Еуро-2024: Словакия – Украина 1:2. «Көк-сарылардың» камбэгі
ДЮССЕЛЬДОРФ. 21 маусым. Еуропа чемпионаты 2-турының ойынын Словакиямен өткізген Украина құрамасы 2:1 есебімен жігерлі жеңіске жетті. Бұл туралы Sport.ua ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Матч Дюссельдорф қаласындағы «Меркур Шпиль-Арена» стадионында ойналды. Оған ағылшын Майкл Оливер қазылық етті.
Мұның алдындағы 1-турда Словакия күтпеген жерден Бельгияны 1:0 есебімен жеңіп кеткен болса, Украина Румыниядан 0:3 болып сенсациялық жеңіліске ұшырады.
Бұл ойында да ұтылып жатқан украиндар соңынан екі гол салып, жеңісті өзіне тартып әкетті. Кэмбек!
Кездесудің басы словактардың басымдығымен өтті. Бұл аралықта украиндар шабуылды көп аса ойлай алмады. Себебі, қарсыластарының қысымы мен қауырт қарсы жорықтары сәт сайын қауіп төндіре берді. Сондай бір аласапыран тұсында Иван Шранцтың қақпа алдында қиғаштай сілтеген добына қорғаушылар да, голкипер де тосқауыл қоя алмады. Гол! 17-минутта словактар осылай алға шықты.
Украиндар қарқынды ойынды үзілістен кейін көрсете бастады. Енді олардың шабуылдары көбірек қатер әкелуге көшті. Соған орай гол да көп күттірген жоқ. 54-минутта сол қапталдан Олександр Зинченко көлденең тартып жіберген допты бір тоқтатып алып, қарсы алдындағы дарбазаға қарай зымыратқан Микола Шапаренко таразы басын теңестіріп кетті. Ал жеңіс добын 67-минутта алаңға шыққан Роман Яремчук 80-минутта соқты. Жеңіске деген жігерлілікті украиндар осылай көрсетті. Олар бұдан әрі матч соңына дейін өздеріне деген сенімді жоғалтқан жоқ.
Осы ойыннан кейін Румыния, Словакия және Украина құрамалары 3 ұпайдан жинады.
Ертең түнде Бельгия мен Румынияның кездесуінен соң Е тобындағы құрамалар 2-турдың ойындарын аяқтайды.