Германия чемпионаттың беташар матчында Шотландияны 5:1 етіп ұтты
МЮНХЕН. 15 маусым. Футболдан Германия құрамасы Еуропа чемпионатының тұсаукесер матчында Шотландия терме жамағатын 5:1 есебімен күйрете жеңіп шықты. Бұл туралы «Советский спорт» ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Кездесу А тобының шеңберінде Мюнхен қаласында ойналды.
Құрлық чемпионатының бірінші ойынында алаң иелері – Германия құрамасы осылай ірі есеппен жеңіске жетті. Бір қызығы, онда тіркелген алты доптың бәрін немістердің өздері соқты.
Турнирдің алғашқы голын 10-минутта Флориан Вирц салып, өз командасын алға шығарды.
Осы матчта берген пастарының бәрі өзінің мәнзілін тауып, 100 пайыздық көрсеткішке жеткен Тони Кроос керемет ойнады. Ол бірінші голдың жолын да өзі бастап берді. Тони алыстан ұрып, оң қапталдағы Киммихке допты әдемі жеткізді. Бұдан әрі Йозуа оны Вирцке қарай зырлатты. Ал Флориан алдына келіп түскен допты тоқтатпастан, дарбазаға қарай жөнелтті. Доп шотландтықтар голкипері Ангус Ганның қолына тиіп барып, қақпа бағанына соқты да, торға қарай домалай кетті. Гол!
Бұл – 21 жасар вингердің Германия құрамасы сапындағы бірінші ірі турнирі. Ол биылғы маусымда Ливеркузенннің «Байер 04» командасы құрамында Бундеслиганың чемпионы атанды.
19-минутта Джамал Мусиала алаң иелерінің айқын басымдылығын екінші голға айналдыра білді. Ал үшінші гол пенальтиден соғылды. Оны Кай Хавертц орындады. Бұған шотландтықтар қорғаушысы Райан Портеустің өз айып алаңында тәртіп бұзғаны себеп болды. Осы үшін қорғаушы алдымен алаңнан қуылып кетті. Алаңдағы арбитр Клеман Тюрпен (Франция) бұл жерде өте шешімталдық көрсетті. Бұлай дейтініміз, мұның алдында да немістерге 11-метрлік айып добын соғу мүмкіндігі бола жаздаған еді. Алайда VAR мониторын көрген көмекші төрешінің баянатынан кейін ол бұдан бас тартты.
Үзілістен кейін де үш доп соғылды. Алаң иелері қатарынан осы аралықта Никлас Фюллькруг пен Эмре Джан мергендіктерімен көзге түсті. Әуелі есеп 4:0-ге жетті, содан кейін 4:1 болды, ал матч соңына қосылған 3 минуттың ішінде 5:1 деген көрсеткіш пайда болды. Шотландтықтарды «құрғақ» жеңілістен сақтап қалған 87-минутта неміс Антонио Рюдигердің айып алаңында өз қақпасына баспен доп кіргізіп алғаны болды.
Еуропа чемпионаты Германияда 15 маусым мен 14 шілде аралығында өтеді. А тобында Германия мен Шотландиядан бөлек, Мажарстан (Венгрия) мен Швейцария да бар. Соңғы екі команда бүгін кешке 18:00 сағатта алаңға шығады. Матч Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Суреттерде: 1.Германия құрамасының жігіттері матчтан соң; 2.Флориан Вирц есеп ашқаннан кейін; 3.Немістер үшінші допқа осылай қуаныш білдірді