Елімізде коронавирус жұқтырғандар 402-ге жетті

АСТАНА. 2 сәуір. Қазір елорда уақытымен сағат 08:20 болған шақта Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар қатары 402-ге барып отыр. Бұл туралы сoronavirus2020.kz сайтына сілтеме жасаған rast.kz хабарлады.
Біз кеше түс әлетінде Қызылорда облысынан тағы осындай 6 деректің тіркелгенін хабарлаған едік. Түс қайта тағы бір жағдай анықталып, инфекция жұқтырғандардың сол күнгі саны 7-ге, жалпы саны 25-ке жетіп тоқтаған болатын. Соңғы жетінші факт де Жаңақорғаннан анықталды. Сонымен, облыс бойынша індетке іліккендер Жаңақорғанда – 16, Қызылордада – 6, Қармақшыда – 2, Шиеліде 1 болып отыр.
Ал мәліметке сай, республика бойынша соңғы тәулік ішінде тағы 16 адамнан коронавирус инфекциясы шықты. Олардың 7-і – Астанадан, 6-ы – Қарағанды облысынан, 2-і – Атырау облысынан, 1-і – Солтүстік Қазақстан облысынан. Осылайша барлық саны 402-ге жетті.
Бұлардың аймақтар бойынша үлес-салмағы мынадай: Астана қаласы – 191, Алматы қаласы – 90, Қызылорда облысы – 25, Қарағанды облысы – 21, Ақмола облысы – 19, Атырау облысы – 18, Алматы облысы – 9, Солтүстік Қазақстан облысы – 6, Түркістан облысы – 5, Жамбыл облысы – 5, Ақтөбе облысы – 4, Шымкент қаласы – 3, Шығыс Қазақстан облысы – 2, Батыс Қазақстан облысы – 2, Павлодар облысы – 1, Маңғыстау облысы – 1.
Осы кезге дейін жазылып шыққандар саны 26 адам болса, бұлардың 16-сы Астанадан, 10-ы Алматыдан екен. Ал қайтыс болғандар – 3. Олар Астана қаласынан, Ақмола және Қарағанды облыстарынан.
Ескерте кетейік, мұның бәрі таңертеңгілік мәлімет. Күн ішінде көрсеткіш өзгеруі мүмкін. Бірақ лайым өзгермесін деп тілейік.







Әлеуметтік көмек