ҚазынаТаным

РАЯ

Деректі әңгіме

«Қарапайымдылық – жасыл алқап, адамгершілік онда өскен гүл сияқты» депті сонау он екінші ғасырдың ойшылы И. Ахмед. Ал адамгершілік адамға бітер асыл қасиет екенін айтуға және ондай жандар қатарымызда бар екенін жазуға негіз болған себеп – осы оқиғаны бастан кешкен Сәрсен қарияның әңгімесі еді. Оның баяндауынша, қазақ қызының бойында сақталып қалған ұлттық болмысымен ерекшеленетін қасиет дарыған ол адам – қарапайым әйел заты, ол – ана, бүгінде – әже. Оның атын атап, түсін түстеп, сөзін үкілеп, ісін үлгілеп қанша айтсақ та, ұзақ жазсақ та бәрібір, толағай толы мақтау мен марапатқа шексіз лайықты жан. Оған өмірде нақты болған жайдың бір ғана мысалы куә дейді.

Сонау бір жылдары біз Нұрсай дейтін ауылдың Тереңкөл орта мектебінде бірге оқыдық. Ол кезде Рая Рамазанқызы талдырмаш бойлы, аққұба, ашаң жүзді қыз еді. Еуропеоидтік нәсілге тән белгілері болатын. Ол белгілер оның тал бойындағы бір міні жоқ  әдемілігін арттырып, айрықшалайтын. Раяның ағасымен дос, сырлас болдық. Ол ақкөңіл жігіт, қонақжай ол кезде. Қуана қарсы алады. Екеуміздің әңгімеміз жарасады. Мен көбіне оқыған кітаптардан әңгімеме тұздық қосам, ол оны ұйып тыңдайды. Кейде аулада тұрып, сөйлесеміз. Сонда Рая жанымыздан әрлі-берлі өткенде бірде аппақ, бірде сары түске енгендей құлпырып жүретін. Бірақ бізге еш назар салмайды. Үнсіз жымиып өтеді, сол жымиғанын өзі жетеді.

Рая сабақты жақсы оқыды, мінезі де соған сай көрікті болды. Бірақ тәртіпті, тазалықты ұнатады. Оның бойындағы қайсыбір қасиеттерін біле бермейміз ғой. Жақын араласпаған соң жасырын қасиеттер көріне қоймайды. Бірде ойламаған тұста Раяның адами бір қасиетін байқап қалдым. Ол кезде мен әдеби кітаптарды көп оқимын. Ұнамды, ұнамсыз кейіпкерлер мінез-құлықтарын, жағымды, жағымсыз образдарды сол роман, хикаят, әңгімелерден оқып алып, нақты өмірдегі адамдармен салыстырам. Қайсыбір романдардағы жағымды кейіпкерлер образына өзім де еліктеймін. Ал әсіресе, кластас қыздардың іс-әрекетінен шытырман шығармалардағы алғырлық, адалдық, әділдік, адамгершілік жолындағы кейіпкерлер образын байқап қалсам, керемет тәнті болатын ем.  Сосын әдеби шығармалардағы «өмірге» имандай сенем, өйткені ондағы дүниелердің бәрі нақты өмірден алынған деп есептеймін. Алайда шығармадағы өмір жазушының қиялымен де астасып жататыны бесенеден белгілі болса да, сенім сезіміне сызат түсірмейтін. Соның нақты дәлелін бастан кешіргенімді жасырмаймын.

Кейде мұғалімдер үзіліс кезінде кезекшіге оқушылардың бәрін кластан шығарып, терезе көздерін ашып, бөлме ішін желдетуді тапсыратын. Сондай бір сәтте кезекші бәріміздің түгелдей үлкен үзіліс кезінде тысқа шығуымызды талап етті. Өзі класс ішін тазалауға кірісті. Үзіліс кезінде ұл балалар қарап тұрамыз ба, бір-бірімізбен алысып-жұлысып тыным таппаймыз. Біржан екеуміз неге екені белгісіз көрші кластың балаларымен керісіп қалып, алыса жөнелдік. Ұзын дәліз тарылық еткендей ме, әлде мұғалімдер көзінен таса болайық дедік пе, әлгі кезекші тазалап кеткен өз класс бөлмемізге апыр-топыр, алыса-жұлыса кірдік. Ешкім жоқ. Терезе көздері ашылған, бөлме тап-таза. Әр парта үстінде оқу құралдары самсап тұр. Алайда бізбен есеп айырыспақ болған көрші кластың балалары бұған қарай ма, Біржан екеумізді жұлқылап жаңа ғана тап-таза болып тұрған класс ішінің ойранын шығарды. Біржан екеуімізде де күш көп, тойтарыс беріп жатырмыз. Сөйткенше болған жоқ кейбір парта қисайып, аударылып, мұғалім орындығы төңкеріліп, оқушылардың оқу құралдары жерге шашылып, әп-сәтте бөлменің астан-кестені шықты. Бұл оқыс оқиға көзді ашып-жұмғанша орын алды. Сөйткенше болған жоқ, біреу класқа кіріп келді. Қарасақ, Рая екен. Ол табалдырықтан аттай бере состиып тұрып қалды. Өз көзіне өзі сенер емес. Сұмдық! Сел жүріп өткендей тосын көрініс екі көзін тас төбесіне шығарды. Сел емес, бір табын жабайы жылқы  шауып өткендей шығар… быт-шыт. Масқара!

