Кремль Навальныйды жерлеудің соңы қақтығысқа айналып кетуінен қорқады
МӘСКЕУ. 20 ақпан. Ресей билігі Алексей Навальныйды жерлеу рәсімінің аяғы халықты көтеріп кетуі мүмкін екендігінен оның денесін отбасына бермей қоятын түрі бар. Бұл туралы «Агентство» ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Қазіргі таңда РФ басшылары 16 ақпанда белгісіз жағдайда қайтыс болған оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың денесін не істейтіндері жайын талқылауда. Мұнда тіпті «марқұмның сүйегін ешқашан оның отбасына бермеу керек» деген де нұсқа бар.
Кремльге жақын мәнбелер Ресей билігі Алексей Навальныйдың мәйітін отбасына қайтаруды кейінге қалдыра тұрудың түрлі варианттарын ортаға салып жатқанын айтады. Сөз тасушылар мәліметтеріне қарағанда, Кремльдегілер қазір оппозиция серкесін жерлеу рәсімі алдағы президент сайлауы мен одан кейінгі Путин инаугурациясы кескінін күңгірттендіріп жіберетін кең ауқымды саяси акцияға айналып кетуінен сескеніп отыр.
«Мәнбелер сондай-ақ саясаткердің өлімі Кремльде қызмет ететін көптеген ресейлік шенеуніктер үшін де күтпеген жағдай болғанын баяндайды», – деп жазады Bloomberg. «Бүгінде билік саясаткердің денесін не істеу керек деген мәселені талқыға салуда, онда тіпті саясаткер денесін ешқашан отбасына бермеу керек деген де ұсыныс бар», – деп атап өтті The Moscow Times.
«Бізде президент сайлауы жақындап келе жатыр. Бізге мұндай қозғалыстардың қажеті жоқ, себебі, олар босс [Путин] үшін проблема туғызады», – деді өзінің аты-жөнін білдіруді жөн көрмеген ресейлік шенеунік.
Шенеунік сонымен қатар Ресей билігі «Навальныйдың денесін ешқашан қайтарып бермеу керек» деген ұстанымды да таразыға салып отырғанын мағлұм етті. Мұндай прецеденттер бұрын да болған. Алайда Навальныйдың жағдайында үлкен жанжал көтеріліп кететінін олар да жақсы біліп отыр. Осыған орай марқұммен қоштасуды мәйітханада жабық жағдайда өткізіп, оған тек марқұмның туған-туыстары мен жақын достарын ғана қатыстыру мәселесі де бір нұсқа болып қарастырылып жатыр.