Күзетшілер ауысар кезде құрылыс заттары сақталатын қойма меңгерушісі шу шығарды. Түнде зәру аспаптар қолды болыпты. Шудың екпіні қатты. Серіктестік ішіне лезде тарап, таңғы тәтті ұйқыдан көз аша алмай жатқан басшылықтың құлағына тиді. Мұны естігенде, күзет бастығы Ұланға әуелі біреу ертегі айтып тұрғандай көрінді. Қабырғасы қалың, есік-терезесі торлы, ал жалғыз темір есігі құлыптаулы және сыртында күзетшісі бар қоймадан қайтіп зат ұрланбақ?! Сонда да болса, аяқ астынан дүрліктірген оқиға мұны әбден әбігерге салды. Қанша жерден ой елегінен түнгі кезекшілік көрінісін тізбектетіп өткізсе де, өзінің мүлт жіберген тұсын таба алмады. Мұның қарауыңдағылар сен тұр, мен атайын дейтін істеріне де, сөздеріне де мығым жас жігіттер. Ал өзі – күзетшілер ауысымының бастығы. Зарықтырып қол жеткізген жұмысына бір кісідей риза. Қызметінен айырылып қалмаудың қамын күйттейтін. Өзінен де, өзгелерден де сауысқандай сақтықты талап еткендіктен серіктестіктің қоймасына бөгде жан бас та сұға алмайды. Не керек, тап сол күні ұрлықтың қалай орын алғанына миы жетпеді.
Басшылықтан сөз естіп, төтенше жағдайға тікелей өзі жауап беретінін біліп, көңіл күйінің кетеуі кетті. Содан түс ауа пәтеріне келіп, қатып ұйықтап қалған екен, түс көрді. Түсінде өзі қызмет істейтін «Жас» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директоры Хамитпен жолығыпты. Хамит мас адамдай аяғын әнтек басады. Анық сол ма екен деп тұрғанда, анау да жарыққа жетті. Расымен – Хамит! Ашаң жүзі қап-қара болып түтігіп кеткен. Мұны шырамытқандай қолынан ұстап, бір нәрсе деп күбірлейді. Бірақ онысын Ұлан ұққан жоқ. Артынша Хамиттің құлап бара жатқанын байқады. Сонан жалма-жан оны құшақтай алып, орындыққа отырғыза берген, бірақ анау ышқына бар күшін сала мұның қолынан жұлқына босанды да кіреберіс есікке ұмтылды. Бұл да артынан қоса ерді. Анау сол екпінімен өз-өзін ұстай алмай жақтауға соғылып, онан кескен теректей мұның алдына сұлап түсті. Бұл жалма-жан сұлық жатқан денеге еңкейіп, жанына тізе бүкті. Аударып қараса, шекесін қан жауып кетіпті. Ойпырым-ай, жүрегі құрғыр алқына соқты. Қорқыныш жан дүниесін жарып өтіп, тұла бойын қалтыратып жіберді. Енді тұрайын десе, қозғала алмайды. Екі алақаны қанға малшынып қалыпты. Кенет әлгі тамшылаған қан арасынан Сәдудің жалпақ беті көрінді, бұған қарап сақылдап күлетін секілді ме, қалай…
Содан шошып оянды. Түннің бір уағы болған екен, қара терге малшынып жатыр. Бас жағындағы кішкене сағат мүлгіген тыныштықты тық-тық етіп бөліп тұр. Аядай бөлмесіне көшедегі баған шамының болымсыз сәулесі түсіп, сәл бозамық рең береді. Жіпсіген денесі енді суық тартып, қалшылдап қоя берді. Өзі отырып шыққан түрме бастығының түсіне енуі жақсылық емес. Жалпақ бетті полковник шеніндегі Сәду бұл түрмеден босап шығарда шегір көзін қадап:
– Есіңде болсын, бостандыққа шыққан сотталғандардың қайтып оралатын екі түрі болады: бірі – өздері қайта қылмыс жасап оралады, екіншісін өзгелер пайдаланып, сосын қайтуына көмектеседі. Мендей адамның айтқанына көнбегенің – әлі де түрме дәмін көксегенің, – деген болатын. Сол таныс жүздің түсінде қан сорғалаған саусағының арасынан көрінуі, сақылдап күлгендей болуы әлдебір төнген зауалды сездіргендей жанын түршіктірді
Сәду еңбекпен түзеу мекемесіне бірнеше жылдан бері басшы болып келе жатқан. Онда әртүрлі қылмыс жасап сот үкімімен бас бостандығынан айырылғандар отырады. Олардың бірқатары қанша түзелді дегенмен, кейін бәрібір үйреншікті қалыптарына ауысады. Ал Ұлан секілділердің жөні бөлек. Сәдудің түрме бастығы болып жүргендегі ашқан бір жаңалығы шығар және өзгелер бұған сенбеуі де мүмкін: сотталғандардың қайсыбірі адамдығын жоғалтпай өтетініне берік сенімді. Сол сеніміне сай ол Ұлан секілді жандар тағдырдың қандай тәлкегіне ұшыраса да, кісілігін ешуақытта жоғалтпайтынын, керісінше олардың сол адалдығын пайдалана білсе, қауіпсіздікті сақтай алатынын жадына мықтап түйді.
