Футболдан Қазақстан құрамасы тізгінін ресейлік Станислав Черчесов ұстады
АСТАНА. 4 маусым. Футболдан Ресей құрамасының бұрынғы бапкері Станислав Черчесов кеше Қазақстан терме жамағатының бас жаттықтырушысы болып тағайындалды. Бұл туралы Exclusive.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Станислав Черчесов футболдан Қазақстан ұлттық құрамасын басқаратын болды», – деп атап өтті аталмыш ресурс.
«Біз бір-біріміз қол алыстық. Футболдан Қазақстан құрамасын басқару хақындағы принципті шешім қабылданды! Қазір соңғы детальдарды талқылап, келісімге келіп жатырмыз», – деп жария етті Станислав Черчесовтің өзі.
Бірақ жаттықтырушымен арадағы келісімшарттың мерзімі де, оның жалақысы мөлшері де ашып айтылған жоқ.
Қазақстан Футбол федерациясының президенті Әділет Бәрменқұлов ұлттық командаға таңдап алынған бас жаттықтырушының жеке тұлғасына риза екенін сол заматында мәлімдеп үлгерді. Оның айтуынша, бұл Қазақстан футболы дамуындағы жаңа белесті кезең болмақшы-мыс-дүр. Біздің аяқдоп ұйымының басшысы қатты қуанғаны сондай, Черчесов «бүкіл футбол шаруашылығын басқарудағы ғажайып маман ретінде Қазақстан футболына өзінің лабораториясымен және идеяларымен енеді» деп те соғып жіберді. Бұл жай ғана сөз ойнату үшін айтыла салған риторика ма, әлде қалың көпшілік алдында ақталудың бір түрі ме, жоқ Станислав Саламовичке жағымпазданудың көрінісі ме – оны алдағы уақыттар көп ұзатпай байқататын болады.
Ресей бұқаралық ақпарат құралдары бұл оқиға жайында жарыса жазысып жатыр. Мәселен, «Советский спорт» газеті «Усы надежды Казахстана. Черчесов берётся за крайне любопытную сборную» деген тақырыпта көлемді мақала жарияласа, «Спорт-Экспресс» басылымы «Черчесов – в сборной Казахстана. Можно не сомневаться, цель – попадание на ЧМ-2026» деген атаумен материал ұсынып, өз отандастарының қабілеті мен мәртебесін жүдә асқақтатып жіберіпті.
Енді сол Черчесов деген кім, нақты соған келейік.
Станислав Саламович Черчесов (осетинше: Черчесты Саламы фырт Станислав) – осетин футболының түлегі. Ол 1963 жылы 2 қыркүйекте КСРО-ның Ресей Федерациясы құрамындағы Солтүстік Осетия автономиялы республикасының Алагир қаласында туған. Кеңес және Ресей футболшысы, қақпашы, футбол жаттықтырушысы. Ресей спортына еңбегі сіңген шебер (2003), Ресейдің еңбек сіңірген жаттықтырушысы (2018).
Станислав Черчесов футболдағы мансабын Орджоникидзенің (қазіргі Владикавказ) «Спартак» командасында бастады, 1982-1984 жылдары осы жасақта 47 рет алаңға шығып, 36 доп жіберді. Содан кейін Мәскеудің «Спартагына» алынды. Мұнда 1984-1987, 1989-1991, 1992-1993, 1995, 2002 жылдары 149 матчқа қатысып, 117 доп өткізді. 1988 жылы Мәскеудің «Локомотиві» сапында 30 ойын ойнап, 29 гол жіберді. Сол сияқты Германияның «Динамо» (Дрезден) клубында 57 рет алаңға шығып, 102 гол өткізіп қойды, ал Австрияның «Тироль» (Тироль) жамағаты құрамында 182 кездесуде қақпа қорғады.
Ол сондай-ақ КСРО, ТМД және Ресей құрамалары сапында 49 матчқа қатысып, 38 доп жіберіп алды.
