Жаңалықтар жаңғырығыСпорт

Холанд бір матчта 5 гол салып, Джордж Бесттің 1970 жылғы рекордын қайталады

ЛОНДОН. 28 ақпан. «Манчестер Сити» клубының шабуылшысы Эрлинг Холанд бір ойында 5 гол соғып, команданың 54 жыл бұрынғы рекордына жетті. Бұл туралы Opta Sports ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

Ол осылайша 1970 жылы Англия кубогы үшін кездесуде «Манчестер Юнайтедтің» сол кездегі шабуылшысы Джордж Бестің бес гол түсірген рекордын қайталай алды.

Норвегиялық форвард Англия кубогының 1/8 финалында «Лутон Таунмен» өткен ойынында алаң иелерінің қақпасына 55 минуттың ішінде 5 гол салып үлгерді. Форвард матчтың 3-минутында есеп ашса, 18, 40, 55 және 58-минуттарда есепті еселеп отырды.

Ойын 6:2 деген нәтижемен аяқталды.

Эрлинг Холанд «Манчестер Ситиге» 2022 жылдың жазында Германиядан, Дортмундтың «Боруссиясынан» ауысып келген еді. Оның трансфері € 60 млн болып бағаланды. Форвард биылғы маусымда «қалалықтар» сапында барлық турнирлерде 30 ойынға қатысып, 25 рет гол соғуымен және 6 нәтижелі пас беруімен ерекшеленді.

Норвег футболшысының «Манчестер Ситимен» келісімшарты 2027 жылғы маусымның соңына дейінгі мерзімді қамтиды.

Еске сала кетейік, Холанд ойнайтын Норвегия құрамасы Ұлттар лигасында Қазақстанмен бір топқа түсті. Демек, ол қазақ футболшыларымен кездесулерде алаңға шығады.

Тағы да еске түсіп отыр, Кеңес Одағы чемпионатының жоғарғы лигасында мұндай рекорд 1966 жылғы 22 қыркүйекте тіркелген еді. Сол күні Тбилисидің «Динамосы» өзінің дербиі – Ереванның «Араратын» қабылдады. Матчтың бірінші таймында есеп ашылған жоқ. Есесіне, екінші таймда меймандар дарбазасына гол топырлап түсті. Кездесу 5:0 болып аяқталды. Бес голды да тбилисиліктердің шабуылшысы Илья Датунашвили салды. Ол кездесудің 49, 58, 59, 72 және 75-минуттарда нысананы дәл көздеді. Сөйтіп, 26 минуттың ішінде 5 голдың авторы атанды. Міне, осы рекордты әлі ешкім қайталай алмай келе жатыр.

Сол маусымда барлығы 20 гол салған 29 жастағы Датунашвили КСРО чемпионатының ең үздік мергені болып табылды.

Илья Датунашвили 2022 жылы 11 ақпанда 85 жасында Тбилисиде өмірден өтті. Ол 1937 жылы Батуми қаласында туған еді.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button