
Әуелбек Қоңыратбаев. Әйгілі әдебиеттанушы. Ғибраты мол ғалым. Жиырмасыншы ғасыр басында Ташкентте және Мәскеуде білім алған ойлы оқымысты. Жазықсыз жапа шеккен зерттеуші. Ұлттық құндылықтарды қаузағаны үшін қудаланған профессор. «Жас алаш» газетінің алғашқы қызметкерлерінің бірі. Арал аудандық «Толқын» газетінің («Екпінді балықшы») тұңғыш бас редакторы. Әукеңнің қолтаңбасы қалған осы екі басылымға да әр жылдарда атсалыстық. Университеттің алғашқы курсын бітірген жылы «Толқында» өндірістік тәжірибеден өттік. Ал «Жас алашта» бақандай сегіз жыл жұмыс істедік.
Тегінде, Қоңыратбаевтар төрт ағайынды еді. Қалжан, Әуелбек, Әлібек және Арыстанбек. Соның алдыңғы үшеуі қазақ халқына аса танымал болды. Алаш арыстарымен тізе қосып, еңбек еткен Қалжан мен Әлібек респрессияның қанды шеңгеліне ілікті. Ал солардың жолын жалғаған Әуелбек Қоңыратбаев бертінге дейін қудалаудан көз ашпады. Әйтеуір аман қалды. Тым болмаса, бір Қоңыратбаев тірі жүрсін деп, тағдырдың өзі аяушылық еткен шығар… Сексен жылдан астам ғұмыр кешті.
Бір заманда Сыр елінің ұландары үшін Қызылорда педагогика институтынан артық оқу орны жоқ еді. Өйткені, олардың көз ашқанда көретін жоғары деңгейдегі білім бесігі осы болатын. Тағы бір себебі, мұнда аты аңызға айналған филолог-ғалым Әуелбек Қоңыратбаев сабақ беретін. Өзі Қызылорданы мекен етсе де, ғылыми еңбектері мен монографиялары Алматының баспаларынан үздіксіз шығып жатады. Оны айтасың, кітаптары астанадағы университеттерде оқу құралы ретінде пайдаланылады. Бұл – бертіндегі ахуал. Ал ілгеріде еңбектері жарық көрмек түгілі, өзінің емін-еркін жүріп-тұруына тыйым салынған көрінеді. Ертеректе ел астанасында жұмыс істеп жүрген ғалымның осы Қызылордаға жұмысқа жіберілгені де бекерден-бекер емес деседі.
Оның бұл қасиетті қара шаңырақта жүруі оқу орнының абырой-беделін асқақтатты. Шынында да Сыр елі, Семей өлкесі, Орал өңірі филологтарының сапалы білім, саналы тәрбие алуына Әуелбек Қоңыратбаев, Қайым Мұхамедханов, Мәтжан Тілеужанов сияқты парасатты профессорлардың салиқалы сабақтарының ықпалы болғаны айдан анық.
Сөйтіп, дария жағасындағы қаланы қазақтың бір емес, екі мықты зиялысы ұзақ жыл мекен етті. Олар – атақты ақын Асқар Тоқмағамбетов мен ғұлама ғалым, профессор Әуелбек Қоңыратбаев. Қызылордаға ат басын бұрған танымал азаматтар алдымен осы екеуін іздейтін. Бұларға арнайы соқпай кетпейтін. Көбіне-көп мұндай кездесулер әлеуеті мол облыстық газеттің қара шаңырағында ұйымдастырылатын.
Әйгілі ғалым соңына мол мұра, ұлағатты ұрпақ қалдырды. Өктем жүйенің қыспағы мен қысымын көргеніне қарамастан өнімді еңбек етті. Қазақ фольклорының маңызды мәселелеріне терең бойлады. Әдебиеттанудың әдістемелерін орнықтыруға елеулі үлес қосты. Аударманың ауқымды жұмысына да жегілді. Үнді топырағында іргесі қаланып, күллі әлемге тараған атақты «Тотынаманы» қазақ тілінде сөйлетті. Сондықтан оны «бір өзі – бір институт» дерлік санаулы ғалымның бірі дей аламыз. Егер зерттеушісіне тап келсе, жоғары деңгейдегі өмірбаяндық жинақтар сериясына келісті кейіпкер болуға таптырмайтын тұлға. Өмірі өнегелі. Тағдыры тағылымды. Еңбегі еселі. Мұрасы мәнді. Екі ғасырдың тоғысында Тынысбек аға (Әукеңнің ұлы – фольклортанушы ғалым, профессор Тынысбек Қоңыратбаев) екеуміз Қайнар Олжайдың жобасы бойынша «Көзкөрген» айдары аясында жарты сағаттық бағдарлама әзірлегеніміз бар. Арнайы сапармен Қызылордаға келіп, екі-үш күн тынбай жұмыс істедік. Әукеңнің асыл жары – Үрләш Нұрмағамбетқызының көзі тірі еді. Ардақты апамыз шуақты шаңырақтың өткен өмір белестері жөнінде көп әңгіме шертті. Сонда хабардың беташар кадрын «Әдебиет тарихына бойлаған, Әрқашанда ұлт намысын ойлаған» деген слоган типтес өлең жолдарымен ашқанбыз. Осынау өнім «Хабар» агенттігінің бейнеқорында сақталуға тиіс. Қысқасы, «жау жағадан алып, бөрі етектен шалған» заманда ұлттық ұстанымнан айырылмаған Қоңыратбаевтың құнды қазынасы ұлт игілігіне айналған үстіне айнала бермек.
* * *
Аса зиялы тұлғалар өзі тұрған елді мекеннің абыройын арттырады. Әлеуетті Әуелбек Қоңыратбаев та Қызылорданың мәртебесін көтерді. Шежірелі шаһардың беделін биіктетті. Сондықтан Қызылорда және Қоңыратбаев деген атаулар әлдеқашан егіз ұғым боп қалыптасып кеткен. Бір-бірінен бөліп қарай алмайсың.
Бүгін ұлағатты ұстаз, әлеуетті әдебиетші, тұлғалы түркітанушы Әуелбек Қоңыратбаевтың туған күні десіп жатыр жұрт. Содан соң компьютер пернетақтасында саусағымыз жорғалай жөнелген де….
Бауыржан ОМАРҰЛЫ
2023 жыл
«Шағала» жинағынан