Айымбетов «Адана Демирспор» сапында гол салып, жеңіс әперді
АДАНА. 16 желтоқсан. Түркияның Суперлигасындағы «Адана Демирспор» командасы сапында ойнайтын Абат Айымбетов қатарынан екінші голын соқты. Бұл туралы rast.kz хабарлайды.
Қазақ футболшысы осымен қатарынан екінші ойында мергендігімен көзге түсіп отыр. Ол 7 желтоқсан күні ойналған мұның алдындағы 15-турда «Гёзтепе» командасының қақпасынан да саңылау тауып, алаң иелеріне сапынан жалғыз голдың авторы атанған еді. Бірақ ол жолы аданалықтар 1:3 есебімен жеңіліп қалған болатын.
Турнир кестесінің соңғы орнында келе жатқан «Адана Демирспор» командасы соңғы кездесуге барын салды. Соның нәтижесінде 31-минутта форвард Юсуф Барасы есеп ашып, оларды алға шығарды. Бұдан кейін 39-минутта хавбек Юсуф Сарының қақпа алдындағы алаңға көлбеу сызық бойымен жөнелткен добына Абат аяғын тоса қойып, тордың ішінен бір-ақ шығарды.
Бұдан кейін «Бешикташ» ойыншылары екінші таймда бір доптың қарымтасын қайтара алды. Оны 72-минутта Али Аль-Моатасаммбелла салды.
Айтқандай, «Бешикташ» құрамында өнер көрсететін келесі қазақ футболшысы Бақтиёр Зайнутдинов 46-минуттан алаңға шығып, матч соңына дейін ойнады.
Осыдан кейін чемпионатта бірінші жеңісіне жеткен «Адана Демирспор» ұпай санын 5-ке жеткізді. Ол бірақ әлі турнир кестесінің ең соңында келеді.
Командада 14 ойыннан 5 доп соққан форвард Юсуф Барасы мергендер көшін бастап келеді. Ал Абат Айымбетов 10 ойында 2 гол соғып, үшінші болып тұр. Себебі, француз қорғаушысы Эндрю Гравийон 8 ойында 2 рет қақпаны дәл көздеп үлгеріп, екінші орынға шыққан екен.
Енді түрік чемпионатында үзіліс болады.