Станислав Черчесов жаттықтырушы ретінде Австрияның «Куфштайн» (2004), «Ваккер-Тироль» (2004-2006), Ресейдің «Спартак» Мәскеу (2007-2008), «Жемчужина» Сочи (2010-2011), «Терек» Грозный (2011-2013), «Амкар» Пермь (2013-2014), Польшаның «Легия» Варшава (2015-2016), Мажарстанның «Ференцварош» Будапешт (2021-2023) командаларын басқарды.
Черчесов 2016 жылдың 11 тамызынан 2021 жылдың 8 шілдесіне дейін Ресей құрамасына жетекшілік етті. Осы бес жылда құрама команда 57 матч өткізіп, 24 ойында жеңіске жетті, 13 рет тең түсті, 20 мәрте ұтылып қалды. 2021 жылдың жазында ол және штаб мүшелері түгелдей құрамадан үлкен жанжалмен қуылып кетті. Бұған команданың 2020 жылғы Еуропа чемпионатында барынша сәтсіз өнер көрсеткені себеп болды. Сол жолы Ресей құрамасы өзінің жаңа тарихындағы ең ірі жеңілісіне ұшырап, Сербияға 0:5 есебімен есе жіберді, сондай-ақ Бельгиядан 0:3, Даниядан 1:4 болып ұтылды, жалғыз жеңісі Финляндиямен өткен ойында 1:0 есебімен аяқталды. Ал бұған дейін Ресей құрамасы 2018 жылы өз елінде өткен әлем чемпионатында турнирдің басты фавориттерінің бірі – Испания құрамасын пенальти сериясында жарыс жолынан шығарып тастап, тарихта тұңғыш рет 1/4 финалға өтіп еді. Осы жетістігі үшін Станислав «Ресейдің еңбек сіңірген жаттықтырушысы» атағын алды.
Черчесов осы жолғы отставкасынан кейін венгрдің «Ференцварош» командасының тізгінін ұстады. Команда оның басқаруында екі рет ел чемпионы атанды. Бірақ 2023 жылғы шілдеде жасақ Фарер аралдарының «КИ Клаксквик» клубынан 0:3 болып жеңіліп, УЕФА Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу раундынан ұшып кеткеннен кейін тағы да қызметтен аластатылды.
Станислав Черчесов құрамамен өткізген матчтары саны жөнінде Олег Романцевтен (1994-1996, 1999-2022) кейінгі екінші орында тұр. Сол сияқты жеңіс пен тең ойын жағынан да екінші, ал ұтылыс пен доп өткізіп алу жөнінен нағыз рекордшы болып табылады.
Ресей құрамасы Гид Хиддинктің кезінде бес рет ірі есеппен жеңілсе, Олег Романцев тұсында мұндай жағдай екі рет қайталанды, Анатолий Бышовец, Георгий Ярцев және Леонид Слуцкий уақтарында бір-бірден ұшырасты. Ал Станислав Черчесовтің еншісіне осындай 7 күйрей жеңілу жазылған.
Бес жыл ішінде Черчесов құрама сапына 71 футболшы шақырды.
Қазақстан құрамасы Станислав Черчесовтың қарауында 7 маусым күні Ереванда Армения құрамасымен бірінші жолдастық кездесу өткізеді. Содан кейін 11 маусымда бейтарап алаңда Әзербайжан құрамасымен күш сынасады. Осы екі ойында жаңа жаттықтырушының ерекшеліктері байқалып қалады.
Жасыратыны жоқ, орыс тілді бір қауым болмаса, қазақ қоғамы түгелге жуық Ресейдің өзіне керексіз болып қалған маманның еліміздің ұлттық құрамасының бас мурабиі болып келгеніне қарсылық білдіріп жатыр. Оның келетіні жөніндегі сыбыс естілгеннен үдере көтерілген жұрт әлі сол бағыттарынан қайтып жатқан жоқ.