Абат қатарынан үшінші матчта гол салып, клубын жеңіске жеткізді
АНТАКЬЯ. 23 желтоқсан. Қазақстан құрамасының шабуылшысы Абат Айымбетов түрік чемпионатында қатарынан үшінші ойында гол соғып, «Адана Демирспорға» жеңіс әперді. Бұл туралы rast.kz хабарлайды.
Аданалықтар бұл жолы суперлиганың 17-турының ойынын Хатай илінің (уәлаятының) орталығы – Антакья қаласында жергілікті «Хатайспор» командасымен өткізді.
Алаң иелері матч басталған бойда алға ұмтылды. Олар сол басымдықты 26-минутта Венсан Абубакардың есеп ашуына ұластырды.
Екінші таймның 53-минутында «Хатайспор» сапынан Денгиз Демир қарсыластар қақпашысын шабуыл кезінде теуіп жібергені үшін қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды. Бұдан кейін қонақтар көп күттірмей таразы басын теңестіріп кетті. Атап айтқанда, 61-минутта шабуылшы Юсуф Барасиден доп алған қорғаушы Семих Гюлер шабуылды сәтті аяқтады. Бұдан кейін 70-минутта Арда Куртуланның жеткізген добын әдемі пайдаланған форвард Озан Демирбаг меймандарды алға шығарды. Ал 75-минутта Куртуланның бұрыштамадан берген добын голға айналдырған Абат Айымбетов жеңісті нығарлай түсті. .
Ойын соңында Абат тағы бір гол салып еді, қапталдағы төреші офсайд анықтап, оны санатпай тастады.
Сөйтіп, «Адана Демирспор» сырт алаңда 3:1 есебімен жеңіске жетті.
Командада 15 ойыннан 5 доп соққан форвард Юсуф Барасы мергендер көшін бастап келеді. Ал Абат Айымбетов 11 ойында 3 гол соғып, екінші орынға шықты.
Еске сала кетейік, қатарынан үш ойында гол соққан Абат алғаш рет 7 желтоқсан күні «Гёзтепе» командасының қақпасына соғылған жалғыз голдың авторы атанған еді. Матчта аданалықтар 1:3 есебімен жеңіліп қалды. Екінші жолы 16 желтоқсан күні «Бешикташпен» ойында біздің жерлесіміз команданың екінші голын соғып, жеңіске жеткізді. Кездесу 2:1 есебімен «Демирспордың» пайдасына шешілді.
Команда чемпионатта 8 ұпаймен әлі де ең соңғы 19-орында келеді.