Қызылорда облысының Еуропадағы өнер күндері мәресіне жетті

МАДРИД. 29 наурыз. Қызылорда облысының Еуропа елдеріндегі өнер күндері Мадрид қаласында өзінің мәресіне жетті. Бұл туралы Egemen.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Өнер турнесі алдымен Финляндия және Эстония елдерінде өтіп, соңы Испанияның байтағы – Мадрид қаласында аяқталды. Ол Ұлыстың ұлы күніне арналған концертпен қорытындыланды.
Сапар Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен ұйымдастырылды. Осының арқасында Еуропа жұртшылығы Наурыз мерекесінің тарихи және мәдени маңызы туралы мол ақпаратқа қанықты.
Өнер саяхатының мақсаты да осы, яғни қазақ халқының ұлттық мұрасын әлем жұртшылығына таныстыру, шығармашылық ұжымдармен тәжірибе алмасу болатын.
«Nauryz – Celebration of spring» атауымен өткен концертке көрермен көп жиналды. Онда Қазақстанның Испания корольдігіндегі төтенше және өкілетті елшісі Данат Мұсаев пен Леганэс қаласы мэрінің орынбасары Дэльгадо Карлос сөз сөйлеп, Сыр елінің өнерпаздарына алғыс сезімін жеткізді.
Бай мәдениеті, тарихы және тамаша табиғатымен әйгілі Испания елі өзінің тамыры терең өнерін, ғажайып сәулетін мақтаныш етеді. Қазақтың дәстүрлі музыкасы мен ұлттық өнерінен үндестік тапқандықтан, көрермен қауым сахнада шырқалған ән-жырға, жалпы концерттік бағдарламаға зор қызығушылық танытты. Қызылорда облыстық филармониясының өнерпаздары күн мен түннің теңелетін, күллі тіршілік қайта түлейтін табиғат мерекесінің бар бояуын жарқыратып ұсынды. «Жарапазан» айтылып, қазақтың игі дәстүрімен шашу шашылды. Наурыз-думанның басталғанын «Тойбастар» әнімен көрсетіп, қала тұрғындары мен қонақтарына, диаспора мүшелеріне, қазақстандық және шетелдік студенттерге ұлт қазынасының мол мұрасы туралы мағлұмат берді.
Концертте «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі (жетекшісі – Нұрғиса Нұрбай), Руслан Ахметов, Шолпан Бимбетова, Самал Байсейтова, Ақмарал Ноғайбаева, Марат Сүгірбай, Мұхтар Ниязов, Бағдәулет Қарғабаев, Сымбат Тасбергенова, Мағжан Аманжолов, Ақылбек Табынбаев, Тоқтар Ағыраев, Ақнұр Аманбаева, Сәбит Ділдабаев, Алмас Әлжанов, Заманбек Нысанбаев, Арман Төлеш секілді орындаушылар өнер көрсетті.
Гастрольдік сапарда көрерменге концерттік бағдарламамен қатар, қазақ халқының ұлттық тағамдары ұсынылды. Ұлттық нақышпен безендірілген сый-сияпат та таратылды.