Жаңалықтар жаңғырығыСпорт

Қазақ боксшысы Дулат Бекбауов Странджа турнирінің жеңімпазы атанды

СОФИЯ. 12 ақпан. Қазақстандық боксшы Дулат Бекбауов София қаласында өткен түнде мәреге жеткен «Странджа кубогі» халықаралық турнирінде жеңіске жетті. Бұл туралы rast.kz хабарлайды.

Осылайша бізден финалға жеткен екі боксшының бірі жеңімпаз атанып, бірі күміс жүлдені қанағат тұтты.

Әңгімені 51 келіге дейінгі салмақтағы Санжар Тәшкенбайдан бастайық. Өткен жолы жазғанымыздай, оның жартылай финалдағы жеңісі өте солғын болып еді. Ең алдымен Сәкенге ұқсап, арбалған жыландай алаң ортасында ирелеңдеп, аңысын аңдып тұрып алатыны ұнамаған. Сондықтан финалда жарқырап кете қоятынына онша сенген жоқпыз. Солай болды да шықты. Ақтық айқаста үндінің ортаңқол атлеті – Амин Аминнен оңбай ұтылды. Біз бұл додада Ташкентте жасындай жарқылдаған Санжардың көлеңкесін де көре алмадық.

Ал 67 келіге дейінгі салмақтағы Дулат Бекбауов беделді турнирдің алтын жүлдесіне қол жеткізді. Әупірімдеп. Әрең ұтып шықты. Тура жартылай финалдағысындай. Ол өзбек боксшыларындай алып та, шалып та жыға алмады. Шайқастың соңына қарай шаршап қалғаны да анық байқалды. Дегенмен, қарсыласынан ұдайы бір қадам алға түсіп отырғаны оған түпкілікті жеңіс әперді.

Тұтастай айтқанда, біздің жігіттердің турнирдегі жекпе-жектерінің көпшілігі көңілден шықпады. Бұған кейбір спорт жанашырларының бұл жарысқа құраманың негізінен екінші құрамы апарылғанын алға тартатын шығар. Бірақ мұнда Санжар Тәшкенбай, Дулат Бекбауов, Тұрсынбай Құлахмет, Нұрқанат Райыс тұрғанда, бұлай деп кесіп айту әділдікке жатпайды. Ал Софияға 19 боксшысын алып барған Өзбекстан терме жамағатының сапында екінші тұрмақ, тіпті үшінші нөмірлі боксшылар болды. Солар жүдә жүлдені былай қойғанда, турнирдің жеңімпаздары болып та қайтты.

Тағы бір әңгіме. Біздің пабликтердің көбі бұл турнирді «кіші әлем чемпионаты» деуден бір жалықпады. Рас, кезінде солай аталған Германиядағы Галле турнирі тоқтап қалғаннан кейін, «Странджа Кубогы» жарысын солай атау үрдіске енді. Алайда дәл осы жолы бұл турнирді «кіші әлем чемпионатына» теңеу мүлде әбес. Жаһанның спорт державаларының аса басым көпшілігі қатыса қоймағандықтан, онда «кіші чемпионаттың» жұрнағы да болған жоқ. Тіпті, Қытай сияқты елдер өте шағын құраммен келді. Ал сонау мұхиттың арғы бетіндегі Куба мен Бразилияны, АҚШ пен Канаданы, Венесуэла мен Доминиканды, Азиядағы Корея мен Жапонияны, Таиланд пен Жаңа Зеландияны былай қойғанда, бокста өзіндік терең дәстүрлері бар Англия, Германия, Венгрия, Италия, Польша, Чехия, Испания, Сербия, Румыния, Финляндия, Дания секілді Еуропа елдерінің бірде-біреуі мұнда төбе көрсеткен жоқ. Тіпті Болгарияның дәл іргесіндегі елдер де келе қоймады. Ол соншалықты беделді турнир болса, ұйымдастырушылар Украинаның – 21, Өзбекстанның – 19, Сакартвелоның 14 боксшымен келулеріне рұқсат беріп, жарысты атқораға айналдырып жіберуге көнбес еді.

Сондықтан бұл жолы жалпы командалық есепте кімнің қандай орын алғанын айтып әуре болып жатпаймыз. Ол әділетсіздік болар еді.

Техникалық мәліметтер

Финал. 11 ақпан. 48 кг. Анварджан Ходжаев (Қырғызстан) – Барун Сингх Шаголшен (Үндістан) 4:0. 51 кг. Амит Амит (Үндістан) – Санжар Тәшкенбай (Қазақстан) 5:0. 54 кг. Хужаназар Нортоджиев (Өзбекстан) – Ясен Радев (Болгария) 3:2. 57 кг. Сачин Сачин (Үндістан) – Шахзод Музафаров 5:0. 60 кг. Абдумалик Халоков (Өзбекстан) – Асрор Вохидов (Тәжікстан) 5:0. 63,5 кг. Радослав Росенов (Болгария) – Адхам Мухиддинов (Өзбекстан) 4:1. 67 кг. Дулат Бекбауов (Қазақстан) – Пажат Пажат (Үндістан) 3.2. 71 кг. Икболжон Холдаров (Өзбекстан) – Мохамед Махелауф (Алжир) 5:0. 75 кг. Жавохир Имматалиев (Өзбекстан) – Уильям Чолов (Болгария) 5:0. 80 кг. Тоқтарбек Таңатқан (Қытай) – Кристиан Николов (Болгария)4:1. 86 кг. Богдан Толмачев (Украина) – Павло Мичковский (Украина) 5:0. 92 кг. Георгий Кушиташвили (Сакартвело) – Ваган Наницанян (Грекия) 5:0. +92 кг. Жахонгир Зокиров (Өзбекстан) – Йордан Норежон (Болгария) WO.

 

 

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button