарлық қызмет мамандары емес, аудандық аурухананың жай дәрігерлері жүргізген.
СҚО денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Нұрлан Айманов осыған орай СЭС қызметкерлерінің індеттің ошағында жұмыс жасап жатқанын, сондықтан блокпостыға басқа дәрігерлерді «жабуға» тура келгенін айтты. Тепловизорлардың болмауы – басқа проблема. Соның жоқтығынан келгендер сынапты градусникпен ұзақ тексерілген.
Өзбекстан
Өзбекстанда 173 індет жағдайы тіркелген.
1 сәуірден бастап Ташкентте, Нөкісте және басқа да облыс орталықтарында өзін өзі оқшаулау режимі іске қосылды.
Жастары 65-тен асқан азаматтарға дәріхана мен жақын маңдағы дүкендерден басқа жерлерге баруға үзілді-кесілді тыйым салынды.
Миллиардер Алишер Усманов пандемия кезінде өзінің Ташкенттегі үйінде өзін өзі оқшаулау үшін келіп, Өзбекстанда коронавируспен күреске $20 миллион қаржы бөлді. Бұл ақша Ташкент облысының Зангиата ауданында салынып жатқан жұқпалы аурулар кеселханасын жарақтандыруға жұмсалады. Аурухана 100 мың клиентке лайықтанған, коронавирус инфекциясымен күресу үшін салынып жатыр. Оны сәуірдің үшінші онкүндігінде пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Шавкат Мирзиёевтің тапсырмасымен Қытайдан 200 мың тест-жүйе мен коронавирустан қорғану үшін 50 мың комбинезон сатып алынды. Бұдан бөлек, Өзбекстанға Қытайдан 2,5 миллиард сум ($260 000) мөлшерінде гуманитарлық көмек жеткізілді. Президент Мирзиёев сондай-ақ тағы 300 мың экспресс-тест пен 500 дана өкпенің жасанды желдеткіш аппаратын сатып алуды тапсырды.
Карантин салдарынан грузин-түрік шекарасындағы «Сарпи» бақылау бекетінде Өзбекстаннан мақта алып бара жатөан 150 фура қамалып тұрып қалды. Жүргізушілер тек өзбекстандық нөмірлі жүк машиналарын ғана жібермейді, Ресейден, Грузия мен мен Әзербайжаннан келген көліктер кедергісіз Түркияға өтіп кетіп жатыр деп шағым айтады.
Денсаулық сақтау министрлігі, Даму министрлігі және UZINFOCOM коронавирус инфекциясы таралуының жолын кесу жөнінде бота-консультант пен жаңа модульдегі веб-сайттың іске қосылғанын мәлімдеді. Қазір жүзден астам дәрігер Telegram-да өзбек және орыс тілдерінде азаматтарға тәулік бойы консультация беруде. Оны 1003 телефон нөмірін теріп ала беруге болады, бірақ мессенджер колл-орталықтанда көп адамға қызмет көрсете алады.
Өзбекстанда #birgakurashamiz (#біргекүресеміз) хэштегімен бүкілхалықтық челлендж жіберілді. Ол ел азаматтарының пандемия кезіндегі рухын көтеруге арналған. Өзбекстандықтар телеарналарға өздерінің карантин кезінде үйдегі уақытта немен шұғылдануға арнағандарын, бос уақыттағы демалысты қалай ұйымдастырып, балаларды қалай оқытып жатқандарын видеоға түсіріп жібере алады. Бұдан басқа, барлық телеарналардың эфирінде «тексіз тұмаумен» күрестің алдыңғы шебінде кімдердің жүргені туралы, бірінші кезекте дәрігерлер мен құқық қорғау органдары туралы сюжеттерді көрсетіліп тұрады.
Ташкенттегі аудандар хокимяттары азық-түлік базарларынан қашықта орналасқан махаллалар үшін жедел жәрмеңкелер ұйымдастыруда. Тек Мирабад туманының өзінде осындай 32 махалла бар. Оларда азық-түлік тағамдары жеткізіледі.