Сотталғандардың арасында бірен-сараны болмаса, көпшілігі мұның айтқанынан шықпайды. Түрме заңы бойынша солай болуға тиіс, олар мұның әмірін екі етпей орындаумен қатар, зәре-құты қалмай қорқуы керек. «Сонда ғана біздің ойлағанымыз болады» дейді оқалы киімділер. Ал олардың ойлағаны көп. Соның бірі – сотталғандардың тегін күші мен өнерін пайдалану. Ұланның құрылыс саласын жетік білетіндігі, әсіресе, қолының шеберлігі, бәрінен де бұрын адалдығы – мұның жеке шаруашылығын жүргізетін сотты болған жалдамаларының бойынан іздесе таптыра қоймайтын қасиет. Мұны өзгелерден озық түсінген Сәду мерзімі аяқталғандардың арасынан жеке шаруашылығына адам таңдайтын. Өзі сотталған болса, оның үстіне адамшылығы бұзылмаған адал жан болса, мақсаты орындалады. Арам ойы ашылып жатса «қасқырдың аузы жесе де – қан, жемесе де – қан» дегендей, бұрын сотты болған күдікті бар кінәні арқалап кете барады. Бірақ ондайлар көп кездесе қоймайды. Кездесіп еді міне, еркіне көнер деп еді, амал не, қоғамнан әділдік табамын деп кетті. Ал Ұлан секілді адал адамның «сотталған» деген таңбасы тұрғанда бойындағы жалғыз құндылығы – адамгершілікке сенуі сағыммен бірдей екенін өзінше түсіндіргісі келгенімен, жеткізе алмады.
Расымен Сәду айтқандай, қателескені ме, алғашқыда Ұланның жұмыс іздеп бармаған жері қалмады. Үлкен өмірдегілер бір-бірімен ақылдасып, келісіп қойғандай, мұның жұмысты сенімді атқара алатындығына күле қарады. Түрмеде отырып шыққандар арасында да бейкүнә таза қалпын сақтап қалғандар болатынын мына қоғам білмей ме екен деп налыды. Ниеті – жұрт қатарлы адал өмір сүру. Әйтсе де, енді бұған жетудің жолы өзінің бе, әлде өзгелердің қолымен бе, расымен қиылғанын Ұлан өмір шындығымен бетпе-бет кездескенде анық аңғарды. Пенденің бәрі де шама жетсе, ағыннан қалмай, қорлық, аштық көрмей, тәтті өмір сүруге талпынып бағады. Бірақ өмірдің ортақ сыйын тең бөлісуді қаламайтындар бар ғой. Кім күшті, соның қолына күлше көбірек тиеді. Бұрын жұмыс істеген мекемеде сондай бір әпербақан басшыға қарсы шыққан. Бірақ жазылмаған «заңдылыққа» қарсы шығып, өзі жаңқадай қағылып, жағаға ұрылды. Ақыры бірнеше жылға сотталғанымен ақтығы дәлелденіп, босатылды. Сонда бұл бостандыққа шығарда камераластары: «Сен олардың айтқандарына сене берме, әркім өз міндетін атқарады. Менттер соттардың, соттар жоғары жақтың, түрме жандайшаптары қорыққандарының дегендерін жасайды. Ал сенің кім екендігіңді қоғам айырып қойған: зұлымдық, арамдық – адал адамдардың ізін бағады, соларды пайдаланып өмір сүреді, енді тек сақ бол» деген еді. Ақталғанына әрі аяқ астынан босанғанына басы айналғандай қуанған. Сондықтан бастапқыда олардың сөзіне аса мән де бере қойған жоқ. Бірнеше жыл түрме қабырғасын көрген олардың түйгендерін жасырмай айтқандарын қаперіне ала қоймады.
Сөйтіп жүріп, осы мекемеге кездесті. Маңдай тақтайшасындағы жазуларға қарағанда, құрылыс мекемесі екен. Мейлі ғой, бұған бәрібір, әйтеуір «екі қолға – бір күрек» дегендей, жұмыс табылса болғаны. Ішке енді. Жайлы тыныштық. Бұл айналасына сүйсіне қарап тұрғанда, сыртқы есікті айқара ашып, тапал бойлы қалпақ киген біреу енді. Оның соңында өңкейген бір дәу. Қалпақ кигені жалпиған жауырынды, мойыны бітеу, қолтық асты майы қалың ба, екі қолы қанатындай доғалдана салбырайды. Талтаңдай басады. Оған қадала қарап қалғаны сонша, бейне бұрыннан танитын адамындай көрінді. Түрмеде сондай біреу болған. Амал жоқ, әлгі адам да бұған еріксіз назар аударды. Екеуі енді көз түйістірді.
– Біреуді іздеп жүрсіз бе? – деп сұрады қалпақ киген адам домалана өтіп бара жатып.
Ұлан олардың бірінші болып тіл қатқанына қуанып қалды. Сосын сәл ыңғайсызданғандай сыңай танытып тездете:
– Мен жұмыс іздеп жүрген жан едім, мұнда кімге жолығарымды білмей тұрмын, – деді. Қалпақты адам мына сөзді естіген бойда алға озған қарнын ұстай, бұған бүкіл денесімен бұрыла қалт тоқтады. Талай естіп жүрген әні ғой. Бірақ бейтаныс жігіттің сұлбасы, сөз саптауы іште жатқан әлдебір құпия ойдың шоғын үрлегендей болды. Көптен күткен ісінің өрнегі айқындалып, өрісі ашылайын деді. Көксегенін көңілдегіден шығатындай етіп орындайтын сәт көрінді. Енді іздегенім осы ме еді дегендей, алдында үнсіз тұрған жігіт ағасының тұла бойын тұтас шолып қарады. «Мынаның көзі неткен жаман» деп ойлады Ұлан ананың бұған тесіле қараған түрін ұнатпай.
– Ә жұмыс іздеп жүрсің бе? Дұрыс, дұрыс. Қазір не көп, жұмыс таба алмай сандалып жүрген жастар көп қой, солардың бірі шығарсың, көп болса, – деп анау мұның тура қарсы алдына келді. Жүрегі зырқ ете қалды. Мына қолына папка ұстаған адамның мұның расында кім екенін алдын ала біліп қойғандай күдіктене сынай танытуы әдепкі сезімін селдіретті. Талай жерге барып, қаншама есікке басын сұқса да еститіні бір сөз. Енді соны әуелі өзі айтқысы келгендей оқтала берді де:
– Ағасы, сіз кім боласыз? – деп сұрады.
– Мен – осы мекеменің бастығымын, жұмыс берушімін.
