Ресей Украинаға жаппай зымырандар соққысын берді
КИЕВ. 31 желтоқсан. Ресей әскерлері бүгін таңертең Украина территориясына жаппай зымыран соққыларын жасады. Бұл туралы DW ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Ұшақтар мен баллистикалық зымырандарды қолдану қаупіне байланысты бүкіл ел бойынша дабыл жарияланды. Мониторинг порталдарының хабарлауынша, кем дегенде ресейлік ТУ-22М3 ұшағының 6-уы аспанға көтеріліп, Украинаны Х-22 зымырандарымен атқылаған. Сондай-ақ Саваслейка аэродромынан көтерілген МиГ-31К истребительдері «Кинжал» зымыранын ұшырған болуы мүмкін.
Киев облыстық әскери басқармасы астанаға зымырандық шабуыл жасалғанын баяндады, ал қаланы әуе қорғанысы күштері қорғап тұр. Мэр Виталий Кличко «баллистика қаупі» бары туралы жазды. Қалалық әскери билік зымырандардың бірінің қалдықтары Дарницкий ауданындағы жеке ғимараттың шатырына құлағанын атап өтті. Зардап шеккендер мен қирандылар жоқ.
Украина Әскери-әуе күштері Киев, Сумы, Полтава, Чернигов, Днепропетровск, Харьков және Черкасск облыстарына зымырандар мен ұшқышсыз ұшақтардың шабуыл жасағандарын хабарлады.
Алдын ала мәлімет бойынша, Сумы облысының Шостка қаласында ресейліктердің шабуылы салдарынан 12 көп қабатты тұрғын үй, екі оқу орны зақымданып, жекелеген инфрақұрылым нысандары қираған.
Бір апта бұрын, 25 желтоқсанда Украинада атап өтілген Рождество мерекесінің бірінші күні Ресей әскерлері Украина қалаларына жаппай шабуыл жасап, 70-тен астам баллистикалық зымырандар мен 100 шабуылдаушы ұшқышсыз ұшқыштарды атқылаған еді. Бұл шабуылдың нысанасы Украинаның энергетикалық нысандары болды.