Қырғызстан
Қырғызстанда қазір 111 адамның «тексіз тұмау» жұқтырып алғандары белгілі болды.
Кезінде Ильф пен Петровтың фантазиясынан туған инженер Талмудовскийдің арбамен келе жатқанда, өзіне ешқандай да улаушы газдың әсер ете қоймайтынын айтатыны бар еді. Ошта дәл солай бір әйел өзін ешқандай да коронавирус ала алмайды, демек, сонымен бірге карантиннің де түкке керегі жоқ деп шешіпті. Себебі, оның күйеуі қауіпсіздік комитетінде қызмет етеді екен. Осындай негізге сүйенген ол блокпосттан рұқсатнамасын өтпекші болады. Алайда, ҰҚК-де бар болғаны келісімшартпен жұмыс істеп келген дәрігер күйеуі оған көмектесе алмады. ҰҚК онымен контрактіні сол бойда үзіп, өзін жұмыстан шығарып жіберді. Ал тәртіп бұзушы әйелге қатысты Қылмыстық кодекстің 355-бабы бойынша («билік өкілдеріне қатысты қауіп-қатер және зорлық») сотқа дейінгі өндіріс басталып кетті.
Бірінші сәуір Денсаулық сақтау министрі Космосбек Чолпонбаев пен вице-премьер Алтынай Омурбекова үшін күлкі емес, түрпі алып келді. Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков сол күні екеуін де қызметтерінен алып тастады. Осының алдында өткен Қауіпсіздік кеңесінде президент Денсаулық сақтау министрлігі мен республикалық штабты эпидемиямен күрес барысында жіберген кемшіліктері үшін қатаң сынға алған болатын.
Қырғызстан Еңбек және әлеуметтік даму министрінің орынбасары Ализа Солтанбекова «тентек тұмау» салдарынан 1,8 млн адамның жұмыстарынан айырылулары мүмкін екенін мәлімдеді. Қырғызстанның халқы қазір 6,5 миллионды құрайды. Осылайша елдің әрбір үшінші азаматы осы қауіптің қылтасында қалып тұр.
350 қырғызстандық бұрынғысынша Толмачев әуежайынан ұшып шыға алмай отыр. Новосібірден Қырғызстанға қатынайтын рейстер 1 және 5 сәуір күндері тоқтатылып қалды. Бұған қоса, жолаушыларды Толмачев аэропортының транзитті аймағын кетуге мәжүрлеп жатыр. Қырғызстандықтарды елге қайтаратын ең жақын арадағы рейс 20 сәуірден бұрын болмайтын сияқты.
Шетелден келген Ыстықкқөлдің Түп ауданының сегіз тұрғыны үй жағдайындағы карантин тәртібін дұрыс сақтамапты. Олардан бір рет анализ алады, кейінірек екінші рет қайталайды. Алайда, айыл тұрғындары, неге екені белгісіз, дәрігерлер өздеріне коронавирус жұқтырғалы жүр деп есептеп, көшеге қарсылық митингісіне шығып кетті. Ақырында таңғажайып сегіздікті мәжбүр ету жолымен обсервация жіберіп, айылды оқшауланлдыруға қол жетті.
Қырғызстандағы СOVID-19-бен күрес республикалық жедел штабы мәлімдегендей, елдегі ауруханаларда қазір 551 өкпенің жасанды желдеткіш аппараттары жұмыс істеп тұр. Денсаулық сақтау министрлігінде сонымен қатар басқа елдерден тағы ИВЛ аппаратын әкелу жөнінде келіссөз жүріп жатыр.
Бішкекте тәртіп бұзушылармен жұмыс жасайтын 303 жаяу патруль ұйымдастырылған. Астана комменданты Алмазбек Орозалиев мұнда күн сайын 100-ден аса адамның коменданттық сағат ережесін бұзатынын айтып отыр.
Тәжікстан мен Түрікменстан әзірге бұл індеттен аман. Дегенмен, олар да қол қуысырып қарап отырған жоқ.