Жаңалықтар жаңғырығыЖаһан

Үшінші орыс-шешен соғысы тұтанып кетудің сәл ғана алдында тұр

МӘСКЕУ. 28 наурыз. Путин мен Қадыров арасындағы келіспеушілік барған сайын тереңдеп, соғыс туып кету ықтималдылығы артып келеді. Бұл туралы Dialog.ua ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

Қазір әлем бұқаралық ақпарат құралдары Үшінші шешен соғысының басталып кету мүмкіндігі хақында жиі сөз қозғап жатыр. Мәтбұғаттар  Солтүстік Кавказда жаңа қақтығыс қаупінің кескін сызықтары пайда болғанын алға тартуда: Кремль мен Қадыровтар кланы арасындағы саяси тартыс Ресейдің өзінде кең ауқымды соғыстың өріс алуына ұласуы мүмкін.

Кремль қожайыны Владимир Путин мен Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров арасындағы саяси қақтығыс жылдам өршіп барады. Сарапшылардың пікірінше, егер шешен кланымен арадағы келісімдер бұзылса, Ресей Үшінші шешен соғысына тап болуы кәдік, ол отаршылдыққа қарсы азаттыққа ұмтылушылық элементтері бар азаматтық соғысқа айналады.

Федералдық үкімет пен Шешенстан арасындағы текетірес баяғыда-ақ сахна сыртындағы тақырып болудан қалған. Ай өткен сайын Мәскеу мен Грозный арасындағы қарым-қатынаста саяси дағдарыс белгілері күшейе түсуде. Сарапшылар ескерткендей, бұл енді тек ішкі ресейлік қақтығыс емес, жарылуға дайын тұрған жүйенің бұлқынысы болмақ.

Ресейлік сарапшы Анатолий Несмиян «Важные истории» басылымына берген түсініктемесінде жаңа шешен соғысының ықтималдығы ешқашан нөлге тең болмағанын баса айтты. Оның айтуынша, аймақтағы бейбітшілік бастапқыда ішкі шешен қақтығыстарының бір жағымен жасалған келісімге негізделген.

Ал егер бұл келісім – Рамзан Қадыров пен оның кланының тұлғасында – жойылса, Шешенстанда жаңа шиеленіс болмай қоймайды. Несмиян бұл қақтығыс өте тез жергілікті шеңберден шығып, толыққанды отаршылдыққа қарсы соғысқа айналады деп есептейді.

Оның айтуынша, Шешенстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынас бұл уақытқа дейін отаршылдықтың жергілікті адал әкімшілікке кең құқық беру арқылы қалыптасқан өзіндік бір үлгісі болып келді. Егер сол бақылау жоғалып кетсе немесе Мәскеудің қолдауынан айырылса, жергілікті билік пен орталық арасында бос кеңістік пайда болады, бұл сосын шешендердің өз бостандықтарын шайқас арқылы заңдастырып алу мүддесі тууына алып барады.

«Важные истории» ресурсының хабарлауынша, Рамзан Қадыров соңғы айларда қызметтен кеткеннен кейін отбасы мен мүлкінің қауіпсіздігіне кепілдік алу үшін Таяу Шығыс елдерінің басшыларымен жасырын келіссөздер жүргізген.

ФСБ мұның іздеріне түсіп, сол байланыстардың жайын анықтаған, осыдан кейін Кремльде бұған қатты тітіркене қараушылық пайда болды. Бұдан Путин тез хабарланды, сыңайына қарағанда, осы дерек олардың арасындағы қатынасқа үлкен жарықшақ түсірген.

Бұған қоса, бұрын «Новая газета Еуропа» жазған Қадыровтың денсаулығының нашарлауы тұрақсыздықты күшейтті: Шешенстан басшысы жұртшылық алдына аз шығады және оның сөздері де едәуір өзгерді. Әлсіз федералды бақылау және басшының ықтимал ауысуы аясында бұрынғы «вертикалды» байланыс кепілдіктері сетінеп бара жатыр.

Егер Кремль мен Грозный арасындағы қазіргі келісім бұзылса, қақтығыстың жаңа кезеңі бұрынғы екі шешен соғысын жай ғана қайталамайды. Ол енді нағыз азаматтық соғыс сипатына ие болады және оған Шешенстанға ғана емес, сонымен қатар бұрыннан бері айтылып келе жатқандай, Солтүстік Кавказдың басқа республикалары да бас көтеріп шыға келулері мүмкін.

Осылайша мемлекеттің ресурстары таусылып, провинциялардың орталыққа деген сенімдері төмендеп жатқанда, Ресейдің өз ішінде жаңа, ауқымды соғысқа түсу қаупі бар.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button