– Қандай жақсы болды, ал мен жұмыс іздеп жүрген жан боламын, – деді де, сәл бөгеліңкіреп барып: – Өзім сотталғанмын, жақында түрмеден шыққам… – деп, сөз аяғын жұтты.
Ол «Енді «қайта бер» дейтін шығар» деп ойлады. Жоқ, қалпақты олай демеді. Шегір көзі жарық етті. Тіпті бұған асықпай зер салып, тағы бастан-аяқ сүзіп шықты. Көзіне үңіле беріп, сәл тұрды да, есіне әлденені түсіре алмағандай қабағын түйді. Кенет ұмытқаны табылып, нақты бір шешімге келгендей жүзіне қан жүгіріп, мұны қолтығынан демей беріп:
– Жүре ғой, – деді жылы күлімсіреп. – Мен анау-мынау емес, «Жас» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директорымын. Атым – Хамит. «Жолы болар жігіттің жеңгесі алдынан шығады» деген, маған жолыққаның дұрыс болды. Бізге қазір сендей жас жігіттер ауадай қажет, – деп, ол Ұланды ертіп, баспалдақпен жоғары өрмелей жөнелді. Бір көрген адамының іші-бауырыңа еніп, біресе әзілдегендей үн қатса, біресе сабырлы қалпын таныта қалғаны Ұланға да алғашында ұнап қалды. Сөйтіп, мұның мән-жәйін әбден біле келе қызыл сөздің мәйегін төгілдіріп:
– «Адасқанның айыбы жоқ, қайтіп үйірін тапқан соң» деп Абай атамыз айтқандай, ендігәрі теріс қылықтан аулақ болсаң, сенде ешкімнің шатағы жоқ. Мен тұрғанда қорықпай, тапсырылған қызметті адал атқара біл. Сені жұмысқа алатын – мен, ал мен – бастықпын, – деді директор Хамит.
Ұлан көктен іздегені жерден табылғандай, қуанды. Жаңа жұмысын атқаруға кірісті. Қызметі де жақсы, құрылысқа күзетші болып орналасты.
***
Құрылыс біткенді мемлекеттік қолдау бағдарламасы тарапынан қомақты қаржыландыру барысы жаңадан пайда болған құрылыс мекемелерін де әп-сәтте аяғынан қаз тұрғызды. Хамит пен Дүйсен де екеуара бірігіп, өздерінің жоғарыдағы аталған ЖШС ашқан болатын. Екеуі де осы серіктестіктің тең құрылтайшылары болып саналды. Бірақ Хамит жасының үлкендігіне әрі тәжірибесінің молдығына байланысты – директор, ал Дүйсен оның орынбасары міндетін атқаруға кірісті. Соған сай Дүйсенге серіктестіктің ішкі тәртібі жүктелді. Сонан ұлы дүрмекке ілескен бұлардың шаруасы бірден айналып жүре берді. Кімнің, нені қалай атқарып жатқанында көптің нақты бақылауы жоқ заманда істі тек өз мүддесіне сай басқара білсе, үйлестірсе, нағыз пайданың көзі екен, қаражат та қалтаны қалыңдата бастады.
Сөйтіп, барлық – байлыққа бастап, байлық басқаша өмір сүруді үйретті. Қатардағы қалыптан көрі, байлықтың үстінде жантайып жатып ас ішкен әлдеқайда тәтті екен, одан енді түсудің жолы жоқ. Тек жығылмас үшін қолдағы бардан айырылмау керек. Осылайша Хамит пен Дүйсеннің өмірі өтіп жатқан. Әйтсе де серіктестік ұжымының жұбы жазылмастай көрінген екі басшының арасына сызат түсті. Ол саңылауға көз құртқа айналған жиған-терген дүние себеп болды. Бұл жағдайды серіктестікте ешкім біле қойған жоқ. Өз міндетін талапқа сай атқаратын Ұлан ұқыптылығымен, әділдігімен көзге көрінді. Көп ұзамай Ұлан күзет бастығы болып тағайындалды. Әйтсе де қоймадан бағалы құрылыс материалдары жоғалған деген қауесет тарағанда, сол түні кезекшілікте болған Ұланға «қасқырдың аузы жесе де – қан, жемесе де – қан» дегендей, күдік тағылды. Күдікті ысырып тастай алмады. Томаға-тұйықтығы өзгелермен жақын сырласып, шешіліп, шүйіркелесе алмайтындығы көп жәйтті аңғаруына кедергі жасады. Сондықтан да болар, алғашқыда серіктестіктің орынбасарына ұнамай-ақ қойды. Жұрт, әсіресе, директор Хамит солай дейтін. Оған себеп Ұланға алғаш бұйрық шығарылған күні Дүйсен:
– Сотталып келген адамды толық тексерістен өткізбей, мұндай жауапты жұмысқа алуға болмайды, – деген. Әсіресе, мұнда жиналған құрылыс материалдарының бір талы да шашау шықпасы үшін оған бас, көз болатын күзетшілер құрамы сенімді адамдардан ғана жинақталуы қажет. Бұлай болмаған жағдайда ортақ істен отау шықпайды. Осылай деген Дүйсен алғашқыда өзіне түбі шикі көрінген адамды қызметке тексермей алғанына кәдімгідей наразылық білдірді.
Ақыры басшылықтың өзгелерге білінбес өз араларындағы сенімсіздік ұрлықтың салдарынан ба, әйтеуір шегінен асып түсті. Екі өгіз сүзісіп еді, Ұланға оңай соқпады. Ол топтағы күзетшілермен қатар белгісіз ұрлықтың құнын өтеуге жегілді. Сөйтіп, ең ауыр да жеңіл жаза ретінде қызметімен қош айтысты. Ал сол түні ұрлық болмаған еді, бірақ бағалы материалдардың қайда кеткені белгісіз болып қалды. Ұлан, «айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылады» дегендей, бар пәле өзіне үйіліп-төгілгенін түсінді. Түймедейді түйедей қылып, осының бәрін ұйымдастырып отырған Дүйсен деп ұқты.
