Жаңалықтар жаңғырығыСпорт

Қазақстанның футбол чемпионаты басталды! (видео)

АСТАНА. 7 наурыз. Футболдан Қазақстанның кезекті ХXIX чемпионатының премьер-лигадағы ойындары басталды. Бұл туралы rast.kz хабарлады.

Бүгін еліміздің 4 қаласында біріншіліктің жалауы желбіреді.

Астанада жергілікті «Астана» турнирдің дебютанты Петропавлдың «Қызылжарын» қабылдады. Кездесудің бас жағы тартысты өтті. Оны бірінші тайм аяқталған кезде бұрыштама доп беруден қонақтардың 4:2 есебімен алда тұрғаны да байқатады. Бірақ үзілістен кейін алаң иелері қарқынды күшейтіп, бұрыштама беруден де озып кетті. Олар алғашқы доптарын 51-минутта салды. Оны астаналықтардың дебютанты Пьерос Сотириу түсірді. Бұдан кейін есеп тек 82-минутта ғана өзгерді. Бұл жолы да Сотириу мергендігімен танылды. Ал 88-минутта Рунар Сигурьонсон, 90-минутта Марин Томасов өз есептеріне бір-бір доптан жаздырды. Сөйтіп, «Астана» 4:0 есебімен ірі жеңіске жетті.

Қостанайда жергілікті «Тобыл» мен Қарағандының «Шахтері» арасындағы кездесуде де матчтың тағдыры соңғы минуттарда шешілді. Әуелі 17-минутта алаң иелерінің дебютанты Роман Мұртазаев өзі секілді «Астанадан» келген Серікжан Мұжықовтың добын соңғы шепте іліп алып, торды бүлк еткізді. Келесі таймның 56-минутында меймандар сапындағы Андрей Буйволов таразы басын теңестірді. Сонан соңғы гол 87-минутта соғылды. Сол кезде Азат Нұрғалиев алаң иелерін алға шығарды. Сосын 88-минутта Лука Зарандия есепті еселей түсті. Ойындағы қорытынды есеп 3:1 болып, «Тобылдың» пайдасына шешілді.

Алматыда «Қайрат» пен «Тараз» арасындағы кездесуде де осы үрдіс сақталып қалды. Алаң иелері тек соңғы 7 минуттың ішінде ғана жеңіске қарай қадам басты. Олар бірінші голды 24-минутта Конрад Вржещиньскийдің күш салуымен салды. Алайда, арада бес минут өткенде, қонақтар Нилс Цатлдың шеберлігімен есепті теңестіріп кетті. Ал соңғы гол пенальтиден кейін салынды. Алдымен меймандар қорғаушысы Журахон Бабахонов шабуылшы Артур Шушеначевті айып алаңының ішінде шалып құлатты. Онбірметрлік соққыны «Қайраттың» дебютанты Абат Айымбетов ұрды. Қақпашы бұл соққыны қайтарды, дегенмен Абаттың екінші қайтара ұрғанына тосқауыл бола алмады. Осылайша төпелеп жауып тұрған қардың астында өткен ойын қайраттықтардың пайдасына шешілді – 2:1!

Шымкентте «Ордабасы» Көкшетаудың «Оқжетпесін» қабылдады. Бұл ойында бір-ақ гол соғылды. Оны 57-минутта алаң иелері сапындағы Рубен Брижиду түсірді.

Ертең турдың қалған екі ойыны ойналады. Қызылордада «Қайрат» Павлодардың «Ертісін» қабылдайды. Ал Ақтауда чемпионаттың тағы бір дебютанты – «Каспий» Талдықорғанның «Жетісу» командасының алдында емтихан тапсырады.

***

Төменде Қостанайдың «Тобылы» мен Қарағандының «Шахтері» арасындағы ойынға жасалған шолуды ұсынып отырмыз:

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button