Полиция Киівте қазақ журналисін өлтірмек болған екеуді тапты (видео)
КИІВ. 21 маусым. Украина полициясы Киівте қазақстандық оппозиционер журналист Айдос Садықовтың өміріне қастандық жасағандардың кімдер екенін анықтады. Бұл туралы «Украинская правда» ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Қазақ журналисі Айдос Садықовтың әйелі Наталья бас прокуратураның қастандық жасаған күдіктілер ретінде қазақстандық екі азаматты атап отырғанын айтты. Олардың кімдер екені де белгілі.
«Украина полициясы Айдос Садықовты өлтіру әрекет еткендерді тапты. Олар Қазақстан азаматтары болып шықты: Мейрам Қаратаев 9.05.1991 және Алтай Жақанбаев 8.02.1988. Бұл оңбағандар тапсырыс алған, 2 маусымда Киівке келіп, пәтер жалдап тұрып, Айдосты аңдыған, оны өлтірудің жоспарын құрған», – деп жазды Наталья Садықова.
Оның айтуынша, Қаратаев Қостанай облыстық ішкі істер департаментінің қызметкері көрінеді, «ол өз әріптестері арасында мылтық атудан бірінші орын алып жүрген».
«Мен бұл қылмысқа Тоқаевтың қатысы бар екенін айтқанымда да, атқан кәсіби маман екенін айтқанымда да қателескен жоқпын. Менің украиндарға таң қалуым шексіз», – деп жазды Наталья тағы.
Ол сондай-ақ Айдостың ахуалы әлі өзгеріссіз екенін баяндап, өздеріне қолдау көрсеткендердің бәріне алғыс айтты.
Украина бас прокуратурасының сайтында Садықовты қасақана өлтіруге әрекет жасаған қаныпезерлер ретінде Жақанбаев пен Қаратаевқа күдік келтіріліп жатқаны жария етілген.
Тергеудің мәліметіне сәйкес, Қаратаев пен Жақанбаев 2 маусым күні Киівке ұшып келіп, екеуі екі жерде пәтер жалдап тұрған. Ал 6 маусым күні Жақанбаев Садықовтың ізіне түсу үшін Opel Vectra автомобилін сатып алған. Хабарламада айтылғандай, 8 маусымда Қаратаев пен Жақанбаев Айдостың ізіне түсу үшін Booking сайты арқылы «жәбірленуші тұрып жатқан жерге жақын маңдағы» пәтерге көшіп келген.
Қаратаев пен Жақанбаев Садықовтың күн тәртібін біраз зерттеп алып, 18 маусым күні оған қарулы шабуыл жасаған.
Оқиға Киівтің Шевченко ауданында орын алған. Бір белгісіз кісі қазақтың оппозиционер журналисі Айдос Садықов отырған машинаға жақын келіп, бір рет оқ атқан. Оқ жігіттің басына тиген. Оның жанында отырған әйелі ешқандай залал тартпаған.
Наталья күйеуінің ауыр халде аурухананың жансақтау бөлімінде жатқанын баяндады. Сол күні Айдостың басына ота жасалған. Әзірге дәрігерлер оның бұдан арғы жағдайы қалай болатынын айтып отырған жоқ.
Наталья сондай-ақ қастандық жасау әрекетіне Қазақстан Президенті Қасым-Жомарттың қатысы бар дегенді білдірді. Ал Мемлекет басшысы 18 маусым күні Садықовтың шабуылға ұшырағанын естіген бойда мәлімдеме жасап, қажет болған жағдайда Қазақстанның ресми органдары қылмыскерлерді табуға өз үлестерін қосатындарын баяндаған болатын.
Ерлі-зайыпты Садықовтар 2014 жылы Қазақстаннан Киівке қоныс аударған екен. Айдос туған жерінде саяси себеппен қылмыстық қудалауға тап болды. Өзінің айтуынша, олар қазір Украинада босқын мәртебесінде тұрып жатыр, өздерінің Youtube-тағы «Бәсе» телеграм-арнасын жүргізеді, онда Қазақстан билігі мен олигархтарын сынға алып тұрады.
2022 жылы Қазақстан билігі Айдос және Наталья Садықовтарға (суретте) қылмыстық іздеу жариялады. Оларға жаулықты қоздырды деген айып тағылды.