Дәл осы сәт өздерінің шектен шығып кеткендерін сезгендей көрші класс балалары тайып тұрды. Есік аузында үрейден жүрегін ұстаған Рая, қираған парталар арасында Біржан екеуіміз қалдық. Қазір қоңырау соғылуға тиіс. Келесі пән мектеп директорының сабағы. Арғы жағы айтпаса да белгілі. Не істеп қойдық деп, Біржан екеуіміз бір-бірімізге қарадық. Бірақ біз кінәлі емеспіз ғой. Алайда оны енді кімге дәлелдерсің. Ат аунаған жерде түк қалады, айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылады деген осы. Не істеу керек? Осылайша секунд ішінде бірнеше ой келіп, кетті. Әсіресе «Рая көрді, бәрін айтады» деген ой тіптен сілейтті. Ал біздің тәртіптік кесеміз талай тәртіпсіз қылықтарымызбен бұл оқиғасыз да толып тұрған. Енді еңіреуден шығып, төгіледі деген сөз. Мектеп директоры қатал: оқудан шығарам деп айтқан. Ол екі айтпайды. Не істеу керек? Дәл осы ойымызды оқып қойғандай Рая сол сәт: – Мынаны қазір жинап, тазалап қоймасаңдар, директор ағай сіздерді оңдырмайды! – деді. Жай ғана айтты, бірақ сілейген күйімізден бірден арылып, сергек қимылдауымызға күш берді. Рая есікті жауып кетіп қалды. Біз, Біржан екеуіміз, жаңа ғана класс ішін қалай апыр-топыр қылдық, тап солай апыр-топырын одан әрі шығарып, жинауға кірістік. Қисайған парталарды дүзеп, шашылған оқулық, дәптерлерді жинап бола бергенде қоңырау да соғылды. Соңғы оқушымен бірге класқа журналын ұстап, директор да кірді.

Ал енді қызықтың шыжығы басталатынын іш сезді. Тұлабой түршікті. Белгі жай болса да, кластастардың көзқарасынан бет қызаратын болды. Ұрдажықтығымыз жарға жықты. Оқушылар үзіліс кезінде класс бөлмесінде біреулер жынойнақ салғанын бірден сезді. Бәрінен бұрын жерге шашылған дәптерлерді, оқулықтарды қайта жинап жүргенде біреудікі екінші біреуге ауысыпты. Сонан шу шықты. Бір белсенді оқушы: – Ағай, менің оқулықтарымды біреу ауыстырып қойыпты, – деді. Сосын екінші, үшінші оқушы да дәл сол таңданысты сөзді қайталады. «Мына дәптерлерімді біреу жыртыпты. Сөмкемді ақтарыпты». Уда-шу басталды. Ал кезекші аң-таң: әлгінде ғана мұнтаздай жинап қойған класс ішінің әп-сәтте өзгеріп кеткеніне. Сосын ол өзіне де ауыр сөз тиетінін біліп, класс іші желдетілсін деп далаға бір сәтке шығып кеткенін, соны пайдаланған біреулер әдейі диверсиялық әрекет жасап,  қаскүнемдік қылғанын, соның салдарынан, ия соның салдарынан бөлме іші бүлінгенін жасырмай айтып салды.

