Армения Ереван әуежайынан РФ шекарашыларын қууға әрекет етуде
ЕРЕВАН. 1 наурыз. Армения билігі Ереванның халықаралық аэропортындағы ресейлік шекарашыларды елден шығару мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл туралы News.am ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Ресейлік әскери қызметкерлер мұнда 1992 жылғы келісім бойынша қызмет етіп келеді.
«Ресей федералды қауіпсіздік қызметінің «Звартноц» әуе гаванында болуының өзі біздің қауіпсіздігімізге қатер төндіреді», – деп мәлімдеді жұма күні билеуші «Азаматтық келіссөз» партиясының парламенттегі фракциясының хатшысы Артур Ованнисян. «Бұл мәселе біздің саяси команданың күн тәртібінде тұр. Қазір пікірталас жүріп жатыр. Шешім қашан қабылданатынын таяуда білетін боламыз», – деді ол.
Хайастан парламентінің спикері Ален Симонян ресейлік шекаращшылардың әуежайдан кетулері керек екенін атап өтті, себебі, оны Арменияның өзі де қорғай алады, сырттан келетін бөтен күштің керегі жоқ. Оның айтуынша, ресейлік әскерилердің іс-әрекеттерінен қазір Арменияның шекарасы «мейлінше осал тұс» болып барады.
23 ақпан күні Хайастанның премьер-министрі Никол Пашинян өз елінің Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына (ҰҚШҰ) мүшелігін тоқтата тұратынын баяндаған еді. «ҰҚШҰ қауіпсіздік саласында өзінің Армения алдындағы міндететтесін орындау орнына керісінше қауіпсіздік проблемаларын әкеледі. Бұл позиция, турасын айтқанда, Арменияның ұлттық қауіпсіздігінің қатері болып табылады», – деді Пашинян кеше «Новости Армении» порталы тілшісіне берген сұхбатында.
Өткен сәрсенбіде Пашинян Ереванның ҰҚШҰ-да тұрақты өкілі жоқ екенін және оның шараларына көптен бері қатыспай келе жатқанын ашып айтты. Мұның басты себебі, Арменияның бұл ұйымнан алатын ештеңесі жоқ деп түсіндірді ол. «Керісінше Путиннің бұл әскери блогы біздің тәуелсіздігімізге қатер төндіретін сияқты», – деді сосын Пашинян.