***
«Жас» ЖШС директоры Хамитке соңғы жылдары іште пайда болған ойын жүзеге асыру үшін тап осындай Ұлан секілді адам керек еді. Әрине, серіктестікті ашуда Дүйсеннің көмегі орасан зор болғанын бұл ешуақытта ұмыта қоймас. Дегенмен, енді бар байлықты біреумен бөлісуді Хамит қаламады. Әсіресе, Дүйсенге артық дүние татырғысы келмеді. Ал Дүйсен орынбасар болса да, бүкіл ұжымға билігін жүргізуге беделі жетеді. Сол жұрт көріп жатқан іскерлігінің арқасында серіктестікті талай қиыншылықтан алып шыққан. Шынтуайтына келгенде, серіктестікке Дүйсеннің де әмірі жүреді. Тіпті қаласа, бұдан бөлініп, өз алдына жеке отау тігуіне де толық мүмкіндігі бар. Күншілдік деген қойсын ба, оны да Хамит қызғанды. Онда Дүйсен осы іскерлігімен жанына ең мықты деген жігіттерді ілестірсе, бұдан да асқан нәтижеге қол жеткізері сөзсіз. Сондықтан оған ештеңе қиғысы келмеді. Ал жарты дүниесін бөліп әкетер болса, бұның шаруасы бірден қожырарын іші тағы сезеді. Ондайға әсте жол беруге болмайтынын Хамит жадына мықтап түйді. Алайда оған жол бермес үшін де бір амал қарастырылу қажет қой. Хамиттің көптен бері ойластырып жүрген жоспары Ұланды көргенде жүзеге асатындай болды.
***
Сөйтіп, Ұлан кезекшілікті соңғы рет өткеріп, келесі ауысымға тапсырып шықты. Басшылықтың ұйғаруы бойынша тобындағы жігіттер қатаң ескертумен шектеліп, бар ауыртпалық бұған түсті. Кінәсі болмаса да, «кесірім өзгелерге тиіп кетер» деп, бұдан әрі қарсыласуды жөн санамаған ол үнсіз келісті. Келіспегенде қайтеді? Сотталған. Ұрлықшы. Құқық қорғау органдарының құлағына жетсе, түзелмеді, тиісті қорытынды шығармады деген айыппен қайта жазаға тартылуы кәдік. Ең дұрыс жолы – қазір бұған не айтылса да, не істе десе де, бас шұлғығаннан басқа амал жоқ. Тығырыққа тіреліп, дымы құрыды. Іштегі аласапыран күйін терең тыныстап, күрсіне сыртқа шығарды. Күзетші жігіттермен енді бір кездеспейтіндей кеуде түйістіріп қоштасты. Жалға алған пәтеріне ме, әлде басы ауған жаққа қарай жүрерін білмей бір сәт аңырап тұрды. Өзін айдалада қалғандай сезініп, тағы жанталаса жұмыс іздеу машақатын ойлағанда, жаны қамықты. Ыстық тартқан ғимаратқа жүрегі езіле бар үмітін сарқа қарады. Қаншама уақыт көз қарашығындай күзетті ғой. Тырысып-ақ бағып еді. Осы кезде кенеттен естілген «бастық шақырып жатыр» деген хабар оны елең еткізді. Үмітсіз – шайтан ғана ғой, бұл осы хабарды күткен, қуанып сала берді. Не болса да жақсылыққа жорыды. Жүгіре басып, әп-сәтте директордың екінші қабаттағы кабинетінің есігін қағып, кіріп келді. Хамит көңілді екен. Мұны көре сала:
– Кел, отыр, – деді алдындағы орындықты нұсқап. – Саған айтатын бір ақылым бар, қабылдасаң да, қабылдамасаң да – өзің білесің. Бірақ алдын ала айтып қояйын, мен әлі бұйрыққа қол қойған жоқпын. Мүмкін Дүйсен райынан қайтар деп ойлаймын. Сен өзің қалай ойлайсың?
– Ұрланбаған затты ұрланды деп отырса, мен қалай өзімді жазықты деп есептеймін. Осыны айтып, тағы бір рет алдына кіріп шығайын, – деді бұл қамқорлықтың астарында не жатқанын түсінбей.
– Е, дұрыс, мен де солай ойлаймын. Шынымды айтсам, өзіңе туған інішегімдей сенім артып, кәдімгідей бауыр басып қалдым. Сен менің қол астымдағы қызметкерім болсаң да, нағыз сырлас бір досыма айналып барасың, – деген ол орнынан түрегеліп, сыртқы есіктің алдына барды. Сәл еңкейе бере құлыптың тұтқасын бұрап қалып еді, есік ішінен кілттеніп қалды.
– Ия, бауырым, сен басқаға жорыма, бүгінде сенімді адамды табу оңай емес, өзіңе деген менің ниетім түзу екенін білесің, оңаша отырып, екеуміз бір сырласайық, – деді.
Алдын-ала әзірлеп қойған ба, әп-сәтте шағын үстелдің үстін жайнатып жіберді: қуырылған тауықтың еті, кесілген шұжық, тұздалған қияр пайда болды. Көңіліне ұнаған қызметінен айырылатын болып, бірнеше күн қатарынан уайым кешкен оның ұнжырғасы түсіп, қам көңілденіп жүрген. Серіктестік басшысынан өзіне мынадай ілтипат көрсеткеніне сөнген үміті қайта жанып сала берді. Қанша дегенмен, темір тордың арғы жағында бірнеше жыл өмірден оқшауланғаны, сөйтіп қиналып жүріп тапқан жұмысынан айырылуы жанын жегідей жеген. Бірақ осындай сәтте бұған да адам деп қатарға қосып, тіпті дос, бауыр деп тартатын жандар табылғанда, жан дүниесі үгітіліп жүре берді. Хамиттің жылы сөздері жан дүниесін балқытты.
