Еуро-2024: Футболдан Украина құрамасы Румыниядан ірі есеппен ұтылды
МЮНХЕН. 17 маусым. Германияда өтіп жатқан футболдан Еуропа чемпионатының 1-турында Румыниямен кездескен Украина құрамасы 0:3 есебімен күйрей жеңілді. Бұл туралы Sport.ua ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Матч Мюнхеннің 75 мың орындық «Альянц-Арена» стадионында ойналды. Оған швед арбитрі Гленн Нюберг қазылық жасады.
Украин таблоиды осы ойынға арналған есептік материалын «Хуже и не придумаешь. Украина потерпела разгром от Румынии в Мюнхене» деп атады.
Расында да бас жаттықтырушы Сергий Ребров шәкірттерінің Еуро-2024-тегі бірінші шайқасына шыққан сөрелік құрамы мамандар мен жанкүйерлерді таң қалдырды. Ол қақпаға Ондрий Лунинді қойды, орталық қорғаныс шебін Микола Матвиенко мен Илья Забарныйға тапсырды, сол қанатқа Олександр Зинченко орналасса, оң қапталға Ефим Конопля жайғасты. Тірек аймағы позициясын Микола Шапаренко мен Тарас Степаненкоға берді, олардың алдарында Георгий Судаков тұрды. Сол қанаттағы вингердің орнын Михайло Мудрик, сол қанаттағы жартылай қорғаушы рөлін Виктор Цыганков еншіледі, шабуыл шебі жалғыз Артём Довбикке бұйырды.
Матчтың құны өте жоғары болды. Мұны оның алғашқы секундтарында қауырт шабуылға шыққан румындардың допты шамадан тыс қақпайлап жүріп айырылып қалғаны, сосын украиндардың аса жылдам қарқынмен қарсы жорыққа шығып үлгергені анық байқатты. Осы жолы-ақ гол соғып кетуге болатындай жағдай туды, бірақ қарсы айып алаңында Мудрик шабуылды ұтымды жалғастыра алмады.
Біршама уақыттан кейін румындар да қарсы шабуылға шықты. Олардың қарсыластары көп күшпен қорғанып бақты. 8-минутта Флоринел Коман алыстан доп ұрды, оны Лунин қайтарды.
Ойынды өз бақылауында ұстаған украиндар тек 22-минутта ғана қақпаны көздеп ұра алды. Бірақ Довбиктің аяғынан ұшқан доп маңдайшаның үстінен зу ете түсті. Бұл кезге дейін румындар бір-бірлеріне 39 ғана пас бере алған болса, украиндардың көрсеткіші бұдан 2,5 есе асып тұрды.
Алайда 29-минуттта Украина құрамасы өзінің алаң үстінде шектен тыс үстемдік құрғанының жазасын тартты. Алдында тосқауыл тұрғандықтан, Матвиенконың арттағы Лунинге жөнелткен добы қолайсыздау болып барды. Ал дарбазашының асығыс-үсігіс алға қарай берген пасы бұдан да нашар болып шықты. Мұны жары жолда Деннис Ман қағып алып, алаң ортасындағы Станчуге жеткізе қойды. Өз кезегінде ол 21 метр жерден соққы жасап, қақпаның оң жақ бұрышын дәл көздеді. Гол!
Жақында ғана Чемпиондар лигасы кубогын жеңіп алған Мадридтің «Реалының» Дортмундтың «Боруссиясымен» өткізген финалдық матчында қақпада тұрған Ондрий Лунин румындардың бұдан кейін соққан екінші голы үшін де тікелей жауапты болды.
Екінші гол 53-минутта соғылды. Оны да қарсыластар (Резван Марин) алыстан ұрып түсірді. Өз қорғаушыларының қалқасында қалған Лунин доптың бағытына қарай тым кеш секірді… Арада небәрі 4 минут өткенде, таблодағы есеп 3:0-ге жеттті. Бұл жолы Маннан пас алған Раду Дрегуш қақпа алдындағы қарбалас сәтте оның бағытын өзгерте салды.
Айта кетуіміз керек, Украина құрамасы бірінші таймда қарсыластар қақпасы шеңберіне қарай бір рет те туралап доп ұра алмады. Ал допқа егелік ету көрсеткіші 65 те 35 пайыз болып, солардың пайдасына шешіліп тұрды.
Екінші таймда да ахуал көп өзгере қойған жоқ. Қақпаға тура қауіп төндіре алмаса да, украиндар үздіксіз алға ұмтылып, шабуылдаумен болды. Бұл кезде олардың қарқындары тіпті күшейе түскендей болып көрінген. Алайда бұл жолы бұрынғыдан екі есе көп – екі гол жіберіп алды.
Бұған дейін топтағы ең күшті команда ретінде Бельгия құрамасы аталып келген еді. Ал Украина құрамасы – екінші, Словакия – үшінші, ал Румыния төртінші терме жамағат болып саналатын. Бүгінгі ойын соңғы үш команданың деңгейлері шамалас екеніне көз жеткіздірді.
Демек, қызықты да тартысты ойындар алда тұр.