Таным

АЛТЫ АЛАШТЫҢ АЛМАСЫ

(Ақмешіт. Алматы. Астана)

Біздің Алма піскен алма ғой!

(Зейнолла Қабдолов)

Ақмешіттің Алмасы еді. Алматының Алмасына айналды. Алты Алаштың Алмасы боп өмірден өтті… Астананың да Алмасы атанары хақ-ты. Ақмоланың үскірігі ауырлау соқты Алма апама. Арқаның ақ боранынан сақтай алмадық оны. Бәрібір қайтпас қайсар мінезіне салып, сол аяз буып тұратын қаталдау қаладан мәңгілік қонысын тапты. Себебі шегіну дегенді білмейтін ол…

Соғыс аяқталып, ел есін жиған соң Сыр бойында дүниеге келді. Әкесі өңірге танымал жыршы Мүтәліп Қыраубаев қызының бетінен қақпай, еркелетіп өсірді. Алма сабақты өте жақсы оқыды. Жасынан өнерге бейім екенін көрсетті. Әкесінің үкілі домбырасын қолға ұстады. Әрине, бұл кезде Сырдың халқы түбінде тұлымы желбіреген осы қыздың есімі елге мәшһүр ғалым болатынын, жұртының аялы алақанында ғибратты ғұмыр кешетінін білген жоқ-ты.

Әдебиеттің тарихын арыға жылжытуды көздеген ұлы ұстаз Бейсенбай Кенжебаев тәуекелшіл шәкірттерінің қатарына Алманы да қосты. Ер-азаматтан кем түспейтін табандылығына көзі жеткен болар. Ұстаздың ұйғарымы қапы кеткен жоқ. Бейсекеңнің ғылымға үкілеп қосқан балалары айды аспанға бір-ақ шығарды. Қазақ әдебиетінің ежелгі нұсқаларын ғасырлар қойнауынан іздеп тапты. Кенжебаевтың жалпақ жұртқа танымал әйгілі үш шәкіртінің бірі – Алма Қыраубаева әдебиет әлеміне жаңалық әкелді. Тарихтың терең қатпарларына көміліп жатқан құнды қазынаның бетін ашты.

Тағдыр жыр алыбы Жамбылдың әулетіне келін болуды маңдайына жазыпты. Өзі де жыр қонған шаңырақтан шыққан соң барған жерінің бағасын біліп, бағын аспан­датуға тырысып бақты. Ұлылықтың ұлағатын бойға сіңірді. Жыр өнерінің киесі саналған ардақты абыздың мол мұрасының жоқ-жітігін түгелдей бастады.

Алманың бала тәрбиесіне қалай мән бергенін ел-жұрт аңыз қылып айтады. Туған анасымен ашылып әңгімелесе алмайтын студенттер Алма Қыраубаеваның маңына үйірсектеп жүрер еді. Оның мың-сан адамды өзіне тартып тұратын ерекше қасиеті болатын. Жанына жақын тұтқан адамын өмір бойы құрметтейтін. Үлкенге де, кішіге де ізгілік нұрын себетін.

Сол ұстаздық қасиеті тоқсаныншы жылдардың басында тәуекелге бел буғызды. Алматының іргесіндегі ауылдан ұлттық тәлім-тәрбиеге баулитын мектеп ашты. Алма аз ғана жылдың ішінде адам айтқысыз жетістікке жетті. Алайда бұл оқу ордасының ғұмыры ұзаққа бармады. Сол кездегі қиыншылықтар, қаржының жетімсіздігі қолбайлау болды. Бәрібір Қыраубаеваның мектебі қазақтың білім беру саласының тарихында қалды.

Алма өмір бойы Қазақ мемлекеттік университетінде қызмет істеді. Еліміздегі филологтар мен журналистердің ішінде Қыраубаеваның дәрісін тыңдамағандары кем-де кем. Олардың қай-қайсысы да Алманың өздеріне дауыс көтерген сәтін еске түсіре алмайтын шығар. Өйткені ол аудиторияны қас-қабағымен билейтін, жан сырыңды көзіңе қарап ұғатын нағыз ұстаз болатын.

