Павлодар облысында белгілі футбол төрешісі балыққа барып бақилық болды
ПАВЛОДАР. 21 ақпан. Павлодар облысында белгілі футбол арбитры Рустам Сүйінов балық аулауға кеткен жерінен үйіне аман-есен орала алмады. Бұл туралы Press.kz дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Павлодарлық футбол рефериі Рустам Сүйінов Қазақстан премьер-лигасында 226 матчқа қазылық жасаған. 38 жастағы арбитр өткен маусымда да республика футболына қызмет еткен. Биылғы өтетін чемпионаттың төрешілер корпусында тұрған.
Футбол маманы балық аулауға кеткеннен қайтып үйге оралмаған. Қайғылы оқиға облыстың Ақтоғай ауданында орын алған. Балықшының уақытында қайта қоймағанынан кіді алған туған-туыстары сол бойда полицияға хабар берген. Содан кейін далада қалған азаматты іздеуге полицейлер аттанған. Оларға иттер ерткен кинологтар мен еріктілер де қосылған. Әуеге тікұшақ көтерілген.
Жоғалып кеткен балықшы облыс территориясын әуеден шарлау басталған соң 13 сағаттан кейін, 19 ақпан күні табылған. Өкініштісі, ол бұл кезде жантәсілім етіп кетіпті. Полицейлердің болжамы бойынша, балыққа барған азамат ұйытқи соққан боранда қайтар жолынан адасқан. Осылай даланы кезіп жүргенінде өзі мініп жүрген қарда жүруші көлігі аударылып қалған, ал өзін сол техника жаншып тастаған сияқты.
Кейінірек марқұмның Қазақстанға аты танымал футбол төрешісі Рустам Сүйінов екені белгілі болды. Осы кезге дейін премьер-лиганың 226 ойынына қазылық жасаған ол өзін адал да әділ рефери ретінде көрсеткен.
Рустам Маратұлы Сүйінов 1985 жылы 30 қарашада туған.