Белгілі қоғам қайраткері, мәдениеттанушы Мұрат Әуезов қайтыс болды
АЛМАТЫ. 14 маусым. Қазақстандық белгілі қоғам қайраткері, мәдениеттанушы, дипломат Мұрат Әуезов 82-ге қараған шағында өмірден өтті. Бұл туралы Tengrinews.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Мұрат Әуезов – қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезовтің ұлы. Ол қытай филологиясы бойынша маманданған әдебиетші.
Мұрат Мұхтарұлы Әуезов 1943 жылы 1 қаңтарда Жамбыл облысының Мерке кентінде өмірге келді.
М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Шығыс тілдері институтын «Қытай филологиясы» мамандығы бойынша бітірді.
КСРО Ғылым Академиясының әлем әдебиеті институтында әдебиет теориясы бойынша филология ғылымының кандидаты дәрежесіне диссертация қорғады.
Қазақстан Журналистика академиясының 27.02.2007 жылғы жалпы жиналысы арқылы академияның толық мүшесі болып сайланды.
1970—1976 жылдарда М.М.Әуезов «Эстетика кочевья» ұжымдық монографиясын әзірлеген (1975 жыл) философия және құқық институтындағы эстетика тобына жетекшілік етті.
1981—1987 жылдарда «Қазақфильм» киностудиясында бас редактор болып қызмет атқарды.
1988—1990 жылдарда Қазақстан жазушылар одағының көркем аударма және әдеби өзара байланыстар жөніндегі алқасын басқарды.
1990-шы жылдардың соңында М.М. Әуезов Қазақстандағы «Мир» телерадиокомпаниясының көркемдік жетекшісі болды.
1990 жылы Әуезов М.М. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің халық депутаты болып сайланып, онда Кеңес президумының мүшесі, парламентаралық байланыстар жөніндегі комитеттің төрағасы болды.
1992 жылғы желтоқсаннан ҚХР-дағы Төтенше және Өкілетті елшісі қызметіне тағайындалды. Ол ҚР ерекше тапсырмалар бойынша Төтенше және Өкілетті елшісі болып табылады.
1995 жылы Алматы облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық келісім департаментін басқарды.
1999 жылғы желтоқсаннан «Сорос-Қазақстан» қорының атқарушы директоры, 2002 жылғы шілдеден қордың президенті.
2003-2006 жылдары Қазақстан Республикасы ұлттық кітапханасының бас директоры қызметіне тағайындалды.
Оның қаламынан туған мақалалар «Времён связущая нить» (1972), «Иппокрена. Хождение к колодцам времен» (1997) деген атаулармен баспа жүзінде жарық көрді.
Мұрат Әуезов – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, 2004 жылы «Тарлан» сыйлығының лауреаты атанды.
Ол Мәскеуде оқып жүргенінде қазақтың ұлтшыл жастарының «Жас тұлпар» ұйымының белсенді мүшесі болған.
Марқұмды Алла алдынан жарылқасын.