«Қайда барсаң да – Қорқыттың көрі» деген сөздің мағынасы тек өлімді ғана еске салуда емес. Ғалымдар бұл тұжырымның мағынасы тереңде дейді. Соған орай Қорқыттың көрден қашуы ажалдан емес, алдамшы адам ісінен әрі пайдасыз кешкен күннен қашуында екен. Демек, қазіргі еліміздегі сандаған келеңсіз жайға назар салсақ, «Қайда барсаң да, Қорқыттың көрі» деген шарасыздыққа тап боласың. Оның көптігі сондай, қанша айтылса да, кемшілік кернеген істі жаба тоқу жалғаса беретін секілді.
Ал ол нендей кемшілік дейсіз ғой? Ол шешімін табу үшін түпкілікті тиімді шара қолданылмайтындығына байланысты қоғамды ашындыратын кесірлі істер керуені болып тұр. Мұндай кесірлі сипаты мол кемшіліктер өте көп. Сондықтан оларды біртіндеп талдап айту Қорқыттың көрінен сақтандыру. Және ол халық тарапынан болып жатқан кемшілік емес. Халық сенген билік өкілдерінің немқұрайлы іс-әрекетінің нәтижесі көрінеді. Олай демеске не шара? Алдымен бәрін рет-ретімен баяндайық. Мәселен, Президент Үкіметтің өткен кеңейтілген отырысында билік құрылымдарының шынайы жұмысын паш етті. Сонда байқап қарасақ, Үкімет пен әкімдердің жұмыс істеу тәсілі бір ұстанымда емес екен. Жүйелі ұстаным болмаған соң жүйесіздік белең алады. Мәселені жедел шешумен қатар, экономиканың ұзақ мерзімді дамуын қамтамасыз ету өте маңызды дейміз. Осы орайда Президенттің өзі: «Алдағы міндеттерді орындау үшін Үкіметке де, әкімдерге де тиісті құзырет берілген. Алайда бұл мүмкіндіктер көп жағдайда дұрыс қолданылмай жатады. Соның кесірінен реформаларды жүзеге асыру қырқыны бәсеңдеп кетті. Мұндайды доғару қажет» деп қатаң ескерту жасады.
Мәселен, республиканың қай қаласына барсаңыз да, тіпті шағын елді мекендердің өзінде де атойлап алдыңыздан «сақалды құрылыстар» шыға келеді. Бұл нені білдіреді? Сол қаладағы қожайынның осалдығын ба, әлде билік салаларының бір жұдырықтай жұмыла алмаған жүйе тірлігін көрсете ме? Қалай десек те, мұнда жаппай белең алған істің салдарына табылар себеп көп. Ол себептің бастауына жету де мүмкін емес. Себебі (тағы да себеп) нақты қожайын жоқ, яғни есебін сұрар жан жоқ. Ол болмаған соң жауапкершілік те жоқ. Айналып келгенде, келеңсіз істердің қаптауына халықтың өзі кінәлі болып шығады. Бұл орайда Президент: «Бұл салада үлескерлік құрылысқа, ғимараттардың заңсыз әрі орынсыз салынуына, мүлік иелерінің бірлестігін реформалауға қатысты қордаланған мәселелер бар. Азаматтар үнемі шағымданып жатады. Алайда құзырлы органдар әлі күнге дейін тиісті шара қолданбай отыр» деді.
Ал олай болса, билік сүттен ақ, судан таза деуге не кепіл? Мемлекеттің өзі халық. Билік азаматтарының бәрі аспаннан түскен жоқ, сол халық өкілдері. Тек жүйеге еңісімен оның теріс ағасына қарсы жүзуден қалады. Себебі тереңде. Белгілісі – ештеңені өзгерту мүмкін емес. Сондықтан да болар себептің өзімен емес, салдарымен күрес қана жалғаса береді. Бұл орайда өзге қаланы қойып, бас қаламыздың өзінде өткен жылы 76 құрылыс нысанының жұмысы тоқтатылғаны бар. Ал оның алдында қала аумағында 96 құрылыс нысаны рұқсатсыз жүргізілгені де баршаға белгілі. Сонда біреу емес, екеу емес, тіпті он, яки жиырма емес, бақандай жүзге тарта көп пәтерлі құрылыс нысаны рұқсатсыз басталған! Мұны о баста білмеу және көрмеу мүмкін емес еді ғой. Түйедей істі түймедейге теңеп, о бастан елемеудің салдары кейін сан соқтырары сөзсіз. Тек үлескерлер емес, өзгелер де санын соғып жатыр. Оның салдары рұқсат берілмесе де «рұқсатпен» салынып, аяқталмай қалған үйлер мәселесі. Оның сапасы мен қымбаттығы туралы әңгіме басқа. Ғажап! Сонда иек астында қаптаған заңсыздық болып жатса да уақытылы ешкім байқамайды. Тек үлескерлер дабыл қаққанда ғана заң «салтанат» құра бастайды. Әрі-беріден кейін рұқсат берілмеуді белден басудың өзі заңсыздық екенін екінің бірі біледі. Және мұны белден басып отырған жалғыз құрылыс салушылардың сорақылығы емес. Оны ешкім білмеді деу де далбаса. Мәселе, сол заңсыздықтың жолын кесетін, алдын алатын тиісті органдар қайда? Әлде әкімнің де тиісті пәрмен бере алмайтын тұстары бола ма екен?! Бұл орайда науқасты емдей алмаған дәрігердің ісіндей әкім ісі де нәтиже бермейтіндігі ойландырады.
