Премьер-министр әрекетсіз әкімдерді, мимырт министрлерді сынады
АСТАНА. 28 ақпан. Премьер-министр Олжас Бектенов «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасының нашар жүруіне орай шенді шенеуніктерге шүйлікті. Бұл туралы Massaget.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Үкімет басшысы әрекетсіз әкімдер мен мимырт министрлердің бейғамдықтары мен селқостықтары салдарынан «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының шеңберіндегі 99 нысанның белгіленген мерзімінде пайдалануға берілмегенін айтты.
Премьер-министрдің пікірінше, Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында аталған ұлттық жобаны іске асыру жұмыстарының тиімсіз жүріп жатқанын атап өткен.
«Бұл мәселе Үкіметте бірнеше рет қаралды, бірақ әзірге нақты нәтиже жоқ. Өздеріңізге мәлім, өткен жылы 309 нысан салу жоспарланған. Алайда жобалық-сметалық құжаттаманы дайындау жұмыстары тым ұзаққа созылып кетті. Денсаулық сақтау министрлігі бақылауды әлсіретіп алды. Әкімдіктер де құрылыс орындарын анықтау, жер учаскелерін уақытылы бөлуде түрлі сылтау айтып, мәселені шұғыл шешуге әрекет етпеді. Соның салдарынан өткен жылы тек 99 нысанды ғана тапсыру туралы шешім қабылданған болатын.Бірақ оның өзі толық орындалмады», – деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында.
Премьер-министр 7 медициналық нысанның құрылысы әлі аяқталмағанын атап өтті.
«Былтыр әкімдіктер типтік жобаларды жергілікті жерге байланыстыруға тиіс еді. Бұл жұмыс та аяқсыз қалды. Қазір 239 нысанның жобалық құжаттамасы дайын, оның 109-ы бойынша ғана мердігер компаниялар айқындалды. Қалғандары әзірге нақты істен гөрі, жалаң сөз күйінде қалып отыр. Ал құрылыс жұмыстарын алдағы наурыз-сәуірде бастау қажет. Денсаулық сақтау министрлігі болса, оларды қаржыландыру үшін бюджеттік өтінімдерді беруге асығар емес», – деді Үкімет басшысы.
Ол бұдан ары: «Әкімдіктер де қаржыландыру мәселелерін шеше алмай келеді. Әлі күнге дейін көп бейінді орталық аудандық ауруханаларды күрделі жөндеу жұмыстары басталған жоқ. Сондай-ақ оларға медициналық жабдықтар сатып алу ісінде де жағдай мәз емес. Мұндай процедуралар көп уақытты алады», – деді.
Үкімет басшысы министрлік олардың есеп-қисабын жүргізбегенін баяндады.
Олжас Бектенов осыған байланысты нақты тапсырмалар берді.
«Біріншіден, облыс әкімдіктері Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірге 1 сәуірге дейін жобаларға ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізуді аяқтасын. Екіншіден, Денсаулық сақтау, Қаржы министрліктері мен әкімдіктер жобаларды қаржыландыру мәселесін жедел шешуге тиіс. Үшіншіден, Денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдіктер биыл барлық нысанды құрылысы мен оларды пайдалануға беруді нақты мерзімінде аяқтауы қажет. Жұмыстар баяу жүріп жатқандықтан, бұл мәселені жарты жылдықтың қорытындысы бойынша қайта қараймыз», – деді Премьер-министр.