Үкімет 4 баласы бар әрбір отбасыға 12,8 миллион теңгеден төлейді
АСТАНА. 5 маусым. Қазақстан Үкіметі 4 баласы бар әрбір отбасыға 12,8 миллион теңгеден төлейтін болды. Бұл туралы Inbusiness.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Осылайша біздің билік Ресей үлгісіндегі «Аналық капитал» жүйесін енгізуден бас тартты.
Ұлттық статистика бюросының дерегі Қазақстанға демографиялық күйзеліс қаупі төнгенін байқатты. Былтырғы 2023 жыл қорытындысында Қазақстанда 388 428 мың сәби дүниеге келген.
Бұл – соңғы 5 жылдағы ең төменгі көрсеткіш. Атап айтқанда, 2019 жылы – 402 310, 2020 жылы – 426 824, 2021 жылы – 446 491, 2022 жылы – 403 893 бөбек дүние есігін ашқан.
Бұл үрдіс биыл да жалғасуда: 2024 жылдың бірінші тоқсанында 91,9 мың мың сәби дүниеге келді. Туудың ең жоғары деңгейі тек үш өңірде – Маңғыстау (1000 тұрғынға 25,10 адам), Түркістан (24,71) облыстарында және Шымкентте (23,57) тіркелді.
Республика бойынша туудың жалпы коэффициенті 1000 адамға шаққанда 2023 жылғы 19,52 баладан 2024 жылғы қаңтар-наурызда 18,33 балаға дейін кеміді. Халықтың табиғи өсімі 1 мың адамға шаққанда былтырғы 1-ші тоқсандағы 12,41 адамнан биыл 11,66 адамға дейін күрт кеміді. Республикада өлім-жітім керісінше, 1 мың адамға шаққанда өткен жылғы 6,65 адамнан 2024 жылғы үш айда 6,67 адамға дейін көбейді.
Демографияның құлдырауына халық тұрмысының төмендеуі, табысының құлдырауы, елді қымбатшылықтың жайлауы, балалардың тағамынан бастап, киім-кешегіне дейін бағаның күрт көтерілуі сияқты факторлар ықпал етуде.
Осыған байланысты бір топ депутат демографиялық құрдымға құлауды тоқтату үшін Ресей үлгісінде «Аналық капиталды» енгізу мәселесін қайта көтерді.
«Экономиканы дамытудың басты қайнар көзі адам. Сол адамды дүниеге әкелетін нәзік жанды әйелдер. Мемлекеттің басты құндылығы адамды дүниеге әкелетін әйелдерге мемлекеттік деңгейде қамқорлық жасап, олардың жан дүниесін аялап, денсаулығына мән беру – басты міндет! Көрші Ресейде ана капиталының сомасы бірінші балаға – 639 мың рубль немесе шамамен 3 млн 195 мың теңгеге, екінші балаға – 883 мың рубль немесе 7 млн теңгеге тең. Мұны қазақстандық жәрдемақымен салыстыруға келе ме? Әрине, жоқ. Қазақстанға да лайықты, әділетті аналық капиталды жасақтайтын уақыт жетті, бұл кезек күттірмейтін мәселе», – дейді Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров.
AMANAT партиясы фракциясының депутаттары Үкіметке тағы бір ұсыныс енгізді: жас босанған аналардың бүкіл тісі мемлекет есебінен емделуі қажет. Бұл үшін жаңа бір реттік төлем түрін енгізу керек.
«Ана жүкті болғанда, құрсақтағы баласы қалыптасуы үшін кальцийді көптеп тұтынады да, анасы тісінен айырылатыны медициналық дәлелденген факт. Қазақстанда көп балалы атанған 543 мың әйел бар. Барлығының басындағы зор проблема – тістің түсуі. Қазақстанда стоматология бағасының күйіп тұрғанын бәріміз жақсы білеміз. Сондықтан бірінші кезекте көп балалы аналарға тісін жөндеу үшін бір реттік қаржылық төлем тағайындау қажет. Бала тапқан әйелдердің денсаулығын қалыпқа келтіріп, ұстап тұрудың мемлекеттік стандарттары керек», – делінген фракцияның депутаттық сауалында.
Үкімет AMANAT партиясы депутаттарының бұл ұсыныстарының бәрін қабылдаудан бас тартты. Яғни, аналық капитал да болмайды, тісті емдеу үшін бір реттік төлем де төленбейді.
Сондағы дәйектемесі қандай?
Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенованың айтуынша, Ресейдің үлгі-тәжірибесі бойынша елімізде «Аналық капиталды» енгізу мәселесі бұған дейін де бірнеше рет зерделеніп, талқыланды. Сонда да қабылданбаған. Неге?
«Ресейдің ана капиталы дегені тұрақты тетік емес, уақытша шара болып табылады және халықтың туу көрсеткішін өсіру үшін жүзеге асырылады. Ол төлем сертификат түрінде рәсімделеді және оны ата-анасы бала 3 жасқа толғаннан кейін ғана белгілі бір мақсаттарға – тек тұрғын үй сатып алуға, не баланың білім алуына жұмсай алады. Алайда аналық капиталды пайдалануы үшін төлем қабілеттілігін растауы қажет», – деді вице-премьер.
Оның пікірінше, Ресейге қарағанда «біздікі – күшті».