Сонда байыптай қарасаңыз, әкім мен дәрігердің амалы бірдей секілді. Тек айырмашылық – әкімнің әміріне қарай әлі жүреді, ал терапевт дәрменіне қарай науқасты сан салаға жүгіртеді. Сосын соңғы нәтиже адамның өзіне ғана байланысты дейді. Яғни, әгәрки науқастан адам сауығып жатса дәрігер емі шипа болды, ал дәрігер науқас ауруына ем қондыра алмаса, онда сол дертке шалдыққан жаның өз айыбы. Сондықтан қайран науқасқа ауруына мойынсұнбасқа амал қалмайды. Жалпы, бұл сөзіміздің дәлелеліндей, еліміздегі медициналық саланың да оңып тұрғаны шамалы. Өйткені, Президент бұл туралы да: «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің іске қосылғанына бес жыл болды. Содан бері бұл саланың бюджеті 2 есе артты. Биыл 2,6 трлн теңге бөлінеді. Алайда медициналық көмектің сапасы айтарлықтай жақсарды деп айтуға болмайды» деді. Сондықтан бар саланы жайлаған салғырттық салдарының салқының тартып жатқан халық. Өйткені, Үкіметке сенген үлескерлер баспаналы болудың жолын қаржы шамасына қарай белгілі бір тұрғын үй құрылысына құяды, ал алданып үйден де, қаржыдан да қағылып жатса билікке, жалпы мемлекетке сенгендері бекер болды дейді. Алайда сол мол қаржының қолды болмайтындығы үлескерлердің билікке деген жалғыз сенімі болатын. Сондықтан мұндай жағдайға душар ететін істің алдын ала алмаған билікке сенім жоғалса халық қайда барып баспана таппақ? Бұдан шығатын қорытынды: қайда барсаңыз да Қорқыттың көрі демеске не лаж бар, дейді үлескерлер.
Әрине, заңсыз құрылыс салушылар уақыт өте келе ұсталып, қамалып жатқаны да рас. Бірақ бұл әрекет үлескерлердің үмітін және билікке деген сенімді еш ақтай алмайды. Өйткені, дер уақытында заң бұзушылықты құрықтай алмаған және құрылыс салушылардың дәрменсіздігін анықтай алмаған жергілікті биліктің еш айыбы жоқ дегенге кім сенер. Демек мұндай сан соқтырар мәселеге үлескерлерді ұрындырмас үшін не істеу керек? Оның шешімін табар жол қарапайым, бірақ өте сенімді әрі тиімді жол. Бұл мәселе жемқорлықтың көзін тудырмас үшін әр өңірден сайланған Парламент Мәжілісі депутаттарының иығына алдын ала артылуы тиіс. Халық қалаулысы халықтың зардап шеккенін қаламайды ғой. Жұрт әлі солай сенеді. Ал қалайтын болса, онда бұл жасанды тірлік қайталана береді. Сондықтан астында көлік, қолында қауқар, басында қорғаны, сөзі пәрменді депутаттың заңсыздықты болдырмауға, алдын алуға дәрмені жетеді деп ойлаймыз. Сонда олар мұндай шаруаны ынта-жігерімен атқаратын болса «жиналып алып ұйықтап отырады» деген жел сөзден де арылар еді. Қолынан іс келетін, сөзіне билік бас иетін шынымен халыққа жанашыр жандар іріктелген екен деген үлкен сенім пайда болады. Ал халықтың сенімі қайта оралса, ол Жаңа Қазақстанға сөзсіз аяқ басқанымыздың нақты белгісі. Нартәуекел деп, сөзден іске көшетін уақыт келді деген осы.