Ал Хамит осы сәтті пайдаланып, Ұланның ар-намысына тиіп, Дүйсенге қайрап салды. «Жеке барып, еркекше сөйлес, болмаса кешірім сұра, көнбесе қалайда көндір. Оған сенің толық қақын бар. Ал батыл болу үшін жүз граммдап сілтеп алуды ұмытпа», – деді. Хамит Дүйсеннің қазір үйінде жалғыз екенін, әйелі мен баласын ауылға шығарып салғанын білетін. Дүйсен өзінің коттеджіне толық жөндеу жүргізіп жатқандықтан әрі бала-шағасы демалыс алып, ауылға кеткендіктен, өзі уақытша пәтер жалдаған. Тосыннан біреу келіп қалмаса, оңаша сөйлесуге нағыз таптырмайтын сәт. Сонда араққа тойып алған Ұланның мұны жолдан тоқтатып, үйге кіріп сөйлесейік деуін Дүйсен басынғандық деп қабылдары да анық. Оның үстіне мас адаммен орынбасарының сөзі жараса қоймайтынын бұл жақсы біледі. Және Дүйсен Ұланды пәтеріне кіргізбесі де белгілі. Сөйтіп, арада шатақ тумағанда қайтеді. Мүмкін Дүйсенді бір жазым қылса, ол осы Ұланның қолынан келер деп пайымдаған. Болмаса, Дүйсеннің өліміне Ұланды кінәлі етудің сәті оңынан туып тұр.
Еденді бар салмағымен нығырлай басып, аракідік палубада теңселген теңізшідей екі жағына қисая беріп, қайта түзеліп кетіп бара жатқан жігіттің артынан қарап қалды. Өзі тіптен көңілді. «Әй, бірақ мынау өздігінен Дүйсенді о дүниеге аттандыра алмас» деп ойлады. Оған «Дүйсенді өлтір» деп кесіп-пішіп айтпағаны да бір есептен дұрыс болған секілді. Алайда, «осы сәтті құр жібермеген жөн» деп іштей ойын түйген Хамит орнынан асыға түрегелді.
***
Басшының алдына кіріп, жеке дара ұзақ сөйлесіп шыққан Ұлан бір ұпайы түгенделгендей, көңілі сәл орнығып қалды. Хамит өзінің орынбасарының айтқанынан шыға алмайтынын, оның шешімі заңды екенін, егер ол шешімді өзгертсе, ұжымда ешқандай тәртіп болмайтынын майдан қыл суырғандай жұқалап жеткізді. «Сен де, ол да еркексіңдер ғой, жеке сөйлесіңдер. Мүмкін бір келісімге келерсіңдер. Ең дұрысы үйіне бар да, сөйлес. Қорықпа», деді. Бұған бұл ұсыныс ұнап қалды. Басшысы, расында, мұның қамын күйттейді екен, ақыл-кеңесін айтып, көмек қолын ұсынып отыр. «Сендей тәуір қызметкерді далаға тастағым келмейді» деген сөзіне іштей риза болды. Тіпті Хамит қазір не істе десе де, орындауға бар еді. Сонау оңтүстіктен келген оны Сарыарқаның саумал қаласы сыртқа тепкендей көрінгенімен, басшысымен арадағы әңгіме барысы көңілге қайта жылылық ұялатты.
Араға күн салмай, Хамит оған Дүйсеннің үйіне кешкісін, тіпті дәл қай шамада оралатынын хабарлады. Айнала көз жетер жердің бәрі көрінеді. Ұлан үйдің кіреберіс есігінің сыртында жанып тұрған шамды бетке алып, жақындап келді. Сол кезде бұрыштан біреудің қараңдаған сұлбасы байқалды. «Сол», деді іштей бұл. Оның жүретін жолы осы деп түсіндірген оған Хамит. Қазір ол ана терезе қатарына таяғанда, бұл оған қарсы жүрмек. Сонда есеп бойынша шамның жарығында екеуі бір-біріне қарама-қарсы ұшырасады, амандасады, сосын міндетті түрде жөн сұрасады. «Оқыған, тоқығаны бар көзі ашық жігіт, кешірім сұрау үшін алдынан өткелі келіп тұрғанымды шын түсінсе, әңгімеміз жарасып кетер» деп ойлады. «Бірақ мұның бәрін қалай түсіндіремін» деп ойлауы мұң екен, қайта қысылды. Дүйсеннен кешірім сұрау туралы директордың өзі айтпағанда, бұл тап осы жерге келмес те еді-ау. Оның үстіне, күзетшіліктің өзіне ұнайтындығы, әсіресе мұндай қызметті табу түгіл, тіпті «екі қолға бір күректі де» ешкім бұған ұстата қоймайтыны, енді осындай сәттіліктен айырылып қалатыны жанын қоярға жер тапқызбады. Мұның емі, директор Хамит айтқандай, Дүйсеннің қолында тұр. Сөйлессе, батылдау болса, бәрі қалпына келеді деп сенді. Алайда, ол оқиғаның шын негізіне келгенде, Дүйсенге тіреліп тұрған ештеңе жоқ екенін, мұның бастауы әріде жатқанын, тіпті оның бұған ешқандай қатысы жоқ екенін, қосақ арасында қоса кетіп бара жатқанын пайымдамады. Сананы тұрмыс билейтінінің нақ көрінісі туындап, жұмыс берушінің қолындағы қуыршаққа айналып шыға келді.
