Бишімбаевты ақтау науқаны: оның қаламақысы қаншадан болып жатыр?
АСТАНА. 28 ақпан. Қоғамда экс-министр Қуандық Бишімбаевты қылмыстың ауылынан алып шығып, ақтап жіберудің әрекеттері басталып кеткен сияқты. Бұл туралы Dalanews.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Әйелін өлтірді деген күдікке ілінген экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі қоғам назарын аударып, көпшіліктің талқысына түскені рас. Тіпті әлеуметтік желіде бұл іске қатысты пікір екіге жарылды. Бірі шенеунікті «жерден алып, жерге салып жатса», енді бірі оның әрекетіне екінші жақтан қарап, ақтауға» тырысуда», – делінген портал хабарламасында.
Агенттік осыған орай бұған дейін журналист Сырым Итқұлов желіде бұрынғы министр Ермұхамет Ертісбаевты сотталушы Қуандық Бишімбаевты қолдауға қатысы бар адамдардың бірі ретінде атап өткенін алға тартады. Журналистің жазуынша, қоғамда енді «экс-шенеунікті ақтап алу науқаны қарқынды түрде жүре бастайды».
«Қазір бәрі сот басталар алдында және сот отырыстары барысында медиада Қуандық Бишімбаевты ақтау бойынша кезекті науқан басталатынын көрсетіп отыр. Естеріңізде болса, ол былтыр ұсталғаннан кейін де бірден осындай болды. Сотталушының туыстары бір немесе бірнеше пиар-агенттікті тартқаны айдан анық. Қуандық өз елінің патриоты, үлгілі отағасы және көптеген тіл білетін «қарапайым жақсы жігіт» екені айтылатын түрлі жазбалар көбейіп кетті. Олардың кейбіреулері тіпті шетелдік басылымдарда да шықты.Ең сорақысы, бұлардың қайтыс болған адамды қаралауға тырысқаны. Олар оның (Салтанаттың, ред.) қатты мас болғанын, таблеткаларды қабылдағанын жарыса жазды», – деген екен Итқұлов.
Мұндай пікірді саясаткер Мұхтар Тайжан да білдіреді. Ол Қуандық Бишімбаев әкесі ұйымдастырған пиардың арқасында жазадан құтылып кетуі мүмкін екеніне қауіп танытады.
«Бұл істе Бишімбаевтың әкесі, академик, лауреат, еңбек сіңірген қайраткер, ректор және «Нұр Отан» партиясының депутаты, Назарбаевтың досы Уәлихан Бишімбаевты кінәлі деп санаймын. Себебі, ол мемлекеттің қаржысын жымқырған ұрыны тәрбиеледі. Бұл сотпен дәлелденді. Назарбаев арқылы ол ұлына кешірім беруін сұрағанына сенімдімін. Сондықтан ірі қылмыскер бостандыққа шығып, жазаланбайтынына сенімді болды. Бұның арты үлкен трагедияға әкелді. Қазір кіші Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы ерекше қатыгездікпен өлтірді деген күдікке ілінді. Енді, міне, әкесі БАҚ арқылы ұлын ақтап шығуға тырысып жатыр. Тіпті баласының әрекетіне байланысты өкінетінін жеткізген сөзі де жоқ. Егер сот Қуандықтың кінәсін дәлелдесе, әкесін де барлық атағынан айыруды талап етуіміз қажет», – деп жазған еді Тайжан.
Бұдан бөлек, бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева «Бишімбаевты ақтап алу процесі басталып кетті» деп дабыл қақты. Ол марқұм Салтанат Нүкенованың ісі бойынша сотқа дейін немесе сот процесінде «сотталушыны ақтау үшін фактілерді қасақана бұрмалауға әрекет жасалуы мүмкін» деген мағынада алаңдаушылық танытып, жазба қалдырды.
«Кейбір адамдар аталмыш медиа науқанға кірісіп кетті. Бұған адамдардың қалай қатыса алатынын, зорлық-зомбылықты қалай ақтауға болатынын түсіну мүмкін емес. Аталған іс бойынша әділ сот жазадан құтылу мүмкін еместігі туралы нақты сигнал болуы тиіс», – деп тұжырымдады бала құқықтары жөніндегі уәкіл.
Бұл оқиғаны негізге алған қоғам белсенділері аталмыш мәселе жылы жабылып, күдікті жазадан құтылып кетпесе екен деп алаңдаушылық танытуда. Себебі соңғы күндері БАҚ бетінде Бишімбаевты жақтаушылардың төбесі жиі көріне бастады.
Мысалы, журналист Гүлжан Ерғалиевамен болған сұхбатта Салтанат Нүкенованы ұрып өлтірді деп айыпталып түрмеде отырған Бишімбаевтың адвокаттары Назкен Құсайынова мен Лейла Рамазанова айыпталушы тараптың уәжін айтып, күдікті кінәсін мойындамайтынын және Нүкенованың субдуральды гематомадан қайтыс болғанын жеткізді.
Сонымен қатар олар марқұмның денесінде бұрын болған жарақаттан көз жұмғанын меңзейді. Бұдан қала берді, олар беттері шімірікпей, Бишімбаевтың әйелін әлі күнге дейін жақсы көретінін және қатты қайғыратынын баса айтып жүр.
Адвокаттардың сұхбатына байланысты журналист Гүлбану Әбенова, блогерлер Ләззат Ахатова мен Сәуле Әбілдаханқызы желіде өз пікірлерін жазып қалдырыпты. Олар өз баяндауларында айыпталушыға қалайда бір бүйректері бұратындарын анық байқатып алады.
Осыған байланысты журналист Оңғар Қабден· Facebook әлеуметтік желісінде Салтанат Нүкенованы ұрып өлтірген Қуандық Бишімбаевты ақтап жазған блогерлерді марқұмның туыстары сотқа бермекші болып жатқанын жазды.
«Бас прокуратура Бишімбаевты ақтап жатқан блогерлерге қатысты «Олардың бәріне де сот барысында обьективті бағасын береміз» деп жауап берді», – деп атап көрсетті ол соңында.