«Біздің елімізде қарастырылған жәрдемақының Ресейдегі жүйеден айырмашылығы сол, Қазақстанда төлем анаға ай сайын төленеді және оны қолдану бағытында ешқандай шектеу жоқ. Мысалы, 2024 жылы 4 баласы бар отбасына ай сайын 59 183 теңге төленіп тұрады. Сонда орта есеппен 18 жылда, яғни бала кәмелеттік жасқа толғанға дейін оның анасына бюджеттен жалпы сомасы кем дегенде 12,8 миллион теңге беріледі. Бұл – көрші елдің төлемақысынан бірнеше есеге артық! Әлдеқайда тиімді, әрі жәрдемақы төлемдерінің уақытылы әрі тұрақты төленетініне кепілдік берілген», – деді Тамара Дүйсенова.
Оның айтуынша, ата-анасы сол жәрдемақы төлемдерін бірден жұмсап жібермей, жинақтаса, баспана мен білім беру сияқты белгілі бір мақсаттарға ғана емес, қалаған мақсатына жұмсай алады.
Бірақ Үкімет бұл жерде ай сайынғы 59 мың теңгенің жинақ түгіл, баланың бір айғы күтіміне жетпейтінін ескермей отыр. Қазіргі қымбатшылық заманында балалардың тамағы, қоспасы, киімі, дәрі-дәрмегі, дамытушы ойыншықтары бұдан бірнеше есе көп шығынды талап етеді.
Бұдан бөлек, Үкімет басшысының орынбасары президенттік бастама саналатын «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында балалар капиталын қалыптастыру басталғанын сөз етті.
Бастапқыда бұл жобадан әр балаға 300 доллардай қаражат түсетіні айтылған. Шындығында, мемлекет 6 919 131 баланың әрқайсысына 2024 жыл үшін небары 100 доллардан аударды. Жобаның шарты бойынша «Ұлттық қордың инвестициялық табысының бір бөлігі балалардың есеп-шотына аударылып, оны ата-анасы білім алу және тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін жұмсауға мүмкіндік берілді». Алайда 18 жылда жиналатын 1 800 доллар не университетке түсуге, не пәтер алуға жетпейтіні мәлім.
Тамара Дүйсенова тісі түсіп қалған аналарға арнайы көмек болмайтынын білдірді. Жалпы көмек қана қарастырылған.
«Бүгінде акушерлік-гинекологиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартына сәйкес, перзентханадан шыққан барлық босанған әйелді тұрғылықты тіркелген емханасының мамандары бақылауға алуға тиіс. Алғашқы 3 күн ішінде үйлеріне барып, патронаж жасау арқылы әйелдің денсаулығы мен әлеуметтік жағдайын бағалайды. Бақылау барысында әйелдің денсаулығында ауытқулар анықталса, тегін тексерулер мен бейінді мамандар кеңесін тағайындайды. Қауіпті факторлары бар, ауыр жағдайда босанған әйелдерді диспансерлік бақылауға алып, тұрғылықты мекенжайы бойынша емхана қызметкерлері бейінді мамандармен бірлесіп, амбулаторлық немесе стационарлық медициналық оңалту шараларын іске асырады», – деді вице-премьер.
Жалпы, Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 27 сәуірдегі №ҚР ДСМ-37 бұйрығымен бекітілген «Амбулаториялық жағдайлардағы мамандандырылған медициналық көмек көрсету қағидаларына» сәйкес, нәрестелі аналар тісін мемлекет есебінен емдете алады.
Қағидалар бойынша жүктілік кезінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында жүкті әйелдерге шұғыл және жоспарлы стоматологиялық көмек көрсетілуге тиіс. Тісті тісжегі-кариестен, қабынудан, пульпиттен емдеу және басқа шаралары да МӘМС шеңберінде жүргізілуі шарт.
Нақтылағанда, «шұғыл стоматологиялық көмек» ана өміріне қауіп төндіретін айқын белгілерсіз, созылмалы аурулардың өршуі кезінде көрсетіледі: пульпит (жедел немесе созылмалы түрдің өршуі), пародонтит (жедел және созылмалы өршу), жақ-бет жарақаты (мысалы, тістің шығуы немесе сынуы), стоматит және басқасы.
«Жоспарлы стоматологиялық көмек» профилактикалық іс-шаралар кезінде, науқастың өміріне қауіп төндірмейтін, шұғыл медициналық көмекті қажет етпейтін ауруларда көрсетіледі. Бұған жақтың немесе тістің рентгенографиясы, пломба салу, анестезияны қолдану арқылы қарапайым және күрделі тісті жұлу жатады. Бірақ аналар тегін пломбаның сапасыздығына, тез түсіп қалатынына шағымданады.
Әлеуметтік медсақтандыру қорындағы (ӘМСҚ) және МӘМС жүйесіндегі былықтар кесірінен, қалалық емханалар да, жекеменшік клиникалар да аналардың тісін тегін емдеуден бас тартады, келіскеннің өзінде бірнеше айға созылатын кезекке жазады. Жанына батқан ауырсыну азабынан сонша ұзақ күте алмаған аналар амалсыз, қарызданып-қауғаланып, балаларының аузынан жырып, тісін ақылы емдетеді.
Қорыта айтқанда, демографияға соққы болып тұрған проблемалар шешілмей қалды.