Ал оның жанды қуыршаққа айналатынын алғаш жұмыс іздеп келгенде-ақ Хамит байқаған. Бәрінен бұрын тар қапастың түнек тірлігін көріп келген оның қайта о жаққа аяқ басқысы келмейтіндіктен, не айтса да орындауы мүмкін деп пайымдаған, сөйтіп, « іздеген адамымды таптым» деп түйді. Оған о бастағы ойлаған ісін аяқтайтын адам керек. Сол адам осы Ұлан болатынына көзі жетті. Сондықтан орынбасарының қарсылығына қарамай, Ұланды күзетшілік ауысымның бастығы етіп қойды. Оған Дүйсеннің қарсылығы да керек еді. Шама келсе, екеуінің де адалдықтарын пайдаланып, бір-біріне ит пен мысықтай қылып қойса, мақсатына бір адым жылжи түседі. Ұланның «сотталған» деген айырылмас мөрі бар, Дүйсеннің әр қызметкердің тәртібіне жауап берер орынбасарлық деген лауазымы бар. Осыны алыстан алдын ала орағытып үйлестіре болжаған Хамит ұрлықты да қолдан ұйымдастырды.
Әрине, Дүйсен қанша жерден орынбасар болғанымен, оның да білмейтіні бар еді. Екеуі бірдей «Жас» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін басқарып, қос қожайынымыз деп арқаны кеңге салғанымен, Хамит өз атына бұған еншілес тағы бір серіктестік ашқан. Мұндағы артылған дүниелер көбіне сол бір еншілес кәсіпорынға жылысталып жататын. Есіл-дерті «Жастың» бәсекелестігін арттырып, оның қызмет ету қабілетін күшейту мақсатымен жүрген Дүйсен, шынын айтқанда, ақшаның да соңына жарық күнде шам алып түскен еді. Олар көлемді әрі күрделі құрылыс нысандарын салуға тапсырыс алмағанымен, шағын ғимараттарды тұрғызу мен қайта жөндеу жұмыстарын өндірте жүргізе білді. Соның арқасында бірде-бір тапсырысты кейінге қалдырмай, екеуара бірлескен әрекет арқасында қолдағы күшті тиімді пайдалана отырып, жергілікті әкімдіктің сеніміне кірді. Әкімдік те қиналған шақта «Жасты» тығырықтан шығар тірекке айналдырды. Тепсе темір үзетін жастар жиналған «Жас» ЖШС адам күші, жер телімдері, техника, құрылыс заттары да жетерлік деңгейге өсті. Ал осының бәрін о баста бір кірпіштен бастаған екеуі ғана болатын. Қазір екеуі де енді мұндай ен байлықтан айырылғысы келмейтіні анық. Бірақ осының бәрін өз қолында қалдыру Хамиттің жатса, тұрса арманына айналды. Ойланумен қаншама түндерді ұйқысыз өткерсе де, ол мұның өзге жолын таба алмады. Бар болғаны қарсыласының көзін жою қажет деп шешті. Сонда таласатын заңды ешкім болмайды. Өзі би, өзі қожа дегендей, бар байлықты бір басына жарата алады. Алайда адам өлтіру оңай емес, қайткенде де із жасыру қажет. Әйтпесе ішкені – ірің, жегені – желім болып шыға келеді.
***
– Демек, біз Дүйсеннен құтылудың өзге жолын қарастыруымыз қажет, – деді ол өзінің туған інісінің баласы жүргізуші Досқа сұраулы жүзбен қарап. Алып денелі анау иығын қиқаң еткізді де, үндемеді. Быртиған саусақтарымен рөлді қыса ұстағанда сындырып жіберердей көрінеді. «Соншама қара күшті бір адамға қалайша төгіп бере салды екен» деп ойлады бұл. Оқыған, тоқығаны болмаса да, жүргізуші Достың қайраты бір басынан асып, аңызға айналып кеткен. Сондықтан бұл оны ешуақытта қасынан бір елі тастамайды. Анау да Хамитке жіпсіз байланған өгіздей өңмендеп артынан қалмайды. Бұған қарсы шыққан осы қалай деген небір жігіттерді бір ұрып бүк түсіріп, қайсыбірінің кеңірдегін жұлып ала жаздаған. Ұрса – сұлатады, жағаласқанын жағадан алып тыпырлатпай шөктіріп, табанға бір-ақ салады. Сонан бұған ешкімнің батылы барып, жанына да таяп келе алмайды. Бірақ осындай денелі бола тұра өзі найзағайдай шалт қимылдайды.
– Мынау Дүйсен пәтерінің кілті. Ішке кірген соң жасырынуды ұмытпа. Дүйсен, менің жоспарыма сай, Ұланды пәтеріне кіргізбейді. Ұлан екеуінің араларында сол жерде ұрыс шығуы мүмкін. Содан кейін Дүйсен жалдамалы пәтеріне кештеу кіреді. Ал ертерек келсе, не істеу қажет екенін өзің де білесің. Ең бастысы, ешкімнің көзіне түспеуге тырыс. Сені мұндай іске қатысы бар деп ешкім де ойламайды.
Осылай деген Хамит алдағы орын алар қанды оқиғаны алдын ала көріп отырғандай Досқа не істеп, не қою қажеттігін жарты сағат тәптіштеп түсіндіріп берген. Одан әрі Хамит жолай түсіп қалды да, Дос көлігін гаражға қарай бұрды. Қорқу дегенді білмейтін алып денелі Дос адам өлтіретінін есіне алғанда, кенет тұла бойы сәл дір еткендей болды. Қанша дегенмен, біреудің қанын мойынға жүктеу жақсылыққа апармайтынын ол да болса түсінетін. Бірақ, «Алтын көрсе періште жолдан таяды» дегендей, менің орынбасарым боласың, қалаған көлігіңді мінесің, шалқып-тасып жүресің» деген сөздер көз алдың тұмшалап алды. Қара күштің қарымынан әрі аса алмаған ол байлықты, беделді күш пен қолдағы биліктің арқасында ғана иеленуге болады деп пайымдайтын. Бойында қуаты барында оған және тап осылай көрінетін. Соған жетудің бір ғана жолы – осы деп түсінген ол «нар тәуекел» деді іштей.
