Футболшы Абат Айымбетов «Адана Демирспор» клубына ауысты
АСТАНА. 2 ақпан. Белгілі қазақ футболшысы Абат Айымбетов Түркияның «Адана Демирспор» клубында кәсіптік мансабын жалғастыратын болды. Бұл туралы әлеуметтік желідегі ақпарға сүйенген rast.kz хабарлайды.
Қазақстан құрамасының және «Астана» командасының шабуылшысы Абат Айымбетов түріктің Адана қаласының «Демирспор» ұжымымен 1,5+1 нұсқасы бойынша келісімшартқа отырды. Былайша айтқанда, біздің жігіт бұл клубта кемінде 1,5 жыл ойнайды. Егер форвардтың көрсеткіштері басшылық көңілінен шығып жатса, келісімшарт тағы бір жылға созылады.
Айта кетейік, «Адана Демирспор» 2021/22 жылғы маусымнан бері Түркия суперлигасында өнер көрсетіп келеді. Ол қазір суперлиганың 23-турынан кейін команда 31 ұпаймен сегізінші орында тұр. Команда 23 матчтың 7-інде жеңіске жеткен, 10 рет тең түскен, 6 мәрте жеңіліске ұшыраған, 34 гол соғып, өзі 27 доп жіберіп алған. Аданалықтар өткен маусымды бұған қарағанда біршама қарқынды да сәтті өткізді. Ол былтыр 36 ойыннан 69 ұпай жинап, турнир кестесінде 4-орын алды. Сөйтіп, УЕФА-ның Конференция лигасы сайысына қатысу құқына ие болды.
Адана – Түркияның түстігіне, Жерорта теңізінің бір мүйісіне орналасқан әсем қала. ірі шаһар, курортты мекен.