Жаңалықтар жаңғырығыТаным

Қазақтың белгілі күйші, композиторы Әбдімомын Желдібаев бақилық болды

ТАРАЗ. 12 сәуір. Белгілі күйші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Әбдімомын Желдібаев 90 жасқа қараған шағында дүние салды. Бұл туралы Kazinform.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

Әбдімомын Желдібаев 1934 жылы 15 қазанда Жамбыл облысы Шу ауданында туған. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын бітірген.

Ол 30 жылдан астам уақыт «Шу еркесі» халық аспаптар ансамбліне жетекшілік етті. Композитордың «Арман құс», «Толғау», «Жесір сазы», «Ыдырыс», «Аққу», «Абай арманы», «Жамбыл толғауы», «Тұран елі» сияқты 70-тен астам күйі мен әні бар.

Оның «Ерке сылқым» күйі халыққа кеңінен таралған. Күйшінің атақты туындысы – «Ерке сылқымның» құрметіне 2011 жылы Шу қаласында ескерткіш орнатылған.

«Құрмет», «Парасат» ордендерінің, айрықша белгідегі «Алтын барыс» төсбелгісінің иегері.

«Ерке сылқым» күйін автордың өзі орындауда

ЕРКЕ СЫЛҚЫМ

Аруларға арналған әндер көп, жырлар да жетіп артылады. Бірақ күйлер аз. Бар болғанның өзінде тыңдарманның жүрегінде, құлағында қалған, өміршең күйлер саусақпен санарлық.

Соның бірі – «Ерке сылқым». Бұл күйді білмейтін қазақ жоқ шығар. Алайда дәл осы тамаша туындыны күйшінің 20 жыл толғатқанын білеміз бе? Білсек те, соның сырына үңілдік пе?

Елордадан Шу қаласына арнайы ат басын бұрып «Ерке сылқымның» авторы Әбдімомын Желдібайұлымен әңгімелескенімізде,  күйші осы күйін тұңғыш тыңдаған Тәңірден талантты туған Тілендінің ұлы Нұрғиса атамыздың: «Мен мықты дирижер, дәулескер домбырашы шығармын. Бірақ нағыз күйші – мен емес, сенсің», деп баға бергенін айтып еді.

«Ерке сылқымды» бала кезден бойға сіңіріп өстік, себебі, әкеміз жиі тартады. Солай болып тұрса да, керім күйді толқи тыңдаған әр жүректің түпкіріндегі қылын шертетін құпиясының неде екенін әліге дейін толық аша алмай келе жатқандаймыз.

Күйдің кіріспесін домбырамен қосыла ыңылдап айтып көріңізші, автор әңгімесін: «Бір кездері бәрінен бейқам жүрген бозбала едім», деп бастайтындай. Өзіңіз ойлаңыз, 20 жылдан соң сол сезімді сәтін суреттесе, «едім» деп өткеннің өлшемімен сөз бастауы заңдылық. Қалай болғанда да, бозбаланың балаңдығы ғана емес, күйдің одан әрі екпіндей түскен тұсында айдай арудың жігіт жүрегіне шоқ салғаны баппен баяндалатындай. Бірақ домбыраның сағасына бірден бармай, әуелгі әуенге қайта келуі барлық бозбала мен бойжеткенде болатын «сезімді мойындамау» сезімі мен ақылының үнсіз айтысын, арпалысын аңғартады-ақ. Сағасындағы «сөз» ақылға да, тіпті жүрекке де бағынбайтын, буырқанған теңіздің толқынындай тулаған кезіңді көз алдыңа келтіретіндей көрінеді. Мұндай күй махаббаттың дәмін татқан барлық адамның басынан өтеді. Әуені көңілде, тереңге бойлай алатындар түсінетін күйдің айтары жадыңда тез жатталады. Ал сағасынан ойнақшыған тәтті әуезбен жоғарыға көтеріп әкетуі, жай емес, әрбір дыбысты шертіп шығаруы – көрікті қыздың көңілді қытықтайтын қылығы іспетті.

«Қыз қылығымен көрікті», деген алайда жүрегінде түгі бар бойдақ жігіттің сұлуға сүйсінуі де – сүйкімді. Ал ол қалаға өнер қуып келген ауылдың аңғал баласы, консерваторияның қабырғасында жүріп, туған жеріндегі ғашығын аңсап жүрген бозбала болса ше?

Тіпті тартымды. Десе де, талайдың арманы болған британдық актриса Одри Хепберн айтқандай, «Сезім сыйлау – соны сезінуден құндырақ». Міне, сондықтан да сезім сыйлаған сұлуға сүйсінбеу, тамсанбау мүмкін емес. Сол секілді жігіттің көз алдында арудың мың құбылып, әрбір қылығы қиялынан кетпейтін, өзіне жарасып тұратын ерекше еркелігі осы бір қос ішектің қоңыр үніне үйлесіммен түскен.