Сол сияқты қала мен елді мекендердегі тағы бір өзекті мәселеге көңіл аудармаса, қатерлі қауіпке әдейі жол бергендік секілді қабылдануы мүмкін. Ол не дейсіз ғой. Ол – алдыңыздан үйірлі иттер шыға келгенде, шынымен «өлімнен қашқандай» күй кешетін жай. Өзге қалаларды айтпағанның өзінде Астананың қақ төрінде азулы иттер азуын ақситып жүрсе, тіпті бала түгел, ересек адамның өзіне айбат шексе, не дерсіз?! Мектебіне бара жатқан кішкене оқушы қыз балаға осындай үйір иттер шәуілдеп тұра ұмтылғанын көрдік. Көлікпен көше бойлай келе жатқанбыз. Жедел тоқтап, көліктен түсе сала қолға іліккен темір кілтті ұстай айқайлап жүгірдік. Абырой болғанда, ит бізге қарсы шаба алмады, бытырай қашты. Ал ана кішкентай баланың қорыққанынан жан дауысы шықты. Екі көзі жасқа толып кеткен. Сөйлей алмайды, қалшылдап, үрейден дір-дір етіп, мектептегі сабағына бара жатқанын зорға айтты.
Кім болсаңыз да, алаңсыз келе жатқанда, жан-жақтан азуларын ақситып үре шапқан иттерді көргенде өлімнен қашардай күйге түсесіз. Алайда бұл иттердің не жазығы бар? Ит түгел қауқарсыз қалған адам да қанғыбас күйге түседі. Тек айырмашылық – адам біліп істейді, ит білмей істейді. Ендеше мұндай арты өкінішке соқтыруы мүмкін жайдың алдын алмай отырған кім кінәлі? Тіпті мұны аз десеңіз, сол көшеде қаңғыған иттерді ұстап, астаналық кафе, мейрамханаларға етке өткізіп жатқандар бар көрінеді. Бұл не?! Бұл дегеніңіз, талай адамның денсаулығына қауіп төнді деген сөз. Ол жабайы иттердің қандай ару арқалап жүргенін кім білсін. Мейрамханаға бардық, дәмді аспен ауқаттандық, ойдағыдай демалдық деп жүргендер жазылмас дертке душар болса кім кінәлі? Біз қауіп еткеннен соң айтамыз ғой. Қайда барсаң да, Қорқыттың көрі деген осы-ау.
Мұны айтамыз-ау, Астананың ғимараттарымен емес, саябақтармен саялы болып келе жатқанын жасыра алмаймыз. Мәселен, «Жерұйық» саябағы көп қабатты үйлердің тура ортасында орналасқан. Яғни оған адам көп барады. Бұл ауданда «Жерұйықтан» өзге саябақ болмағандықтан, қысы-жазы жұрт үзілмейді. Ал көктем шыға, жазға қарай балалардың ойнайтын, үлкендердің демалатын, жастардың серуендейтін, спорт сүйер жандардың жаттығатын қызу орнына айналады. Сол сияқты аумағы атшаптырым Президент саябағы бар. Кейігі кезде осындай аты дырдай саябаққа барған жұрт аялдайтын, балалар құмартып ойнайтын орамды орындар бой көрсетті. Бүлдіршіндер қызыға сырғанайтын қызылды-жасылды үлкен сырғанақ құрылысы тіптен тартымды. Президент саябағының бір артықшылығы ондағы ағаштар есіл өзенін жағалай бой көтерген. Мұнда адам жасыл желекті исі жұпар ағаштар арасымен серуендеу үшін, өзеннің баяу аққан ағысының көңілге қуат берер демімен тыныстау үшін келеді.
Оның үстіне, кіреберісінде «Спиртті ішімдік ішуге болмайды, итті қыдыртуға болмайды!» деген сияқты ескертулер ілінген. Керемет емес пе! Бірақ солай бола тұра жетекте жүрген иттерден көз сүрінеді. Жетекте жүрген соң олардан ешкім үрке қоймайды. Алайда олар да тірі болған соң тірлігін істейді. Бітеу емес. Тіміскілеп жүріп, кейде ағаштың түбіне барып отырады. Ал сол ағаш, өзге ағаштармен бірге ертеңгі күні жапырағын жайып жайқалған кезде оның түбі күннің көзінен көлегейлейтін және айналасы жасыл шөпке бөленген көрікті жерге айналады. Сонда мұнда серуенге асыққан жандар иттің нәжісімен емес, жасыл желекті таза ауамен тыныстауға келетіні неге ескерілмейді? Бірнеше рет иесіз бос жүрген бірнеше итті кезіктірдік. Мұндай кезде ағаш арасымен алаңсыз жалғыз-жарым серуендеп жүрген жан қашып та үлгіре алмауы мүмкін. Бұған кім кінәлі?
Әрине, мұндай өрескел жағдайды болдырмауға бір амал таппай отырған тиісті өкілетті жандар кінәлі емес дейді. Итте де еш жазық жоқ екен. Демек, адам ғана кінәлі, алайда ол адамдарға еш шара жоқ, өйткені олар лауазымды жандар.
Сәрсенбай (Александр) ЗҰЛҚАРНАЙҰЛЫ,
қоғам қайраткері.
Астана қаласы