«Барыс» – «Металлург». Сериядағы жалпы есеп – 3:1

МАГНИТОГОРСК. 7 наурыз. Бүгін Астананың «Барыс» командасы Құрлықтық хоккей лигасының плей-офф сериясында Магнитгорскіде жергілікті «Металлургпен» кезекті матчын өткізіп, 2:0 есебімен жеңіске жетті. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Кездесу Астана уақытымен 18:00 сағатта басталып, жаңа ғана аяқталды.
Ойындағы есеп бірінші кезеңнің соңында, 20-минутта ашылды. Оны «Барыстың» шабуылшысы Антон Сагадеев өз есебіне жазды. Келесі 20 минуттық аралықта шайба соғылған жоқ. Ал 56-минутта Андрей Скабелканың шәкірттері кезекті қарсы шабуыл кезінде есепті ұлғайтты. Бұл жолы форвард Дастин Бойд мергендігімен көзге түсті. Алаң иелері бұдан кейін де өршелене шабуылдады. Бірақ астаналықтардың голкипері Эдди Паскуле өз қақпасын «құрғақ» сақтай білді.
Осылайша серияда «Барыс» 3:1 деген жалпы есеппен алға шықты. Астаналықтар өз алаңында өткен бірінші матчта 4:0 есебімен ірі жеңіске жетті. Елордада өткен келесі кездесуде қонақтар 3:0 есебімен басым түсіп, жалпы есепті теңестірді – 1:1. Содан кейін ойын Магнитогорскіде жалғасты. Мұндағы алғашқы матчтың негізгі уақыты 1:1 есебімен тең аяқталды. Ал овер-таймда барыстықтар ұтып кетті. Сөйтіп, жалпы есеп 2:1-ге жетті. Бүгін жалпы есеп 3:1 болып, астаналықтардың пайдасына ұлғая түсті.
«Барыс» – «Металлург» сериясындағы бесінші матч 9 наурыз күні Астанада өтеді. Ол Астана уақытымен 17:00 сағатта басталады. Осы кездесуде жеңген жағдайда «Барыс» Гагарин Кубогының екінші раундына қарай өтеді.
https://video.khl.ru/quotes/697637