Су жаңа қара түсті жалтыраған «джипті» үйдің жанындағы гаражға кіргізіп, айқара ашылатын есігін жауып, құлыптап тастады. Айналасына қарап еді, қарсыдағы көршісі келе жатыр екен. Әуелі өз-өзінен қуыстанғандай болды да, «Мына шалдың мені көргені де дұрыс болды» деп ойлады. Амандасып жатып, хал-ахуал сұрасқан соң жұмыстан бүгін бір ертерек шыққанын, үйге барып демалатынын қосып қойды. Сосын ақырын жүргенде теңселе басатын әдетіне салып, үйреншікті жолымен тарта жөнелді. Біраз жүрген соң үйінен қиыс кетіп, қала шетіне қарай ойысты. Дүйсеннің пәтері тас жол бойындағы жаңа үйде болатын. Хамит берген ашқышты қалтасына қолын сұғып, тағы бір ұстап қойды. «Бұл кілтті қайдан тапты екен?» деп ойлады. Ал Хамит директор ретінде орынбасарына қамқорлық танытып, осы пәтерді Дүйсенге жалға тауып берген. Тегін.
Күн еңкейіп қалған шақ. Күздің қара суығы біліне бастаған. Азынаған жел жұқа киімнен өтіп барады. Үстіндегі жеңіл курткасының кимешегін басына іле салды, мұнысы енді өзін ешкім танымас үшін де ыңғайлы болды. Көше кезбей үйлердің арасымен тіке тартқанда, діттеген тұсына тез жетті. Кіреберісте жан баласы жоқ екен, дәлізге шамның әлсіз жарығы түсіп тұр. Екінші қабатқа жып етіп көтеріліп, қолындағы ашқышты сұғып еді, есік оп-оңай ашыла кетті. Ішке еніп бара жатып, жоғары-төмен тағы бір көз жүгіртті, тым-тырыс. Бейне бір мына үйдің кіреберісі қазір бір сұмдықтың орын аларын білгендей ішіне демін тартып, сазара қалғандай. Ол есікті жапты да, ашқышпен іштен құлыптады. Бірақ бұл пәтердің есігі тыстан құлыпталғанымен, іштен тілі жеткілікті ілінбейтін. Берік құлыптау амалын Дүйсен ғана білетін. Оны Дос аңғарып жатпады, бейкүнә қалыпта кірген ол пәтерден енді қандай болып шығарын да білмеді. Тіпті алда не күтіп тұрғанын да ойламады, ойлағысы да келмеген күйі жарық дүниенің есігін мәңгіге жауып жатқанын да білмеді.
***
– Өй, сен мұнда неғып жүрсің!? – деді бірінші болып тіл қатқан Дүйсен үйдің бұрышынан айнала бергенде қарсы жолыққан Ұланға қолын ұсына беріп. Тура бұрыштағы баған шамының жарығы бұл жерге молынан төгіліп тұр еді. Дүйсеннің жазыңқы қабағы, жылы жүзі анық көрінді. Жақсы бір танысын кездестіргендей күлімдеген оның көзі мұның санасындағы қалғып жатқан түйсікті аяқастынан оятып жібергендей сезілді. Сол-ақ екен, бойын билеген ашу-ыза қолмен сыпырылғандай кенеттен жуаси қалды.
– Өзің тіпті жаурап қапсың ғой, жәй жүрімісің? – деген Дүйсеннің жылы ұшырай сөйлегені енді тіпті үнін шығартпай тастады.
– Ә, мені мұнда сізбен кездесуге Хамит жіберген… – деді де тілін тістей қойды. Бірақ айтылуға тиіс емес сөз оқтай ытқып шығып кетті.
– Хамит?! Оған екеумізді кездестіретіндей не шаруа болып қалды? – деп сұрады таң қалған Дүйсен. Ұлан бұдан әрі не дерін білмеді. Өзі осында келерде батылдық үшін деп біраз ұрттап алған. Іштегі арақтың қызуы әлі қайтпаса да санасындағы бір сілкініс пен Дүйсеннен мүлде күтпеген жылы қабақ қарымы ашуынан түк қалдырмады. Қызметкерлердің Дүйсенді сыйлайтындықтарының бір сыры да оның алдында кім тұрса да, алдымен әр адаммен адам ретінде бірдей сөйлесетін жайлы мінезі еді. Енді байқаса, бұл онымен бірде-бір мәрте кездесіп, осылайша ашылып сөйлесіп көрмепті. Ұланның сенетіні де, шүйіркелесетіні де – Хамит.
– Ол… енді, баяғы жұмыс туралы сөйлес деп еді, – деді ақырын ғана оның көзіне тіктеп қарай алмай.
– Е, жұмыстағы шаруаны жұмыста айту керек. Өзім де сенімен жеке сөйлескелі жүр едім. Ертең жұмысқа соғып кет, – деді. Осы кезде Ұлан жұлып алғандай:
– Жоқ, Дүйсеке, түсінбей қалдыңыз, былай ғой, …мен жасырмай шынымды айтайын ба? – деді ананың бетіне тура қарап. «Мынау өзі қызық болды ғой» дегендей, сәл жымиған Дүйсен бойын тіктей, кеудесін кере тыныс алды.
– Ал айт ендеше, тыңдайық, ол не шындық? – деді сосын жайбарақат үнмен.
Ұлан бір жұтынып алды да Хамитпен екі арадағы жағдайды, өзінің сезіп, білгендерін шамасы жеткенше түсіндіргендей болды.
– Міне, менің кештетіп келгендегі мақсатым осы, енді не істесеңіз де өзіңіз білесіз, – деді басын төмен түсіріп.
Біраз уақыт үнсіз қалған Дүйсен бір кезде терең дем алып:
– Ойпыр-ай, мынауың расында қызық әңгіме болды ғой, – деді айналасына көз жіберіп. Сосын әрлі-берлі қозғала қадымдай басты да, оң қолымен иегін уқалай рахаттана күліп алды.