Директор қабағы түйіліп, өңі сұрланып кетті. Бітті шаруа деп ойладық. Қазір Рая көргенін айтады, сосын біз, Біржан екеуіміз, сөмкемізді арқалап сабақтан кетеміз деген де қорқынышты ойға тірелдім. Оқудан шығарса қайда барамыз? Анам байғұс аяп аймалар, әкем үнсіз қалар, ал үлкен ағам қатал. Спорттың жұдырықтасу түрінен КСРО спорт шебері. Жұдырығы дәу, қатты, соққысы сойқан. Оқудан шығып қалмас үшін не істеу керек енді? Сол ойымның растығындай, директор орнынан тұрып қатқыл үнмен:

– Кәне шуламаңдар, болды, тыныш! –деді бұйыра сөйлеп. Сосын іле:

– Кім мұны істеген? – деп сұрады жаппай бәрімізге көз жіберіп. – Кезекші, сен өзің көрген жоқсың ба, кім бүлдірді?

– Жоқ, ағай. Мен үзілісте далаға шығып кеткем. Кім бүлдіргенін көрмедім, – деп ағынан жарылды.

– Кезекші деген класта отыруы керек қой. Мұнда әр оқушының киімдері, жеке заттары бар, қалай қараусыз қалдырдың?!

Кезекші қыз жауап қайтара алмады. Үлкен қателік жібергенін ұғып тұр. Бірақ қыз бала ғой, дәретханаға барып, келгенін айта алмады. Үнсіз басы салбырап тұрды. Алайда мектеп директоры сұңғыла жан еді, ол да кезекшінің бөлмені ашық күйде бір сәтке әдейі қалдырып кетпегенін түсінді. Әрі қарай оны мазалаудың реті жоқ екенін ұқты. Сосын:

– Жарайды, кезекші отыр, сенде кінә жоқ, мүмкін, өзге кластың балалары кірген шығар? – деп жағалай сұраулы көзбен тінте қарады. Біржанға көзім түсіп еді,  ол да басын төмен салбыратып тұр. Ал директор оған қарап тұр екен. Жүрек зу ете қалды. Қалған оқушылардың бәрі мектеп директорына қарап қалған. Олар сүттен ақ, судан таза, сондықтан үрейленетіндей еш себеп жоқ. Ал осыны сезген сұңғыла мектеп директоры тек Біржан мен маған қарай беретін секілді. Осы кезде осы тентектігіміз туралы өзім айта салсам қайтеді деген ой келді. Сол ойдың келуі мұң екен тұлабойды жайлаған үрей сейіле бастады. Артынан кәдімгідей бір батылдық пайда болды. Сосын осы күйден арылмай жүрегімнің  қағысына қосылып, басымды көтере директорға тура қарадым. Ойымды оқып қойды ма, әлде ұқсастық па, кім білсін, дәл осы сәтте директор:

– Мүмкін, араларыңда үнсіз тұрған біреу кім бүлдіргенін өзі айтар. Мен бәрібір мұндай тәртіпсіздікті жасаған оқушыны табам. Және кім екенін сезіп тұрған да секілдімін, – деді нығырлай сөйлеп. Мен Раяға қарадым. Ол сөйлейін деп тұрғандай көрінді. «Ол біздерді айтып қоймастан бұрын, өзім сөйлегенім жөн» деп ойлап, «Ағай, мұны бүлдірген біз» деп айтуға оқтала бергенде, Рая сөйлеп қоя берді. Директор да оған бар зейінін сала бұрылды.

– Ия Рая, айта ғой, – деді жұмсақ үнмен. Мен үнсіз қалдым. Үлгермедім деп ойладым.

– Мен үзілісте өзге кластың балаларының біздің кластың алдында алысып жатқанын көргем. Бірақ балалар күнде дәлізде алысып, ойнап жүреді ғой, сосын еш мән берген жоқпын. Оның үстіне біздің класта ешкім қалмай бәрі тысқа шығып кеткенін білемін, – деді аспай-саспай. Рая сөйлей бастағанда маңдайдан тер бұрқ ете қалған. Өйткені ол бірден-бір куәгер адам, бәрін өз көзімен көрді. Енді шындықты айтпасқа не жорық? Біздің өрескел қылығымызға директордың өзі де куә болады. Қорқақтық танытып, істегендеріңді бұқпай мойындауға да жарамадыңдар деп және сөгеді. Бұл теріс қылығымызсыз да оқудан шығырылар соңғы баспалдақта бір аяқпен әрең тұрғанбыз.  Сондықтан тәртіпсіздік одан әрі шиеленбей тұрғанда өзім бәрін ақтарыла айтайын деп оқталғам. Алайда Раяның мына сөзі дүр сілкіндірді. Жалт қаратты. Ойпырай, расында солай болды ғой. Тек алысып жатқанда топырлап біздің класс бөлмесіне кіріп кеттік. Алыс-жұлыстың жалғасын осында жалғастырдық, оның қандай болғанын директор сол сәтте көргенде ғой, жүрегі жарылып кетер ме еді. Енді Рая соны айтатын шығар деп неше түрлі ойлар келіп, кеткенше Рая қайта тіл қатты: – Мен олардың арасынан біздің кластың балаларын көрген жоқпын, – деді. Тым-тырыс тыныштық орнады. Қайта Құдай сақтап ешкім зардап шеккен жоқ. Бірақ бұл тәртіпсіздіктің нәтижесі соған апаратын еді-ау. Ал Рая бір ауыз сөзімен ахуалдың бетін бұрып жіберді. Күш алып келе жатқан дауылдың екпіні күрт басылды. Енді жағдайды одан әрі ушықтыра беру де тырнақ астынан әдейі кір іздеу секілді көрінуі мүмкін.

