Жаңалықтар жаңғырығыТаным

Еуроодақ Украинаны қолдайды: сарапшылар саммит шешімі жайлы

БРЮССЕЛЬ. 8 наурыз. Еуропа одағына мүше мемлекеттердің басым бөлігі Ресей басқыншыларымен соғыста Украинаға қолдау көрсетуді қолдады. Бұл туралы DW ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

«Зеленський мен Трамптың арасында орын алған жанжалдан кейін шақырылған Еуропа одағының арнайы саммиті ешқандай сенсация әкелген жоқ, ал Украинаға қолдау көрсету жөніндегі мәлімдемені ЕО-ның барлық мүшесі бірдей қолдай қоймады. Еуропа сонымен бірге өз қорғаныстарын күшейтуді шындап қолға алатын болды», – делінген хабарламада.

ЕО-ның Брюссельде өткен арнайы саммитіне 27 мүше елдің лидерлері қатысып, Ресей агрессиясына қарсы соғысы жатқан Украинаға бұдан әрі қолдау көрсетудің жайын талқылады. Кездесудің бұлайша шұғыл шақырылуына ең алдымен украин және америкалық лидерлер Володимир Зеленський мен Дональд Трамптың арасындағы жанжалдан кейін Ақ үйдің Украинаға беріп келген әскери көмегін кілт тоқтатып тастағаны себеп болды.

Мажарстан Украинаны қолдауға қарсы

Еуропа одағы елдерінің лидерлері түгелдей дерлік шешімді түрде Украинаға қолдау көрсетуге дауыс берсе, қашаннан Кремльге қарап, жаутаңдайтын соры қайнап қалған Виктор Орбан ғана үзілді-кесілді қарсы шықты. Сөйтіп, 26 елдің басшысы түгел қолдаған қарарды тек Мажарстан (Венгрия) ғана жақтамады. Бұдан хун премьерінің Дональд Трамптың әрекетіне қуанғандық сезім білдірумен бірге, өзінің РФ диктаторы Владимир Путинге бүйрегі бұрып тұратынын жасыра алмағанын байқауға болады.

Саммитте ЕО-ның сыртқы саясат және қауіпсіздік саясаты мәселелері жөніндегі жоғарғы өкілі Кая Калластың 2025 жылдың көлемінде Украинаға үздіксіз әскери көмек көрсету үшін 20 млрд еуроға жақын қаражаты болатын арнайы қор құру жөніндегі жоспары да бір ауыздан мақұлданбады. Сол сияқты саммиттің талқылауына Ресей активтерін тәркілеп алу мен бітімгер әскерлерді Украинаға аттандыру мәселесі де ұсынылмай қалды.

ЕО бейбітшілік жобасынан альянсты қаруландыруға көшті

«ЕО-ның арнайы саммитінің жетістігі: оның барлық мүше-мемлекеттері қазіргі халықаралық жағдайдың маңыздылығын мойындады және НАТО-ны толықтыратын сенімді еуропалық қорғаныс саясатын әзірлеу жолында бірлесіп жұмыс істеуге келісті», – деді Вилфрид Мартенс Еуропа зерттеулер орталығының ЕО сыртқы саясаты, қауіпсіздік және қорғаныс жөніндегі ғылыми қызметкері Ионела Мария Чиолан.

«Елестердің уақыты аяқталды: Еуропа енді өзін «бейбітшілік аралы» деп санай алмайды және АҚШ әрадйым көмекке келеді деп үміттенеді. Еуропалықтардың өз қауіпсіздігі үшін жауапкершілікті өз мойнына алатын уақыты келді», – деп атап өтті сарапшы.

Оның пікірінше, Еуропа комиссиясының райысы Урсула фон дер Лейен саммит қарсаңында ұсынған ЕО-ның «Еуропаны қайта қаруландыру» жоспары «ЕО мүше мемлекеттерге өздерінің қорғаныс өнеркәсібі мен оның дамуына айтарлықтай инвестиция салу мүмкіндігін беріп жатқанын» көрсетеді. «Еуропалықтар Украинаны Ресеймен экзистенциалды күресінде қолдауға дайын және оның мүдделері кез келген бейбіт келіссөздерде, соның ішінде Трамп әкімшілігінің ара ағайындығымен жүргізілетін келіссөздерде толық қамтамасыз етілуіне шын пейілмен ұмтылады», – деді Чиолан.

Еуропа одағының Украинаға арналған бұл арнайы саммиті «бейбітшілік жобасынан берік және жақсы қаруланған қорғаныс альянсына айналу» жолында ЕО қабылдауы тиіс көптеген қадамдардың бірі ғана болды», – деді DW-ге берген сұхбатында словакиялық GLOBSEC сараптама орталығының қорғаныс жөніндегі зерттеушісі Роджер Хилтон.

