АймақЖаңалықтар жаңғырығы

Премьер-Министр ауыз судың сапасына бақылауды күшейтуді тапсырды

АТЫРАУ. 7 сәуір. Атырауда жүрген Премьер-Министр Олжас Бектенов министрлер мен облыс әкімдеріне ауыз судың сапасы мен эпизоотиялық жағдайға бақылауды жүктеді. Бұл туралы Үкімет сайтына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.

Су тасқыны жағдайы тұрақталғанша өңірлерге жіберілген вице-премьерлердің топанның қазіргі ахуалы жайлы баяндамалары тыңдалды.

Бүгінгі таңда Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Абай және Ұлытау секілді 10 облыста төтенше жағдай режимі сақталып отыр.

Қазір жалпы еліміз бойынша 15 пайыз, солтүстік, шығыс және орталық өңірлерде шамамен 40 пайыз аумақты қар басып жатыр.

Авариялық-құтқару жұмыстарына 12 мыңнан астам адам, 800-ден астам техника, 400-ге жуық су айдау және жүзу құралы жұмылдырылды.

Төтенше жағдай жарияланған аймақтардан 70 мыңнан астам адам басқа қауіпсіз жерлерге көшірілді.

Отырыста Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпараты да тыңдалды.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде су басқан өңірлерде 60 мыңнан астам мал басы қауіпсіз учаскелерге жеткізілді. Оған қоса, су басқан аймақтарда эпизоотиялық жағдайдың нашарлауына жол бермеу үшін министрліктің республикалық эпизоотияға қарсы жасағы облыс әкімдіктерімен бірлесіп, жануарлардың өлекселерін жинау және жою жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Бүгінге дейін 1013 бас, оның ішінде 133 ІҚМ, 809 ұсақ мал басы, 64 жылқының өлексесі жойылған.

Осы тұста Ақтөбе облысындағы су қоймаларының деңгейі біртіндеп төмен түсіп келе жатқаны белгілі болды. Мұнда деңгей әр екі сағат сайын өлшеніп отыр. Вице-премьер Серік Жұманғарин бүгін таңертең, 2024 жылғы 7 сәуірде Ақтөбе облысындағы Елек, Қарғалы және Сазды өзендерін жалғайтын үш су қоймасын әуеден бақылады.

Ақтөбе және Сазды су қоймаларында су ағызудың оңтайлы транзиттік режимін енгізу арқасында су толып кету қаупі жоқ. Қарғалы су қоймасындағы келіп жатқан су көлемі жоғары күйінде қалып отыр.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button