Сәл үнсіздіктен кейін мұны ескергендей болған директор да:

– Ә, солай ма, жарайды онда, отырыңдар. Сабағымызды бастаймыз, – деді.

О, ғажап! Үзіліп кете жаздаған демім қайта оралды. Демалысым тоқтап қалған екен. Жүрек соғысы жанданып, әлдебір сезім күйі жан-дүниемді елжіреткен мейірім толқынына айналып, алқымыма тығылды. Оқудан шығарады деген үрей жоғалды. Оның орнын сенім қуанышы басты. Алайда Раяның адамгершілігі, намыс қуаты біздің батылдығымыздан асып түскенін кейін сезіндім. «Жүрегі таза адам қиянатқа бармайды» деп Шәкәрім біліп айтқан екен. Қыз да болса оқушылардың бірлігін, абыройын алдынғы орынға қойғаны артықшылығын білдірсе, бір тентектік қылыққа бола біздің тағдырымыз тәлкекке түспеуі үшін ар-намысты өзі арқалап алды. Осы арада «Кісі айыбын ашып айтқаннан, жапқан жақсы» деген Жүсіп Баласағұнидің аталы сөзі еске оралады. Ал ата-анасынан дарыған асыл қасиет оның жолы, болашағы да зор екенін көрсетті.

Міне, осындай адалдық, адамгершілік туын ұстап мектепті сәтті аяқтаған Рая Алматы қайдасың деп, тартып отырды. Раиса Нарымбетова оны шығарып салды. Раяның мақсаты Алматы жоғары технологиялық институтына түсу еді. Бірақ жолда бар құжатын жоғалтып алып, оны қалпына келтіргенше уақыт өтіп кетті. Содан кооператив училищесіне оқуға түседі. Мұның бәрі текке емес екен. Раяның институтқа оқуға түспеуінің де пайдасы бар секілді. Себебі сол училищені оқуының арқасында Іле ауданының Ақши ауылына жолдамамен қызметке жіберілді. Сөйтсе, сол жерде оны Қосанов Жұмабай деген азамат күтіп жүр екен.  Алла жар болып, екеуі кездеседі. Кездескен сәтте бір-бірін ұнатып, екі жарты бір бүтін болуға уәделеседі. Жұмабай ол кезде жап-жас жігіт, бір айтулы мекеменің дырдай басшысы, жасыл алқаптағы адамгершілік гүлін алақанына аялай алды. Гүлдің бағын ашты. Жұмабайдың іскерлігінің арқасында жаңа шаңырақ көтерген отбасының жағдайы жақсарып сала берді. Жұмабай мен Рая бүгінде тек өз жағдайларын ғана емес, ауылдың жағдайын жақсартуға күш салып жүр. Олар ірі кәсіпкер атанды. Ауыл, аудан тіршілігіне дем беріп отырады. Екі ұлының үлкені Қайсар – Астанада Президент іс басқармасының кеңесшісі болса, кіші ұлдары Қасым, Алматыда үлкен компанияның инженері.  Осылайша жалғыз Рая емес, бар қазақ қызының бойынан арылмас адамгершілік қасиет туралы әңгімені аяқтай келген қария орынан түрегеліп, әйгілі философ Конфуцийдің: «Адамгершілігі барлар басқаларға тірек болады, осыны өздері қалайды, басқаларға сол жетістікке жетуге көмектеседі, өздері де соған жетуді қалайды» деген сөзімен  тамамдады.

Александр ТАСБОЛАТОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

жазушы, журналист. 

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button