«Континенттік ядролық қолшатырдың кеңеюі және ЕО-ға мүше мемлекеттердің ұлттық қорғаныс шығындарын ұлғайту үшін тапшылық ережелерінен бас тарту сияқты үлкен стратегиялық мәселелердегі өзгерістерді көрген қуанышты, бірақ бұл үлкен өзгерістер әлі бастапқы кезеңде тұр және теориялық идеяларды тиімді саясатқа айналдырудың байыпты шараларын қажет етеді», – деді Хилтон.

Украина жөніндегі мәлімдеме ЕО қолдайтын басты мәселелерге жатады

Журналистер «26-ның мәлімдемесі» деп атаған Украинаға қатысты саммит құжатына сарапшылар жалпы оң баға береді. «Мәлімдемеде Украинада тұрақты және әділ бейбітшілік орнату қажеттігі туралы айтылады, ал бұл сөздерді Дональд Трамптың Украинадағы бейбітшілік жайлы түсінігімен салыстырар болсақ, мұның мәні ерекше арта түседі. Сондай-ақ, Украина жөніндегі келіссөздердің ешқашан Украинаның қатысуынсыз жүргізілмейтіні, ал еуропалықтардың қатысуынсыз Еуропаның қауіпсіздігі туралы әңгіме болмайтыны атап өтіледі», – деді еуропалық зерттеулер орталығының атқарушы директорының орынбасары және одақтың Еуропалық саясат жөніндегі директорының орынбасары Яннис Эммануилидис.

Оның пікірінше, мәлімдемеде іргелі қағидалардың тізімі бар және сонымен бірге «Украинаны қаржылық және әскери тұрғыда қолдаудан бастап, оның негізгі элементтерінің бәрі бар.

Еуропа дипломаттары бейресми әңгімелерде Еуропа лидерлерінің 2025 жылы Украинаға әскери көмек беру үшін Кая Калластың бастамасымен қор құру, сондай-ақ қауіпсіздік кепілдігі мен ресейлік активтерді тәркілеу мәселелеріне Брюссельде 20-21 наурызда өтетіні жоспарланған келесі саммитте қайта оралатынын айтуда.

АҚШ Киевке әскери көмек көрсетуді және Украинамен барлау мәліметтерін алмасуды тоқтатады деген хабардан кейін Еуропа күрделі мәселеге тап болды: украин тарапына қандай баламалы нұсқаны ұсыну керек?. Бірақ Еуропа мұны істей ала ма? «Еуропалықтар АҚШ-тың Украинаға әскери көмегін алмастыра ала ма деген сұрақ жоқ. Олар болуға тиіс. Еуропа Украинаға Ресей Федерациясымен келіссөздерге күш позициясынан кірісу үшін барлық қажетті әскери көмекті көрсетуі керек», – деп сендіреді Ионела Чиолан.

Ол Ресейді жігерлендіретін «әлсіреген» Украинаға қарағанда, күштірек Украинаның мейлінше қауіпсіздеу Еуропаның сапта тұрғанын таныта түсетініне сенімді. «Сондықтан Еуропа Украинаны қорғау үшін ғана емес, сонымен бірге оның болашағын қамтамасыз ету үшін де күшті қауіпсіздік кепілдіктерін енгізуі керек», – деп атап өтті сарапшы.

Барлық ниет пен әлеуетіне қарамастан, Еуропаға Украинаны белгілі бір әуе шабуылынан қорғауға арналған жүйелермен және олардың зымырандарымен қамтамасыз ету қиынға түседі, қалай болғанда да бәрібір Уашингтонның Киевке беріп тұрғанындай болмайды, деп есептейді, әскери шенеуніктер. «Брюссель мен Киев қазір трансатлантикалық ынтымақтастықтың қиын күндерді бастан кешіп жатқанын, оның алтын дәуірінің аяқталғанын мойындауы керек, сондықтан олардың дипломатиялық дағдылары осы шындыққа сай болуы тиіс», – деп атап өтті Роджер Хилтон.

Ол Еуроодақ пен Украинаға «трансатлантикалық ынтымақтастықты тоқтатқысы келетіндердің күш салуына» қарамастан, «ахуал барған сайын қауіпті» болып бара жатқан әлемде бұл қарым-қатынасты сақтап қалу үшін күресуге кеңес береді.

«Бұл ЕО мен Украинадан прагматизмді, креативтілікті және тәртіпті талап етеді. Ең тарап үшін де ең маңызды мақсат – олардың қарым-қатынастың барлық варианттарын ашық қалдырғандарына көз жеткізу, мүмкін және тиімді кезінде Уашингтонмен жұмыс істесудің тәсілін таба білу», – деп атап өтті сарапшы.

 

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button