Осыдан соң қайталап айтқың келе беретін, қосыла кеткің келетін әдемі әннің керемет қайырмасындай, бастапқы ноталарға оралады. Бұл Мәжнүннің Ләйліні аңсағанындай әсер қалдырады әрі жүректің ақылды жеңгенін жеткізетіндей. Бірақ сол бастапқы әуезден әуелгідей емес, тезірек төменгі пернелерге түсуі қызды қиялында ғана құшып жүрген жігіттің шұғыл шешімге келгенін көрсететін сияқты. Яки бар батылдығын жиып, іштегісін сыртқа шығаруға бел буған бозбаланы бойжеткеннің бетін қайтарғандағы бейнесін байқауға болатындай. Төменгі пернелерге түскен сайын дыбыс қосып, күшейтуін ғашығынан беті қайтқан бозбаланың тұла бойындағы алаулаған жалынын, бұлқынған жүректі, жанарындағы сөйлеп тұрған мөлдір мұңды көру үшін көкірек көзі керек-ау. Екінші рет төменгі дыбыстан пернелерді алмастыра отырып жоғары өрлеуі – сөзсіз назданудың пәктігіне көркі келіскен қызға жарасып, тіпті оны одан әрі ажарландыра түсетініне тамсана білу. Үстіңгі пер­недегі нотаға бұрынғысынан бөлектеу тоқтауы – әрі ерке, әрі сыл­қым сұлудың сызылуы, соған сүйсінуі секілді. Күйдің жүрек қылын шетіп өтетін тәтті тұсы да осы. Бәрін өнермен өріп, сырлы бояумен әрлей келіп, аяғында қолтаңбасын қалдыру үшін суретшінің сүйкей салса да, картинаға көрік кіргізе кететін деталі сияқты салмақты сазбен,  кеткен күннің көрінісімен бастаған бастапқы қалпында тәмамдау бар. Күйші күйді көсіле аяқтауымен мәңгілік махаббатындай өлмейтін шығарманы өмірге әкелуіне себепкер болған кейіпкеріне алғыс айтатынын аңғартатын секілді.

Себебі, Әбдімомын атамыздың өз аузынан естігеніміздей, күйдің кейіпкері – өмірде бар адам, қазір ажары таймаған ардақты әже. Соңғы рет кездескенде: «Саған деген махаббатымды бәрібір ешкім өшіре алмайды», деген екен. Содан осындай іңкәр сезім, тәтті сағыныш сыйлайтын қазақ қыздарына күйден ескерткіш құйғысы келіпті. Онысы орындалды да. Ал дәл осы «Ерке сылқымға» 2012 жылы сол кездегі Шу ауданының әкімі, қазіргі мәжілісмен Қожахан Жабағиевтің бастамасымен ескерткіш орнатылды. Күйге ескерткіш қою деген бұрын-соңды тарихымызда болған жоқ.

Әлбетте бұл – біздің тыңдармандық түсінігімізбен түйгеніміз, субъективті сөзіміз ғана. Бір романды 1000 оқырманның 1000 түрлі қабылдайтыны секілді, күйге құлақ қойған жанның қиялы мен ойын тар шеңберге тығып қоюға келмейді. Бір орындаушы осы күйді тартқанда 2-3 жасар балдырғанның бұртиғаны, қарасаң көз тоймайтын тәтті тілі, айтқанына көнбей қойғаны үшін табан асты еркелеп жылай салатыны, сонан соң өбектегенге ернін шүртитіп жұбана кететіні елестейтінін айтып еді. Келесі бір тыңдаушы мүлде басқа сезімді бастан кешуі мүмкін. Себебі әр адамның өз қалауын көріп, сезінуі үшін «Ерке сылқымның» әуенін табуға 20 жылын жұмсағанында жатқан шығар. Автордың: «Бұл күй – барша қазақ қыздарындағы қайталанбас болмыстың, образдардың жиынтығы», деуі содан.

Мақаланы жазу мақсатында атасының шығармашылығынан магистрлік диссертация қорғаған Меруерт Желдібаевамен жүздестік. Меруерттің әңгімелеуіне қараған­да, атасына бұл туындыны өмірге әкелу оңай болмаған. Бір әуен үнемі құлағына келеді, тіпті түсіне де кіреді. Түнде тұрып, нотаға түсіріп ала қояйын десе, қашып кетеді. Немересі күйдің көп ойдан, терең толғаныстан туып, қағазға бөлім-бөлім болып түскенін айтады. Өйткені, мұнда жастықтың жалыны ғана емес, 20 жыл бойы жиған білімі мен орда бұзар жастағы композитордың өмір тәжірибесі де көрінеді. «Ерке сылқымның» ерекшелігі – бір күйдің бірде шертіп, бірде төгіп тартылатынында. Ал өмір­шең болып келе жатқанын жеке орындауға да, ансамбльда тартуға немесе оркестрге салуға да қолай­лылығымен байланыстыруға болады. Өнертанушы әрі домбырашы Меруерт тағы бір сөзінде:

– Таңертең атам тартқан теме­кінің иісімен оянатынбыз. Бір қолында шылым, бір қолында ұқыпты ұшталған қарындаш болады. Есіктің алдында тұратын сәкідегі дөңгелек үстел басында бір жағына газет пен «Жұлдыз» журналын, бір жағына нота парақтарын шашып, ойланып отырады. Бұл – атамның шабытты шағы. Ол кісі шай қоюға күнмен таласып тұрған келініне (менің анама): «Сәуле, анау Шолпан жұлдызына қарашы. Не деген ғажап құбылыс!», деп балаша тамсанады екен. «Меніңше, атамның шабыт шақыратын музасы – сол Шолпан жұлдыз секілді», – деді. Бәлкім, бірде буырқанып толқыса, бірде сыңғырлап күліп арбайтын, бірде ботасын бәле-жәледен қорғау үшін бәріне баратын адуынды аруанаға айналса, бірде шөбересін иіскеп еміренетін мейірімді әженің кейпіндей, мың бояулы әйел әлемінің табиғатын бір шығармаға сыйғызған «Ерке сылқымын» нақ сондай Шолпан жұлдызға тамсанып тұрып тудырған шығар-ау…

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ

egemen.kz

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button