Алма алғашқылардың бірі болып жаңа астанаға қоныс аударды. Бұл бір зиялы ғалымның айы оңынан туған сәт болатын. Елордадағы Еуразия университетінің студенттеріне дәріс беріп, қызметіне құлшына кіріскен. Балалары да ержеткен-ді. Оқу орнын Бейсенбай Кенжебаевтың бір кезде дүйім жұртты таң қалдырған үш шәкіртінің бірі Мырзатай Жолдасбеков басқарады. Өмірдің тәттісін де, тепкісін де көрген Алманың алдынан ақ жол ашылып еді. Амал қанша, тірліктегі татар дәмі таусылуға жақын екен. Сыр бойында туған, Алатаудың аясында саналы ғұмырын өткізген Алма Астанада тұрақтап қалды. Біржола тұрақтады.

Енді бүгінде Алма туралы әңгімелер тек естеліктің еншісіне айналған. Қысқа ғұмырында әр қырынан танылыпты. Ғибратты ғалым атаныпты. Ұлағатты ұстаз бола біліпті. Ардақты ана болғанына да дау жоқ. Алты алаштың аяулысына айналыпты. Алма өмірден озғанда Алатаудың арғы бетін жайлаған қырғыздар да егіле жас төгіпті. Ол бауырлас екі елдің де абыройын асқақтатқан зерделі зерттеуші еді.

Алма Қыраубаева жан сұлулығының символы болды. Жұрттың жаппай құрмет тұтқаны содан. Теңіздей тербелген тағдырының асау толқындарына бой берген жоқ. Сыр бойында туған соң шығар, өзен-көлдің бойында ойға шомғанды керемет ұнататын. Өзі де теңіздің мөлдір тамшысындай тап-таза арына да, жанына да дақ түсірмей өтті өмірден. Бүгінде Алма Қыраубаева деген есім қадірін жоғалтпаған қазақ әйелі деген ұғымның баламасына айналды.

Жаны жұмбақ еді. Жүрегі жұмсақ еді. Сырдың сұлуы Алатауға кеп ақжаулық тақты. Алатау сынды ақсақалға келін болды. Ханбибі апам Фариза ақын өмірден өткен күні «Алатаудың басынан, Ақ жаулығы ұшты ма? Тиылмай көз жасынан, Дірдектетті қыс мына!», – деп күңіренген-ді. Ал одан кө-ө-өп жыл бұрын Алма апам, Алма Қыраубаева дүниеден озғанда Алатаудың алма бағы шулап, жемістері шашылып қалды. Содан бері әлі жиналатын түрі жоқ. Рас, Алма апам кеткелі Алматының апортына дейін біртүрлі…

Ғалымның ғибраттысы еді. Ежелгі әдебиетке терең бойлады. Алтын Орданың рухани әлемін еркін аралады. Сол әлем оны өз иіріміне тартып әкетті ме, кім білсін…

Өр қыз еді. Өрелі қыз еді. Өнегелі қыз еді. Өнерлі қыз еді. Жыршылық дәстүрдің бесігінде тербеліп, босағасында бой жетіп, төрінде толысқан-ды. Жетісу жерінде жүрсе де, жыраулар елінің жолаушысы екенін жадынан шығарған емес.

Аялы алма бағы, саялы бәйтерек секілді еді ол. Мың-сан ұл-қыз қанат қақты бұл бақ қонақтаған бәйтеректің бұтағынан… Сондықтан ешкім де ұмытпайды оны. Ұлттың ұят ұялаған ұлы жанарынан үзіліп түскен мөлдір моншақтай боп қалды менің аса қадірлі Алма апам…

 

*  *  *

Бүгін – Алма апайдың туған күні. Ежелгі әдебиетті зерттеуші ғалым докторлық диссертациясын қорғап жатқан кезде академик Зейнолла Қабдолов «Біздің Алма піскен алма ғой», – депті. Рас айтқан абыз ағамыз. Ол ұстаз ретінде де, ғалым ретінде де, өнерпаз ретінде де әбден пісіп-жетілген адам еді.

*  *  *

Алты Алаштың алма бағы дәл сіздей жеміс берем дегенше қай заман?!

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

2024 жыл

«Шағала» жинағынан

 

 

 

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button