– Ым, солай де, бұл өзі ұзақ әңгіме екен, қарын да ашып кетті. Ә, онда былай істейік, біздің үйде бәрібір ешкім жоқ. Одан да жүр, мына тұстағы кафеге барып, тамаққа тапсырыс берейік. Сол жерде ашық әңгімені жалғастырайықшы, – деді бір сәт Ұланның алдына қалт тұра қалып.
Іштегі жан қиналысын сәл жеңілдетіп, құпия сырдың бетін ашқан Ұлан енді тап осы жерде қалған жүрек толғанысын да ақтарып салғысы келген еді. Өзі иығынан ауыр жүк түскендей, бойын бір сәт еркін сезіне бастады. Мынаның үйге кірейік дегенінен көрі кафеге барайық дегені тіптен көңіліне жаға түсті.
– Қайда бастасаңыз да, мен барамын, – деді қуанышын білдіре сөйлеп.
Бұл кезде көшенің қарсы бетіндегі ғимараттың екінші қабатында орналасқан кафенің ішінде терезе тұсына жайғасып, бұлардың әр қимылын бақылап отырған Хамит ана екеуі қолтықтаса бері бұрылғанда, жүрегі кенеттен ытқи соқты. «Мүмкін емес! Қалайша?! Мына екеуі дос адамдардай кафеге келе жатыр ғой» деп, асығыс ойлап үлгірген ол шәйін ішпестен орнынан атып тұрды. Қалтасындағы ақшасын санамастан үстел үстіне тастай салды да, сол бойы жүгіріп далаға шықты. Ана екеуі қараңдап жақындап қалған екен, бұған тіпті енді олар құшақтасып алғандай көрінді. Алакөлеңкеде мұны ешкім ажырата алмайтын болса да, бұқпантайлаған күйі ғимараттың бұрышын айналып, артына шықты. «Не боп кетті өзі, енді мына оңбаған бала бәрін бүлдіретін болды-ау?! Бәрін айтып қояр ма екен? Тіпті полицияға хабар беріп жүрмесе… ойбай, енді бұл жерден тез жоғалу қажет» деп асып-сасқан Хамит ұялы телефонына жармасты. Досқа хабар беріп, пәтерден шығарып алу керек, әйтпесе…»
Арғы жағын ойлауға да қорыққан ол ұялы телефонды қолы қалтырай қалтасынан алып, жалма-жан Достың есімін іздеді. Бірақ ол бұл кезде Достың қалта телефонын сақтық үшін әзірге деп ажыратып қойғанын білмеді. Сондықтан бірнеше қайтара телефон шалғанымен, «телефон уақытша сөндірілулі…» деген бір қалыпты жауаптан басқа ештеңе ести алмады. Ақыры бұл да Достың ұялы телефонын өшіріп тастағанын ұқты-ау. Сосын жеделдете басып, көшеге қайта шықты, жұрт аяғы сиреп қалған кез, күн байып, көз де байланып барады. Шағын көшемен әрлі-берлі зулаған көліктердің арасымен өтіп, кіреберіске жеткенде, артына бұрылып қарады. Неге екені белгісіз, тұла бойын өзгеше бір қимастық сезім тұмшалап алды. Қорыққаны ма, әлде біреуді аяғаны ма, әйтеуір бір түсініксіз күй жан дүниесін қаулады. Жүрегі алқына соғып, аузына тығылды. Тұла бойын жеңіл діріл билеп алды. Айналасына жалтақтай қарап, тың тыңдап, есікті енді қаққалы қолын көтере бергенде, қарсы есіктің құлпы тарс етіп, іштен даурыға сөйлеген әйелдің үні мұны жауырынынан ұрып жібергендей одан бетер селк еткізді. Артынша тұтқаны қалай тартып қалғанын да сезбей, ішке допша атылып кірді. Пәтер іші тас қараңғы екен, Хамит түк көрмей қалды. Ішке итпен қуғандай жанталаса кірген адамның кім екендігіне Дос та қарап жатпады. Оның өз міндеті бар еді. Қараңғыға көзі үйреніп, енді тек осы сәтті ғана күтіп тұрған Дос қолындағы балғасын Дүйсеннің қарақұсы осы-ау деп сілтеп кеп қалды. Қарулы қолдың қуатты соққысынан темір балға тиген қауғадай бастың сүйегі қан араласа жаңқадай жан жаққа шашырады. Түсініксіз бір дыбыс шығарған адамның денесі айнала бере есік жақтауына соғылып, еденге гүрс ете түсті. Дос балғаға жұққан қанды өліктің киіміне абайлап сүртті де дәлізге құлақ түрді. Тым-тырыс. Сосын ақырындап есікті ашып еді, дәліздегі сәуле аяқ астына төгілді, одан барып өліктің тура бетіне түсті. Осы сәт мысықша басып, есіктен шығып қалған Дос, неге екені белгісіз, өлікке жалт қарады. Қарады да, айқай сала жаздады. Бас сүйегі жарылып, бетін қан жуған директор Хамит жатыр… Өмірінде бүйтіп үрейленіп көрмеген шығар, не істеп қойғанын табан астында түсіне алмады. Екі көзі шарасынан шыға үрейленіп, есікті де жаппастан, баспалдақпен төмен қарай жүгірді. Санаға түскен сұмдық көрініс аяқ-қолды қалтыратып жіберді. Бойды билеген үрей еңгезердей денені игертпей, аяғы шалысып кетті. Сол-ақ екен, бір бүйіріне қиралаң ете түсті. Сол тайған күйі екпетінен құлап, төмен сырғып берді. Зор салмақтың екпінімен жылжып, кіреберіс терезесінің жақтауынан шығып тұрған үшкір темірге жалтыр төбесімен барып соғылды. Мойыннан төмен жақтағы ауыр салмақ қайран басты жақтауға жаншып барып бір-ақ тоқтады. Үшкір темір сұғылған тұстан қызыл ала қан төмен сорғалай жөнелді. Ал ашық қалған есік табалдырығынан білінген қою қара қан төмендегі Достың денесіне қарай қол созғандай көрінді…