Әлия Назарбаева Қарағандыдағы зауытын тәркілеуге тегеурінді қарсылық көрсетті
ҚАРАҒАНДЫ. 2 наурыз. Байырғы президенттің еркетотайы Әлия Назарбаева Қарағанды жеріндегі кәсіпорны тәркіленуіне үзілді-кесілді жол бермей отыр. Бұл туралы Dalanews.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Әлия осы мақсатта кәсіпорынның күзеті әлеуетін күрт күрт күшейтіп, оның ішіне ешкімді кіргіздірмей қойған.
Дәлірегі, кенже қыздың еншісіндегі «Recycling Сompany» ЖШС зауытының мүліктерін түгендеу үшін келген сот орындаушыларын күзетшілер аулаға аттап қадам бастырмаған. Бұл зауыт Әлия ханымға тікелей қатысы бар «ӨКМ операторының» ісі бойынша мемлекет пайдасына тәркіленуге тиіс болған.
Қоғам белсендісі Жарқын Күреңтаевтың айтуынша, 2023 жылғы шілдеде Астана соты «ӨКМ операторының» топ-менеджерлеріне қатысты шығарған үкімге сәйкес, «Recycling Company» ЖШС есепшотындағы қаржы мен кәсіпорынның өзі мемлекет пайдасына тәркіленген. Зауыт Қарағанды облысындағы «Доскей» ауылында орналасқан, ол ескі көліктерді қайта өңдеумен айналысады.
Биыл ақпанның соңында аталмыш компанияға қатысты атқарушылық өндіріс басталды. Сот орындаушылары кәсіпорынға түгендеу жұмыстарын жүргізу үшін келгенімен, қарулы күзетшілер олардың зауытқа кіруіне бірнеше күн бойы кедергі келтірген.
«Мемлекеттік сот орындаушылары мүлікті түгендеу және сот үкімінде көзделген басқа да қажетті қызметті жүзеге асыру үшін зауытқа кіре алмаған. Олардың айтуынша, Әлия Назарбаева ханым зауытта қауіпсіздікті күшейткен. Келушілердің заңды талаптарына қарамастан, күзетшілер оларды ішке кіргізбей қойды. Осыдан кейін сот орындаушылары прокуратурамен алдағы іс-әрекеттерін анықтау үшін Қарағандыға қайта оралды. Прокуратура өкілі жағдайды қарап шығуға уәде берді», – дейді Жарқын Күреңтаев.
Оның айтуынша, зауытты тәркілеуге нақты кімдердің кедергі келтіргені белгісіз. Бірақ ішке кіруге қатты қарсылық болғаны рас. Сондықтан сот орындаушылары келесі жолы зауытқа СОБР сарбаздарын ертіп келетін болып отыр, бұған прокуратура органдары ықпал жасауға уәде берген.
Айта кетейік, бұған дейін Әлия Назарбаева мен оның өкілі Валентина Роговаға (Конституциялық кеңестің бұрынғы басшысы Игорь Роговтың әйелі) Валентина Роговаға 2003 жылы өзгенің мүлкін тартып алу мақсатында «рейдерлік шабуыл жасады» деген айып тағылған болатын.