Қызылорда облысындағы Қазалы қаласы ауыл мәртебесін алуы кәдік
АСТАНА. 12 сәуір. Қызылорда облысындағы ежелгі Қазалы қаласының бұдан былай ауылдық елді мекен деңгейіне көшетін түрі бар. Бұл туралы Tengrinews.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Алдағы уақытта жергілікті халық санының күрт азайып кетуіне немесе өспей қалуына байланысты кейбір қалалар ресми түрде ауылға айналуы мүмкін. Ұлттық экономика министрлігі Tengrinews.kz редакциясының ресми сауалына берген жауабында елімізде аудандық маңызы бар 10 қала барын, тұрғындарының саны 10 мың адамға жетпейтінін баяндады. Министрліктің баспасөз қызметі ауылға айналуы мүмкін қалалардың тізімін де ұсынды.
«Елді мекендердің мәртебесін өзгерту мәселелерін сол елді мекен тұрғындарының пікірін ескере отырып, аудандық өкілді және атқарушы органдардың ұсынысы бойынша облыстық өкілді және атқарушы органдар (мәслихаттар мен әкімдіктер – ред.) қарайды», – делінген мемлекеттік органның порталға берген жауабында.
Ауылға айналуы мүмкін қалалар қатарында Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Абай, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарындағы мына елді мекендер аталып отыр:
– Шар (Абай облысы, Жарма ауданы) – 6 500-ге жуық адам;
– Степняк (Ақмола облысы, Біржан сал ауданының әкімшілік орталығы) – 4 мыңнан аса адам;
– Державинск (Ақмола облысы, Жарқайың ауданы, аудан орталығы) – 7 мыңға жуық адам;
– Жем (Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы) – 1 мыңнан аса адам;
– Темір (Ақтөбе облысы Темір ауданы) – 2 207 адам;
– Қарқаралы (Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының әкімшілік орталығы) – 9 мыңнан аса адам;
– Қазалы (Қызылорда облысы, Қазалы ауданы) – 7 мыңға жуық адам;
– Форт-Шевченко (Маңғыстау облысы Түпқараған ауданының әкімшілік орталығы) – 9 мыңға жуық адам;
– Булаево (Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабаев ауданының әкімшілік орталығы) – 8 567 адам;
– Мамлютка (Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданының әкімшілік орталығы) – 6 976 адам;
– Сергеевка (Әкімшілік орталығы, Солтүстік Қазақстан облысы, Шал ақын ауданы) – 8 126 адам;
– Серебрянск (Шығыс Қазақстан облысы, Алтай ауданы) – 7 005 адам.
Министрлік баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, ауыл мәртебесі қалаға ауысса, қосымша жұмыс орындары ашылып, шағын және орта бизнестің экономикалық қызметін кеңейтуге, көппәтерлі тұрғын үйлер салуға мүмкіндік болады. Сонымен қатар, өңірлік стандарттар жүйесінің талаптарына сәйкес әлеуметтік және басқа да нысандар мен қызметтердің тізбесі қайта қаралады.
Қала мәртебесі ауылға өзгерген жағдайда тұрғындарға бюджеттік сала қызметкерлеріне 25 пайыз мөлшерінде жалақыға үстемеақы, төмендетілген мөлшерлемелер бойынша жеңілдікті шағын несие алу, сондай-ақ «Дипломмен ауылға» жобасына қатысу мүмкіндігі сияқты кейбір преференциялар қолжетімді болады.
Осы тізімде аты аталатын Қазалы қаласы Қазалы ауданының орталығы – Әйтеке би (бұрынғы – Жаңа Қазалы) кентінен оңтүстікке қарай 12 шақырым жерге, Сырдарияның оң жағалауына орналасқан. Халқының саны 1999 жылы – 7,7 мың, 2009 жылы – 7,1 мың, ал 2016 жылы 6,8 мың адам болған. Осы динамиканың өзі елді мекен тұрғындарының саны жылдан жылға азайып келе жатқанын көрсетеді.
Қала өзінің бастауын 1853 жылдың күзінде мұнда Ресей әскері бекініс салуынан алады. Ол 1867 жылы қала мәртебесін алғанға дейін «№1 форт» аталыпты. Сол уақытта Арал флотының негізгі айлағы Қазалыда орналасты.
Қазіргі таңда қалада жалпы білім беретін 3 мектеп, 1 клуб, 1 балабақша, 1 кәсіптік мектеп, 2 кітапхана, 1 мәдениет үйі, Ғ.Мұратбаевтың мемориалдық музейі, 3 спортзал, 1 театр, 1 аурухана, 1 мешіт бар.
Енді салыстыру үшін айтатын болсақ, жақында қала мәртебесін алуға ұсынылған Әйтеке би кентінде, 2009 жылғы мәлімет бойынша, 38 046 адам тұрады. Тап сол сияқты облыс аумағынан қала атануға талпынып отырған Шиелі кентінде 2019 жылдың басында 31 691 адам тұрған болса, Жаңақорған кентін 2016 жылғы дерекке сәйкес, 26 523 адам мекендеген. Ал 1938 жылдан бері қала атанып келе жатқан Арал шаһарында 2023 жылғы мағлұматқа сай, 36 955 адам бар.