Украина Трамптан елшісі Уиткоффты қызметінен алуды талап етті

КИЕВ. 24 наурыз. Украина Жоғары радасы АҚШ президенті Дональд Трампқа өз елшісі Стив Уиткоффты жұмыстан босатуды тапсырды. Бұл туралы Sky News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Украина Жоғарғы радасы халықаралық істер жөніндегі комитетінің басшысы Олександр Мережко (суретте) Уиткоффтың Ресейге бүйрегі бұрып тұратын мәлімдемелері Украинаны жалықтырып біткенін әрі жұрттың ашу-ызасын тудырғанын баяндады. Оның ашықтан ашық Кремльді жақтап, соның насихатын жүргізетіні жаға ұстатпай қоймайды.
Киевтегілер Дональд Трамптың іс жүзінде Ресейді қолдайтын әңгіме айтатын арнайы елшісі Стив Уиткоффтың бейтараптығына күмән келтіреді, Сондықтан Украина оны дереу жұмыстан қууды талап етіп отыр.
Уиткофф төңірегіндегі жанжал
Трамптың атысты тоқтату туралы келіссөздер жүргізу үшін тағайындаған елшісі Стив Уиткофф қазір жол беруге болмайтын мәлімдемелер жасап жүр. Ол Британияның Sky News телеарнасына берген сұхбатында Кремльдің сөздерін жолма-жол қайталап, «қақтығыстың тамыры референдумдар өткізілді делінетін «төрт аймақтың» төңірегіндегі жағдайда жатыр және ондағы тұрғындардың көпшілігі Ресей билігінде болғысы келеді дегенді айтты. Бұған қоса, мұны соғыстағы «түйінді мәселе» деп санайтынын атап өтті. Сөйтіп, Мәскеудің айтып жүрген сөздерін сол қалпы қайталап шықты.
Трамптың өкілі ме, Путиннің өкілі ме?
Олександр Мережко Трамптың арнайы елшісінің бұл сөздеріне бірден қатқыл жауап қайтарып, Уиткоффтың «Путиннің насихатын қайталайтынын», іс жүзінде Кремльдің жаршысы ретінде әрекет ететінін атап өтті.
«Ол президент Трамптың елшісі ме, әлде… Путиннің елшісі ме?» деген сұрақ тастады Мережко.
Депутаттың айтуынша, Дональд Трамп Уиткоффты елші қызметінен дереу алып тастауы тиіс, әйтпесе ол мұндай мәлімдемелерімен өзінің беделін түсіріп қана қоймай, сонымен қатар АҚШ-ты абыройдан айырып, мен оның сыртқы саясатына сұрапыл соққы береді.
«Президент Трамп қалай дегенде де те байсалды қадамдарға барып, бұл мәлімдемелерден үзілді-кесілді бас тартуы тиіс, өйткені олардан келетін қауіп зор», – деп атап өтті украин саясаткері.
Уиткофф Путинді «гуманист» етіп көрсеткісі келеді
Бұдан бөлек, сұхбатта америкалық біржақты бітімгер Стив Уиткофф ресейлік диктаторды гуманист ретінде көрсетуге тырысып, Путин «Трамптың денсаулығы үшін дұға оқып жүр» деген сияқты мазмұндағы сандырақты алға тартты. Бұл мәлімдеме Киевті бұрынғыдан бетер ашуға булықтырып, жаға ұстатуға алып барды. Шын мәнінде екі ел арасындағы бітімгершілікке Кремль узурпаторының «Трамптың денсаулығы үшін дұға оқығанының қандай қатысы бар?». Депутат өзінің осыны түсіне алмай отырғанын да айтып өтті.
Украина парламенті Ресейдің үгіт-насихаттарын таратып, Украинаның егемендігіне күмән келтіретін адам мұндай жауапты дипломатиялық қызметте қалуға тиіс емес деп санайды. Киев Дональд Трамптан шұғыл шешім күтеді.